Ертең Түркістанда Hazret Sultan Airport әуежайы ашылады
Ертең Түркістанда Hazret Sultan Airport әуежайы ашылады
1 желтоқсанда Түркістандағы Hazret Sultan Airport халықаралық əуежайында алғашқы рейс ашылады, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайты.
Ашық аспан режимінде жұмысын бастап, географиялық ауқымын кеңейте түсетін əуежай бірінші болып отандық FlyArystan лоукостерінің Нұр-Сұлтан – Түркістан бағытында жолаушыларын қабылдайды. Ал 5 желтоқсаннан бастап Алматы қаласына рейстер ұшады.
Түркістан - күллі түркі əлемінің рухани орталығы, тарихи жəне қазіргі архитектура тоғысып, үйлесім тапқан мəдени феномен. Бүгінде Мəдениет жəне спорт министрлігі қаланың мəдени жəне туризм саласындағы əлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Түркістан үнемі туристер үшін қызық мекен. Бұл өңірде Қожа Ахмет Яссауи, Есім хан, Рабиға сұлтан бегім, Арыстан-баб кесенесі, Отырар жəне Сауран қаласы сынды бірегей нысандар бар. Сонымен қатар XVI - XVIII ғасыр аралығында Түркістан астана болғанда бұл жерде қазақ халқы тарихындағы тағдыршешті шешімдер қабылданып, хандар сайлауы өткен.
2018 жылы 19 маусымда ҚР-ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен Түркістан облысы құрылды. Осы арқылы Елбасы өңірдің қарқынды дамуына жаңа серпін берген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы тарихи-мәдени нысандарды сақтау, қалаға жаңа инновациялық технологияларды дамытуды үнемі айтып келеді. Бүгінде құрылыс жұмысы қайнаған қалада көрікті ғимараттар қатары көбейіп, тарихи келбетпен үндестік тауып жатыр. Қазір Түркістанға тек отандастарымыз ғана емес, шет елден де туристер көптен келеді.
«Түркістан күн сайын түрленіп, құрылыс жұмыстары қарқын алып келеді. Осы ретте тарихи-мəдени сипатқа басымдық беріп, көптеген мəдениет, спорт нысаны салынды, туризм инфрақұрылымына назар аударып жатырмыз. 120 адамға арналған Rixos Turkistan жаңа қонақ үйі, «Түркістан-Арена» көп функционалды стадион мен «Конгресс-холл» көп функционалды концерт залы пайдалануға берілді. Келесі жылы тағы 120 адамға арналған Hampton by Hilton қонақүйі мен көп функционалды Керуен-Сарай туристік кешен ашылады», - дейді Ақтоты Райымқұлова.
Мəселен, енді ашылған «Түркістан» сапар орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес туризм саласына жағдай жасалуда. Арнайы ақпарат беру нысандарынан туризм бағдарлары жайлы толық ақпарат алуға, экскурсияға тапсырыс беруге, музей экспонаттарымен танысуға, жергілікті қолөнер шеберлерінің туындыларын көруге болады. Туристер жиі келетін жердің бірі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Қазір кесене аумағында қолөнер шеберлері, шығыс базары, дəстүрлі тағамдар дайындайтын асхана, ұлттық ойын жəне атқа міну алаңы бар Этноауылды атап өтуге болады.