Жазасын өтеп жатқан орыс баласы домбыра тартуды үйренген

Жазасын өтеп жатқан орыс баласы домбыра тартуды үйренген

Жазасын өтеп жатқан орыс баласы домбыра тартуды үйренген
ашық дереккөзі
Елімізде өзге ұлт өкілдерінің домбырамен күй тартып, домбыраға қосылып қазақтың әнін шырқауы бүгінде соншалықты таңсық нәрсе емес, бірақ темір тордың аржағында отырып домбыра үйренуге құлшынуы ерекше жағдай. 50 жастағы Александр Скрыль есірткі сатқаны үшін  Қарағанды ​​облысының қауіпсіздігі жоғары түрмесінде жазасын өтеп жатыр. Жаза басып істі болам дегенше музыкамен шұғылданған. Еркіндікте жүргенде он үш жылдай дыбыс режиссері болып жұмыс істеген. Сондай-ақ ол салтанатты іс-шараларда өнер көрсеткен, концерттер қойып, қарағандылықтарға танымал болған. Есірткі заттарды сатқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабымен бойынша 11 жылға сотталған музыкант бүгінде колониядағы клубтың көркемдік жетекшісі. Осындағы концерттер оның қатысуынсыз өтпейді. Қазір ол жазасының 8 жылын өтеген. Өзінің айтуынша, темір тордың аржағында отырып музыкамен шұғылданамын деп үміттенбеген. Бірақ ол өзі қамалған жердегі клубтың барын көргенде сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік барына қуаныпты. Қазір Александр өзінің музыкалық шеберлігін белсенді дамыту үстінде, бостандыққа шыққан соң дыбыс режиссері ретінде қайтадан сүйікті кәсібімен айналыспақшы. Ютуб арнасында жарияланған бейнежазбада Александр Скрыль: «Бұрын менің сүйікті аспабым гитара болатын. Қазір қазақтың ұлттық аспабы домбыраны үйреніп жатырмын. Оны маған осындағы сотталушының бірі үйретті», − дейді. Сөйтіп ол домбырамен Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы жырын» және «Ата толғауы» күйін шертіп көрсетеді. Тағдырдың тар соқпағында табаны тайып, түрме дәмін татқан өзге ұлт өкілдері де домбыраны жанына серік қылып одан жұбаныш тауып жатса, оны тек жақсылыққа жоруға болар.