Junior Eurovision: Қарақат Башанова екінші орын алды
Junior Eurovision: Қарақат Башанова екінші орын алды
Junior Eurovision XVIII ән байқауында Қазақстан намысын қорғаған Қарақат Башанова екінші орын алды. Ол бұл байқауға «Forever» әнімен қатысты.
Францияның атынан қатысқан Валентинаға бірінші орын бұйырса, үшінші орынды испаниялық Солеа иеленді.
2020 жылғы Junior Eurovision байқауына Беларусь, Франция, Грузия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Ресей, Сербия, Испания, Украина, Польша және Германия елдерінің өкілдері қатысты.
Пандемияға байланысты тікелей эфир кезінде шоу жүргізушілері Польшада болды. Еуропалық хабар тарату одағы (ЕВС) биыл жыл сайынғы «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауының финалы жаңа форматта ұсынылатынын жариялады. Бұл шешімнің басты себебі – COVID-19 пандемиясы. Барлық финалистердің денсаулығын сақтау мақсатында байқауда орындалуға тиісті әндер сайысқа қатысушы елдің жергілікті студиясында орындалды.
Айта кетейік, ересектер арасында өтетін «Евровидениенің» тағы бір айырмашылығы, Junior Eurovision ән байқауына қатысушы елдерге өз өкілдерін қолдауға рұқсат етіледі.
18-ші Junior Eurovision ән байқауының жеңімпазы қазылар алқасының дауыс беруі және онлайн-дауыс беру арқылы анықталды. Дауыс беру жүйесі дәстүрлі негізде: 50% қазылар алқасының шешімі және 50% онлайн дауыс беру нәтижесіне байланысты.
Еске сала кетейік, 26 қыркүйекте өткен ұлттық іріктеу финалына еліміздің түкпір-түкпірінен келген он екі бала қатысқан еді. Олардың арасында Алматы облысы Рысқұлов ауылынан келген Қарақат Башанова жеңіске жетті.