Қазақ хандығы дәуірінің ұлы жырауына лайықты құрмет көрсеттік пе...
Қазақ хандығы дәуірінің ұлы жырауына лайықты құрмет көрсеттік пе...
Мемлекетті мемлекет ететін идеология болса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның талассыз негізі 15-ғасырда құрылған Қазақ хандығының идеологиясын жүргізген тұлғалардың негізгілері − ақындар. Соның бірегейі − Қазтуған жырау Сүйінішұлы.
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек окқа кіріс-ті,
Айдаса − қойдың көсемі,
Сөйлесе − қызыл тілдің шешені,
Ұстаса − қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер атты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлұт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын бұзып өтіп дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған!!! − деп өзі туралы асқақ сөйлеген Қазтуған 1420 жылы бұрынғы қазақ жері, бірақ кеңестік кезеңдегі қызыл саясат зорлығымен көршілерге өтіп кеткен бүгінгі Астрахан облысындағы Красный Яр қаласының маңында жарық дүние есігін ашқан. Халық арасында «Қарға бойлы Қазтуған» атанған ол XV ғасырда әскербасы болған батыр жырау. Еділ бойындағы Ақтума, Бозан деген дерлерді қоныс қылған ол, жан-жағын орыс басып, қоныстанып қала сала бастағанда:
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт, − деп туған жерімен қимай қоштасып, осыдан 555 бұрын іргесі енді қаланып жатқан Қазақ хандығына көшіп келіп, сол елді сөзімен де, қаруымен де қорғауға бар өмірін арнаған. Міне сондай алапат ақын, жаужүрек батыр Қазтуғанның биыл 600 жылдығы еді. Атап өтуге тұрарлық дата ма? Әрине! Бірақ бірен-саран майда-шүйде шаралар өтті демесек, мемлекеттік дәрежеде белгіленбегесін жұрттың көбі даңқты жыраудың бұл мерейтойын білмей де қалды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның тақыр жерден шықпағанын әйгілеп тұратын Қазақ хандығының тарихи маңызын санаға сіңіреміз десек, сол мемлекетке еңбегі сіңген Қазтуғандай ұлы жырауға лайықты құрмет көрсетуміз қажет еді ғой...