Ұлылар естен шықпауы тиіс еді...

Ұлылар естен шықпауы тиіс еді...

Ұлылар естен шықпауы тиіс еді...
ашық дереккөзі
  Әр жылдың өзінің ерекшелігі бар, соның ішінде атақты адамдардың мерейтойларының тойлануы да өз алдына бір қызық. Өйткені көп жағдайда осындай мерейтойлар тұсында ұлы тұлғалар жайында тың деректер жарияланып, жұртты қызықтыратын түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылады. Биыл түркі халқынан шыққан ұлы тұлғаның бірі Жүсіп Хас Хажып Баласағұнның туғанына 1000 жыл толды. Ол 1020 жылы Баласағұн қаласында дүниеге келген. Ең әуелі туған қаласы Баласағұнда, соңынан Қашқарда білім алды. Философия, математика, медицина, астрономия, астрология, әдебиет, тіл білімі, т.б. ғылым салаларына үлес қосқан. Солай да болса оның есімін әлемдік әдебиет пен мәдениет тарихында қалдырған ұлы еңбегі − «Құтадғу білік» («Құтты білік») дастаны. Авторы Қарахан мемлекетінің сол кездегі билеушісі Табғаш Қара Арслан Боғраханға тарту еткен «Құтты білік» дастаны түркі әлемінің ортақ қазынасы, ортақ мақтанышы. Түгел түркінің ұлы перзентінің 1069-1070 жылдарда Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған бұл дидактикалық дастаны Қарахан түркілері тілінде жазылып, онда ел билеушілер − патшалар мен уәзірлердің, хан сарайы қызметкерлері мен елшілердің, әскербасылар мен нөкерлердің, қарапайым халық өкілдері − тәуіптер мен аспаздардың, диқандар мен малшылардың, т.б. болмысын сипаттап, олар туралы ойларын айтқан. Бұл еңбегі үшін Қарахан мемлекетінің басшысы Жүсіпке «хас хажип» (бас уәзір) деген атақ берген. Несін жасырамыз, бір кезде бір халық, бір ел болған түркітектестер бүгінде бірнеше ұлтқа айналып, бірнеше мемлекет құрғалы бұрында ортақ тұлға ретінде дәріптелетін ұлыларды әркім өзіне қарай тарту әдеті пайда болды. Жүсіп Баласағұн да сондай рухани көкпарға түскен тарихи тұлғаның бірі. Жүсіптің кімге тиесілі екенін анықтау үшін Баласағұн қаласының қай жерде болғанын анықтау керек еді. Бұл жайында белгілі тарихшы, археолог ғалым Уахит Шалекенов 2015 жылы «Түркістан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында былай деген еді: «Кезінде В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, М.Тынышбаев сияқты кісілер бұл қаланың дәл қай жерде екенін анықтауға талпыныс жасаған. Баласағұн қаласы 4-5 мемлекетке: Түркеш (Сарыүйсiн), Қарлұқ, Қарахан және Қарақытайға (Қарақидан) астана болған қала. ХІV ғасырдан бастап бүлініп, тарих сахнасынан түсіп, оның аты да, тұрған жері де жоқ боп кеткен. Ұмытылған. Тек ХХ ғасырдан бастап қана ғалымдар оны іздей бастады. Әркім әр жерден іздеді. Л.Н.Бернштам деген ленинградтық ғалым арнайы экспедициямен келіп, Қырғызстанның Тоқмақ деген қаласының маңындағы орта ғасырлық шағын Ақбешім атты көне қаланың орнын шұқылап, әр жерден бір қазып, табылған азын-аулақ нәрсеге қарап шәкірті Кызласов екеуі «Баласағұнды таптық!» деп айқайлатып мақала жазып, көпшіліктің назарына ілікті. Бұл 1950 жылғы әңгіме. 1954 жылы Л.Н.Бернштам қайтыс боп кетті де, шәкірті Кызласов әлгі қаланың орнын тағы 5 жылдай қазды. Кең көлемде қазу жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде кітап жазып, сол кітабында «Ақбешімнен табылған археологиялық заттар Баласағұнның өмірін сәулелендіре алмайды. Баласағұнның гүлденген дәуірі – ІХ-Х ғасырлар, қараханидтер кезеңі. Ал бұл жерде оның белгілері жоқ, сондықтан мен бұрынғы пікірімнен қайтамын. Ал, қырғыз тарихшылары Баласағұнды басқа жерден іздегені жөн», – деп бір кезде ұстазы Бернштам екеуі жасаған мәлімдемесінен бас тартатындығын білдірді. Ақбешімнен 7 шақырым қашықтықта Борана деген қаланың орны бар, сонда қараханидтер дәуірінен қалған мұнара бар, біршама дұрыс сақталған. Соған қарап енді «Баласағұнның орыны осы Борана» деп айта бастады кейбір археологтар. Бірақ Ақбешім сияқты Борана да астана болған қалаға ұқсамайды. Көлемі шағын. Одан табылған материалдар да оның Баласағұн екенін дәлелдей алмайтыны анық. Ал нағыз Баласағұн – Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бұрынғы Калинин колхозының жеріндегі Ақтөбе деген қала боп шықты. Біз бұл жерге 1974 жылдан бастан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Негізінде біз қазба жұмыстарын бастағанда Баласағұн қаласын табамыз деген ойда болған жоқпыз. Біздің университетіміздің (ҚазМҰУ) студенттеріне археологиядан практикалық жұмыс жүргізуге арнайы база керек болды. Ректорымыз Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков: «Қазба жұмыстарын жүргізуге база болатын қала табыңыз, министрлік бізге сондай тапсырма беріп жатыр», – деді. Содан соң мен осы қаланы тауып, таңдағанымды ол кісіге айттым. Ректорымыз менің ұсынысымды құптап, жәрдем берді. Сөйтіп алғаш рет студентерді осы қалаға алып келіп, қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Факультет деканы ретінде өзім басшылық жасадым. Содан бері қазып келе жатырмыз. Бұл өте үлкен қала. Қырғыз жеріндегі қалалар бұның баласындай. Бірде мен осы маңдағы тұрғындардың бір басқосуында болып, сонда Баласағұн туралы әңгіме қозғап, Махмұд Қашқари «Баласағұн қаласы маңында Әулиетау, Бақыртау деген таулар, Жонарық деген жайлау бар» деп жазып кеткен екен десем, тұрғындар: «Олардың бәрі осы маңда ғой», – деп таң қалдырды. Оның үстіне біз жүгізген қазба жұмыстарында табылған нәрселердің бәрі Баласағұнның өмірін сәулелендіреді. Қараханидтердің гүлденген дәуіріне тиісті мәдени орындар осында: монша, сарай, патшаның тұратын алаңы т.б. Бұның бәрі жердің бетінен 25 метрдей биікте жатыр. Құм басып, жұмыр төбеге айналған. Соның бәрін аршып, алаңды шығардық. Алаңға қыш кірпіш төселген. Олар жарылып, бүлінбейді. Қатты, сынса бірден сынып кетеді. Содан соң су құбыры, кәріз шықты. Үйлердің орны, минареттер табылды. 2009 жылдан бастап Мәдениет министрлігі тарапынан реставрация институтына әр жылда бірнеше миллион теңге бөлініп, олар біз қазған жерлерде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр». У.Шалекеновтің сөзі дәлелді. Оны өзге ғалымдар да қолдаған. Демек, әлем ғалымдары энцилопедиялық дастан деп баға берген «Құтты білік» дастанының авторының кіндік қаны Ұлы Далада тамған деп батыл айтуға болады. 1891-1900 жылдары «Құтты білікті» түпнұсқа күйде неміс тіліне аударысымен қоса жариялап, әлемге танытқан түрколог ғалым В.Радлов еді. 1896 жылы К.Керимовтің тәржімесімен өзбек тілінде жарияланды. 1971 жылы атақты аудармашы Н.Гребнев, 1983 жылы С.Иванов орыс тіліне аударып шығарды. Ал ақын, ғалым Асқар Егеубаевтың қазақшалаған «Құтты білік» 1986 жылы басылып шықты. ТҮРКСОЙ шешімімен 2016 жылдың түркі әлемінде «Жүсіп Баласағұн жылы» деп жарияланған еді. Ал биылғы 1000 жылдығы ондай дәрежеде белгіленбегені көңілге аздап кірбің түсіретіндей жағдай. Бұған әлі күнге «Жүсіп Баласағұн қай ұлтқа тиесілі» деген түркі халықтары арасындағы тартыс та себеп шығар. Бірақ бүгінге дейінгі мәліметтердің ішінде Баласағұн қаласының қазақ жерінде болғанының дәлелденуі, сол сияқты «Құтты білік» дастаны тілдік жақын қазақ тіліне өте жақын екені, онда қолданылған тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдердің қазіргі қазақ тілінде кездесуі бізді дұрыстап ойландыруы тиіс. Демек, биыл туғанына он ғасыр толып отырған Жүсіп Хас Хажып Баласағұнның мерейлі мерекесі Қазақстанда мемлекеттік дәрежеде тойланғанда оны ұлы жерлесіміз деп айтуға толық моралдық құқымыз болар еді...