Отандық PR жөнінде онлайн декада

Отандық PR жөнінде онлайн декада

Отандық PR жөнінде онлайн декада
ашық дереккөзі
23-27 қараша аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен PR декада апталығы өтті. Декада барысында Қазақстан Баспасөз клубының президенті Әсел Караулова, «PR-шы» клубының  президенті Татьяна Шевченко, «Қазақ радиосының» директоры Дулат Абибуллаев,  «PR-шы» клубының  вице-президенті Айбар Олжаев сияқты елімізге белгілі PR мамандардың студент жастарға шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Апталықтың мақсаты -  PR саласындағы ғылыми және практик мамандардың диалог алаңында өзара пікірлесіп, келешекте бірлесе  етуге мүмкіндік жасау. Декаданың соңғы күні қорытындысы ретінде  «Қазақстандағы PR: білім беру, тәжірибе алмасу моделі» атты халықаралық онлайн ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференция жұмысы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған онлайн конференцияға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің ғылым және инновация жөніндегі проректоры Гүлнәр Мерзадинова, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, АҚШ-тың Лос-Анжелес қаласынан музыкатанушы-ғалым Карине Атоян, Академик Ф.М.Решетнев атындағы Сібір Мемлекеттік университетінің Қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Алексей Михайлов (Красноярск), Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті Жарнама ісі және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Бегайым Максутова, Манас атындағы Қырғыз-Түрік университетінің Қоғаммен байланыс және жарнама кафедрасының ғылыми қызметкері Мээрим Артышева, Халықаралық PR және Медиа агенттігінің бас директоры Бақыт Шойымбек, «Атырау» телеарнасының директоры Қанат Әуесбай, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қабыл Халықов, ҚР  Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігі академиясының доценті Қыдырбек Әлқожаев, ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Оңайгүл Тұржан, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі Жанар Рамазанова және т.б. ғалымдар, PR мамандар баяндама жасады. Конференция жұмысына БАҚ өкілдері, жетекші PR мамандар, шетелдік ғалымдар,  Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университеті, Қаржы академиясы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен магистранттары, студенттері және Қызылорда облысы. Жалағаш ауданының әкімдік қызметкерлері қатысты. Сондай-ақ,  пленарлық мәжіліс барысында Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиевтің 50 жылдық мерейтойына орай құрмет көрсетіліп, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың алғыс хаттары мен басқа да ұйым басшыларынан келіп түскен арнайы құттықтаулар табыс етілді. Конференцияны қорытындылаған факультет деканы Қайрат Сақ ғылыми шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған және модератор болған Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазыға, декадаға атсалысқан кафедра ұжымына және конференцияны орыс, ағылшын тілдерінде жүргізген аға оқытушы Дана Байғожинаға ерекше алғысын білдірді.