Генерал Б. Жанасаев: Елбасының сенімінен асқан жауапкершілік жоқ
Генерал Б. Жанасаев: Елбасының сенімінен асқан жауапкершілік жоқ
Құқықтық тәртіп әскерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сенім артқан сардарлар аз емес. Олардың әр қайсысының өз орны бар. Десе де, өмірлік тәжірибесі бай, Елбасының сенімін ақтағандар қатарында бұрынғы Ішкі әскерлердің Қолбасшысы генерал-лейтенант Болат Бақытжанұлы Жанасаевты ерекше атап өткенміз жөн. Сонау тоқсаныншы жылдардың басынан әскер мен ел басшылығына етене араласқан сардардың газет оқырмандары үшін де айтары мол болып шықты.
Бүгінде Болат Бақытжанұлы құрметті еңбек демалысында. Солай десек те, әскер өмірінен қол үзген емес. Үнемі Ұлттық ұланның үлкенді-кішілі жиындарына келіп, жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып тұрады. Осы жолы да 1-желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мерекесі қарсаңында Елбасы Н. Назарбаевпен болған кездесулерді айтып беруді өтінгенімізде, ерекше ықылыспен келісімін берді. Себебі, Елбасының ұлттық әскерді құрудағы орнын бір адамдай білсе, Болат Бақытжанұлы білер.
– 1990 жылы Қаракемер кентіндегі КСРО ІІМ Орталық Азия және Қазақстан бойынша Ішкі әскерлер Басқармасы оқу полкінің командирі болып тағайындалдым. Сол жылдары әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, оқу базасын жетілдіруге атсалыстым. Маған жоғары басшылық сенім артып, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа үміткер болуды ұсынды. Мен аудан тұрғындарымен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргіздім. Халық қолдап, депутат атандым. Елбасын алғаш рет депутат атанған кезде көрдім. Мен мінберге көтеріліп, әскери қызметшілердің жағдайы туралы баяндама жасадым. Менің баяндамам дұрыс болуы керек, Елбасының өзі «Міне, көрдіндер ме, депутат мырзалар?! Әскерилердің жағдайын дұрыс көтеріп жатыр, назар аудару қажет», - деп сөзімді қостады. Сондай-ақ, 1991 жылы 1-желтоқсанда Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың толықтай қолдауымен еліміздің Тұңғыш Президенті болып сайланды. Біз бір топ депутаттар және Шекара әскерлерінің бұрынғы Қолбасшысы генерал-лейтенант Болат Сейтқазыұлы Зәкиев екеуміз Тұңғыш Президентті құрметтеу салтанатына қатыстық. Тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш сайлауында жеңіске жеткен біртуар перзентіміздің халықтық жеңісіне осылай кәу болдық. Кейін еліміздің Парламентінде алғашқы рет Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті құрылды. Сол кезде барлық күш-құрылымдарға қатысты алғашқы заңдар қабылданды. Біз халықаралық тәжірибені ескере отырып, еліміздің Қарулы Күштері, құқықтық әскері, қауіпсіздік пен құқық қорғау органдарының алғашқы заңдарын қабылдадық. Бір байқағанымыз, Елбасы еліміздің әскеріне үлкен назар аударып, қамқорлығын танытты. Сол тарихи 1992 жылы тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш құрылған ҚР ҰҚК, ҚК, ІІМ алқалы кеңестеріне өзі қатысты және барлық мәселені өзінің қамқорлығына алатынын айтты. Елбасымыз әр кезде сөзіне берік, бір айтқанын ұмытпайтын тұлға және өзі сенім артқан адамдардан да жоғары жауапкершілікті талап етеді.