Жаңалықтар

Ұлыбританиядағы Еуроодақтан шығудың тартысы...

ашық дереккөзі

Ұлыбританиядағы Еуроодақтан шығудың тартысы...

Кәрі құрлықта биыл өтетін сайлаулардың ішіндегі ең сүбелісі де, салмақтысы да – Біріккен Корольдікте өтетін парламент сайлауы. 7 мамырға белгіленген доданың үгіт-насихат науқаны қаңтар айында басталған еді. Бірақ сайлауалды науқанның көрігін қыздыратын телесайыс әлден-ақ өткізіле бастады. Батыстық қолданбалы демократияның соңғы ширек ғасырдағы тәжірибесіне жүгінсек, телесайыстар – дауыс берудің нәтижесін айқындайтын басты тетіктердің бірі. Оның үстіне, бұл жолғы телесайыс «Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыға ма, жоқ па?» деген өзекті мәселеге арқау болды.

Қаңтар айында BBC телеарнасына берген сұхбатында Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Еуроодақтан шығу мәселесін референдумға шығаруға асық екенін мәлімдеген. Осылайша, биылғы сайлауалды науқанының басты тақырыбы – Еуроодақтан бөліну екені айқындалды. Бұл референдумды күн тәртібіне қою арқылы Британ үкіметі Еуроодақты миграциялық заңдарды күшейтуге итермелеуді көздейді. Бұл мәселенің пікірталас қақпақылына айналуына қоғамдық пікір түрткі болды. Былтыр желтоқсан айында жүргізілген сауалнама нәтижесіне жүгінсек, британдықтардың басым көпшілігі Еуроодақтан шығу мәселесін қолдайды.

Яғни, қазіргі кезде Ұлыбритания Еуроодақ құрамындағы басқа елдерден келетін мигранттарды ағылшын жәрдемақы төлеу жүйесінен шығаруды көздейді. Егер Еуроодаққа мүше мемлекеттер бұл шектеулермен келіссе, онда Ұлыбритания одақ құрамында қала бермек. Бұл мәселені Кэмерон Германия канцлері Ангела Меркельмен талай рет талқыға салған. Бірақ неміс канцлері Еуроодақ аумағындағы жұмыскерлердің еркін қозғалысына шектеу қоюға қарсы екенін ашық танытып келеді.

Шын мәнінде, Біріккен Корольдік үшін мигранттар тақырыбы күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелердің біріне айналды. Былтыр Еуропарламентте мерейі үстем болған британдық Тәуелсіздік партиясы (UKIP) миг­рацияны күрт шектеу қажеттігін ту етіп көтерген болатын. Енді бұл партия мамыр айындағы сайлауда ағылшындардың 25 пайызының қолдауына ие болуы мүмкін деген болжам айтылуда. Бұл дегеніңіз, ежелден бақас екі іргелі партия таяу болашақта үшінші елеулі күш – Тәуелсіздік партия­сына Британ парламентінен ығысып орын беруі мүмкін деген сөз. Егер аталмыш партия айтарлықтай жеңіске жете алса, болашақта коалициялық үкімет құрамына кіріп, Еуроодақтан шығу мәселесін тезірек шешуге үлес қосатыны анық.

Алдағы сайлауда оншақты партия додаға түседі. Бұған дейін екі партия ғана басымдыққа ие болып келген британдық саяси жүйе енді өзгеріске ұшырауы мүмкін. Былтыр қараша айында жүргізілген сауалнама нәтижесіне сәйкес, лейбористердің ел ішіндегі беделі біршама төмендегені, бар болғаны 29 пайыз құрайтыны анықталған. Ал қазіргі премьер-министр Дэвид Кэмерон басқаратын консерваторлар 32 пайыздық көрсеткішке ие болған.

Кезінде Уинстон Черчилль, Маргарет Тэтчер секілді танымал саясаткерлер шыққан консерваторлар – төменгі палатада 304 орынды иеленген ірі партия, олар Еуропа парламентінде 19- орынға ие.

Survation ұйымының жүргізген сауалнамасына жүгінсек, алдағы додада консерваторлар 34 пайыз дауысқа ие болса, лейбористер – 28 пайыз, UKIP – 19 пайыз, «жасылдар» партиясы – 10 пайыз, ал либерал-демократтар 4 пайыз қолдауға ие болуы мүмкін. Ал YouGov қоғамдық пікірді зерттеу қызметі жүргізген зерттеуге сәйкес, консерваторлар – 35, лейбористер – 33, UKIP – 14, «жасылдар» – 7, ал либерал-демократтар 6 пайыз дауыс жинауы мүмкін.

Консерваторлардың ұзақ уақыт бойы қалыптасқан имиджін өзгертудегі Кэмеронның еңбегі ұшан-теңіз. Ол өз жақтастарын Еуропаның бірлігін, елдегі аз санды этностардың құқығын қорғау мәселесін, экологиялық мәселелерді, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруді қолдап, әйелдердің қоғамдық белсенділігін ынталандыруға ұйыстырды.

Бұған дейін Кэмерон өзін Еуро­одақтың жақтаушысы етіп көрсеткісі келгенімен, енді қоғамдық пікірдің қысымымен ұйым құрамынан шығу мәселесін көтеруге мәжбүр. Себебі, оның сайлаушыларға берген көп уәдесін Еуроодақ ережелері аясында орындау мүмкін емес. Сондықтан Кэмерон Еуроодақты реформалауға ынталы. Алайда Ангела Меркель бастаған еуропалық көшбасшылар Еуроодақтың өзегі саналатын түп ережелерді өзгертуге ашық қарсылық танытуда. Осылайша, ағлышындар үшін «Ахиллестің өкшесіне» айналған мигранттар мәселесі Еуроодақтың түбіне жетуі ғажап емес.

Қазіргі саяси доданың басты тақырыптарының бірі – екі жылдан соң, яғни 2017 жылы Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мәселесін референдумда дауысқа салу жайлы ұсыныс. Биылғы сайлаудың алғашқы телеайтысында Дэвид Кэмерон лейбористер көсемі Эд Милибэндтен басым түсті. Кэмеронның басты ұрандарының бірі – Еуроодақ құрамынан шығу мәселесін екі жыл ішінде референдумда дауысқа салуға Миллибэнд үзілді-кесілді қарсы шыққан. Ал Кэмерон болса, «Еуропа өзінің мәніне сай емес. Бүгінгі жағдайда бізге Еуроодақтың ішінде реформа жүргізілгені керек, одан соң өткізілетін референдумда мен емес, британ халқы «Қаламыз ба, жоқ па» деген сұраққа жауап береді», – дейді. Телеайтыс барысында жүргізілген дауысқа салу нәттижесінде көрермендердің 54 пайызы қазіргі премьер-министрді қолдаса, 46 пайызы лейбористер көшбасшысын жақтады.

Әрине, Біріккен Корольдіктің Еуроодақтан шығу мәселесі бұған дейін де талай көтерілген, бірақ қанша рет уәде берілгенімен, бұл мәселеге қатысты референдум өткізілмеді.

YouGov ұйымының дерегіне жүгінсек, қазіргі Корольдік тұрғын­да­рының 47 пайызы Еуроодақтан шығуды қолдаса, 37 пайызы одақ құрамына қала беруді дұрыс көреді. Бірақ Еуроодақтан шығу мүмкіндігі Біріккен Корольдіктің өз ішіндегі қайшылықтарды одан әрі өршітуі мүмкін. Мысалы, шотландықтардың басым бөлігі, нақтысын айтқанда, 57 пайызы Еуроодақтан шығуға үзілді-кесілді қарсы. Осыған орай, Шотландия үкіметі төрағасының орынбасары Никола Стерджен егер елді Еуроодақтан күштеп айы­ратын болса, онда Шотландия өздігінше тағы бір референдум өткізуі мүмкін екендігін ескертіп, мәлімдеме жасаған.

Бірақ қазіргі референдумға қатысты қазіргі уәде алдағы мамыр айында болатын сайлауда консерваторлар айқын басымдықпен жеңіске жеткен жағдайда ғана орындалуы мүмкін. Ендеше, Еуроодақтан шығу мәселесі шын мәнінде референдумда дауысқа салына ма, жоқ па – алдағы парламент сайлауында белгілі болмақ.

P.S.Дүйсенбі күні Дэвид Кэмерон Букингем сарайында қабылдауда болып, Біріккен Корольдіктің патшайымы ІІ Елизаветаның өз қолынан «патшайым декларациясын» алды. Декларацияда 30 наурызда парламенттің таратылғаны, жаңа парламентті сайлау 7 мамырға белгіленгені және парламент өз жұмысына 18 мамырда кірісетіні нақтыланған.