Түркі әлемі және Елбасы феномені

Түркі әлемі және Елбасы феномені

Түркі әлемі және Елбасы феномені
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтанда Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен «Түркі әлемі және Елбасы феномені» атты халықаралық жиын өтті. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген бұл жиынға Қырғызстан, Моңғолия, Мажарстан және Түркия елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері, академик, түрколог Мырзатай Жолдасбеков, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және тағы басқа түркітанушы ғалымдар қатысты. Сондай-ақ аталған алқалы басқосуға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұматаев, Әзербайжан Ғылым академиясының вице-президенті Иса Габиббейли, Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдулхалимов және Татарстан Республикасы Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры Искандер Гилязов онлайн режимде қатысты. Жиынға қатысушылар түркі әлемінде түркі интеграциясының архитекторы ретінде бағаланатын Елбасының халықаралық саясат, соның ішінде түркі халықтарының ынтымақтастығын дамытуға сіңірген еңбегі мен үлесін сөз етті. Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Мемлекет және қоғам қайраткері, академик, түрколог: –Адамзаттың басына түскен мынадай заманда жақсылықты да ұмытпай, жақсы адамдарды да еске алып, Елбасының еңбегін ерекше бағалап отырған адамдарға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Мен Елбасын 1958 жылдан бері танимын. Ол кезде КазГУ-дың 4-курс студентімін. Ал Елбасы ол кезде 10-сыныпта оқиды. Екі көзі оттай жанып, ұшатын құстай, шабатын тұлпардай, жұлқынып отыратын оқушы болатын. Мектепке практикант болып барып, Назарбаевқа сабақ бердім. Содан бері қатынасымыз үзілген жоқ. Оның ресми қызметтерін былай қойғанда, адамға деген қатынасы ерекше. Тіпті бірге оқыған сыныптастарына деген қатынасы керемет. Елбасының ел дамуына қосқан еңбегі ерен. Өз қолымен құрған мемлекет билігін өз еркімен ым-жымсыз, айқайсыз, даусыз, талассыз өзге адамға тапсыру адамзат тарихында болмаған құбылыс деп ойлаймын. Уфук ЕКИДЖИ, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: –Қазақстан тәуелсіздігін алғалы бері көп нәрсеге қол жеткізді. Отыз жыл ұзақ болып көрінуі мүмкін, бірақ елдің дамуы, өркендеуі үшін жақсы мерзім.  Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренада беделі зор екені баршаға аян. Ол өзінің көшбасшылығымен әлемге тек қазақ елінің құндылығын емес, сонымен қатар түркі әлемінің құндылығын да танытты. Қарап отырсақ, оның атқарған жұмысының барлығы түркі әлемімен тығыз байланысты. Сол себепті түркі әлемінің танылуына орасан үлес қосқан Назарбаевты түркі халықтары ерекше қолдайды. Соның бір дәлелі ретінде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен Назарбаевқа Түркі Кеңесіне өмір бойы құрметті төрағасы берілді. Жалпы, ел басшылығы оның жеке бастамалары мен ұсыныстарын бағалап, үнемі қолдап отырады. Искандер ГИЛЯЗОВ, Татарстан Республикасы Татар энциклопедиясы және аймақтану институтының директоры: –Татарстан мен Қазақстан тарихи, рухани, саяси, мәдени жағынан тығыз байланысты. Көпшілігі білмейтін болар, бірақ татар диаспорасы Қазақстандағы ең ірі диаспоралардың бірі. Соңғы халық санағы бойынша Қазақстанда екі жүз мыңға жуық татар тұрады екен. Сол себепті татар халқы Қазақстан қоғамында ерекше рөл атқарады деп айта аламын. Екі халық арасындағы достық қатынас тәуелсіздік алғаннан соң нықтала түсті. Жалпы, Қазақстанның дамуы Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Қазақстанның дүниежүзі бойынша рейтингінің көтерілуіне Назарбаевтың халықаралық беделі ықпал етті. Нұрсұлтан Назарбаев Татарстанға бірнеше мәрте келді, келген сайын біз жақта тұратын қазақтар мен Қазақстанда өмір сүретін татарлардың өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныстарын айтып, келелі мәселелерді ортаға салатын. Мұндай маңызды миссияны атқаратын тұлға ерекше құрметке лайық. Сол себепті 2015 жылы Қазан қаласындағы орталық көшеге Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілді. Сонымен қатар оған Қазан федералды университетінің құрметті докторы атағы берілді. Халықаралық деңгейде өзін мойындата білген ол татар қоғамында да жоғары беделге ие.