КҮНҚОЖА ҚАЙРУЛЛА: Бесқала қазақтарының музыкалық мұрасы − ұлт руханиятын байытар құндылық

КҮНҚОЖА ҚАЙРУЛЛА: Бесқала қазақтарының музыкалық мұрасы − ұлт руханиятын байытар құндылық

КҮНҚОЖА ҚАЙРУЛЛА: Бесқала қазақтарының музыкалық мұрасы − ұлт руханиятын байытар құндылық
ашық дереккөзі
Өзге елде жарық дүние есігін ашса да, атажұртына оралған соң сырттағы қандастарымыз жасаған мәдени-рухани байлықты паш етіп, оның мән-маңызын зерделеп жүрген талапты жастар аз емес. Соның бірі – біраз жылдан бері қарақалпақстандық қазақтардың музыка мәдениеті жайында бірнеше кітап жазған жас өнертанушы, гуманитар ғылымдар магистрі Күнқожа Қайрулла. Жаһандану дәуірінде дәстүрлі халық өнерін түлетіп, замануи түрде дамыту керек дейтін азаматтың ойлары назар аударарлық. – Күнқожа, кез келген адамның белгілі бір салада тер төгіп, жетістікке жетуі оңай емес. Азғана уақыттың өзің туған өлкеден шыққан жыршы-жырауларының шығармашылығы жайында біраз зерттеулеріңді жариялап, олардан қалған мұралардың басын қосып, кітаптар шығардың. Қазақ ұлттық музыкасы тарихында бұрын-соңды өзгешелігіне назар аударылып, арнайы зерттеу нысанына айнала қоймаған Бесқала дәстүрлі өнер мектебін ғылыми айналымға қосу оңай болмаған шығар? Кез келген істің қозғаушы факторы болады ғой, сол секілді менің де осы жолды таңдауыма себеп болған жайлар бар. Ең алдымен айтарым, Бесқала (қарақалпақ елінің ежелгі атауы) қазақтары бұл жерде бірнеше ғасырдан бері өмір сүреді және олардың ешқашан атажұртпен байланысы үзілген емес, керісінше, біртұтас мемлекеттің тұрғындары болған кезі бар. Мәселен, қазіргі Қарақалпақтан республикасы 1924-1930 жылдар аралығыда «Қазақ АКСР-ы құрамындағы Қарақалпақ автономиялық облысы» болып тұрған. Кейін Ресей құрамына беріліп, одан әрі Өзбекстанға қосылғаны белгілі. Сондықтан бұл тарихты білетін ол жақтың қазақтары өздерін бұрынғы қазақ жерінде жасап жатқан ирреденттер (өз атажұртында отырып тарихи отанынан бөлініп қалғандар) деп санайды. Кеңестік кезеңде Қарақалпақстан қазақтары өздері тұрып жатқан елдегі жалпы халық санының үштен бірінен асатын. Бұл, пайыздық жағынан алғанда, әлемде қазақтардың шоғырланып өмір сүруі жөнінен Қазақстаннан кейінгі орынды тұрғанын көрсетеді. Мұның бәрі мен туған жердегі қазақтардың рухани әлемінде ерекше із қалдырды деп ойлаймын. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңде өздері тұрып жатқан елде ана тілінде орта білім алып, атажұртында шығатын барлық басылымды жаздырып алып оқитын бесқалалық қазақтардың арасынан шыққан небір қаламгерлер шықты. Мәселен, белгілі прозаик, киносценарист Жұмабай Тәшенов, ғалым-қаламгер Әзиза Нұрмаханова, атақты ақын Төлеген Айбергенов, аудармашы Зұлхарнай Сахиұлы секілді қалам иелері Отанына қоныс аударып, сол жақта шығармашылығын өрістетіп, танымал болды. Алайда Бесқала қазақтарында ерекше дамыған жыраулық, әнші-күйшілік өнер кезінде атажұртқа толық жетпей, кең көлемде танылмай қалды. Әрине, өткен ғасырдың 80-жылдарында даңқты жырау Наурызбек Раманқұлов секілді атажұртқа және шетелдік қазақтарға танымал бірлі-жарым өнерпаздар болды, бірақ тұтастай алғанда, арнайы зерттеушісі болмағасын өз алдына үлкен мәдени дәстүрге айналған Бесқала әншілік, күйшілік, жыраулық мектебі ұлттық музыка тарихынан лайықты орынын ала қойған жоқ. Мен Қарақалпақстанның солтүстік шығысындағы Дәуқара өңірінде, қазіргі қазағы қалың Тақтакөпір ауданында дүниеге келдім. Әйгілі жырау Наурызбек Нұржаубайұлы – туған нағашым. Жастайымнан дәстүрлі ұлттық музыкаға жақын болдым. Қазақтың әні мен күйін радиодан, магнит таспасынан естісем, жыраулардың терме-толғаулар мен дастандар айтқанын көзіммен көріп, тыңдап өсу бұйырды. Бертін келе домбыра ұстап, нағашымның тағы басқа көптеген жыраулардың жыр-термелерін айтуға дағдыландым. Орта мектепті аяқтаған соң, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, халық музыкасы факультетін бітірдім. Міне сол кезде дәстүрлі өнердің сырына қаныға келе, өзім туған жерде жыраулық өнердің өте жоғары дамығанына көзім жетіп, соны зерттеп танытуды алдыма мақсат қылып қойдым. – Үлкен істі бірден бастап кету оңай емес. Бесқала жыраулары, әнші-күйші композиторлары туралы жазбас бұрын олардың туындыларымен жан-жақты танысу үшін материалдық қор жасап алу керек шығар? – Дұрыс айтасыз, қолда жеткілікті материал болмаса, сырттай естіп-білгеніңе сүйеніп оңды нәрсе жасау қиын. Менің алдымда, зерттеуге кіріспес бұрын бесқалалық жыршы-жыраулар мен әнші, күйшілердің шығармашылық өмірбаянын анықтау және олардың шығармаларын жинау міндеті тұрды. Сондықтан жұмысымды бірден осы екі бағытта қатар жүргіздім. Құдайға шүкір, ел арасынан, архивтерден мол материал жинадым. Халық арасында әлі күнге дейін бесқалалықтар шығарған ән-күйлерді білетіндер кездесті, солардың орындағандары негізінде дыбыстық жазбалар жасалды. Сондай-ақ, әр кезде қарақалпақ еліндегі қазақтардың музыкалық мұраларын жинауға барған ғылыми экспедицияның материалдарынан да арнайы қор жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстарым әлі де жалғасып жатыр. – Бесқала жыраулық дәстүрінің қазіргі жағдайы қандай? Оны жан-жақты насихаттап дамыту үшін не істеу керек? – Жалпы, Бесқала өлкесінен шыққан ақын-жыраулар шығармашылығы туралы бізден бұрын бірен-саран еңбектерде айтылып, кейбір шығармалары тасқа түскені болмаса, толық күйінде зерттеу нысанына айнала қоймаған-ды. Соның себебінен бір кезде ел арасында тараған жыраулардың жыр-термелері де уақыт өте келе жойылып, назардан тыс қалып бара жатқандай еді. Әрине, күні бүгінге дейін Бесқала жыраулық дәстүрімен жыр-терме айтатындар баршылық. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, Наурызбек жыраудың жолымен айтатын Өсербай Сәрсенбайұлы, Сәрсенбай Рахманбердиев секілді белгілі жыраулар және олардың шәкірттері бар бар демесек, кезінде Бесқаланы дүрілдеткен небір өрен жүйрік жыраулардың жыр-терме айту мәнері көмескіленіп барады. Міне, солардың жыр-мақамдарын тірілтіп халыққа жеткізу және оларды орындайтын жастарды тәрбиелеу үшін ғылыми жағынан сарапталып зерттелген еңбектер жасау алдымызда тұрған үлкен міндет. (Рас, кезінде Қайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбаев орындауындағы терме-дастандар  Қазақстанда жазылып, пластинкаларға түсіріліп тарағаны бар, бірақ олар да бүгінде естен шығуға айналды). Бұл бағыттағы ісімді бесқалалық жыраулардың өмірі мен шығармашылығы туралы сериялық мақалалар жариялаудан бастадым. 2017 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Жыр киесі қонған жер» деген кітабымда Бесқала жыраулық өнерінің қалыптасып дамуы мен таралуы жайында айтып, бірнеше жыраулар туралы зерттеулерімді жарияладым. Оның ішінде Наурызбек Раманқұлов, Қарасай Әбдімұратұлы, Жақсылық Мамытов, Бағымбай Жақсымұратов жайында жеке мақалалар, Тілеумағамбет Аманжолұлы Ережеп Тілеумағамбетұлы, Тәжік жырау Мұсаұлы, Ерқожа Құлпыбайұлы, Атаубай Мәмбетов, Қайролла Иманғалиев, Жалғасбай Аралбаев, Қосым жырау, Өтім Балтуғанұлы, Алдаберген Тасқынбайұлы т.б. ақын-жыраулардың ғұмырбаяндық деректері берілді. Одан бері де бесқалалық жыраулардың шығармашылығына арналған зерттеулерім баспасөзде жарияланып келеді. Несін жасырамыз, бесқалалық жыраулардың ішінде қарақалпақ, өзбек, түркімен елдеріндегі қандастарымыз бен атажұрттағы қазақтарға кең танылғаны – Наурызбек Раманқұловтың шығармашылығы ғана. Енді кезінде ол кісімен бір дәуірде Бесқала өлкесінде қатар жырлаған талай жыраулардың жыр-саздарын тірілтіп, орындау арқылы халыққа қайта ұсынбасақ, Бесқала жыраулар мектебі деген тамаша өнер мектебінің сыры ашылмай қалады. Мәселен, қазір көзі тірі, жасы 80-нен асып, Қарақалпақстанда өмір сүріп жатқан Қарасай Әбдімұратұлы атты атақты жыраудың жыр-саздары жай терме-толғаулар ғана емес, үлкен жыр-дастандар орындаймын дейтіндер үшін таптырмас қазына. Бүгінде «қазір көлемді эпостық жырларды халық тыңдай қоймайды» деген сыңаржақтау пікір бар. Ол жыраулық өнерді терең танымағаннан шыққан сөз деп ойлаймыз. Мәселен, бір дастанды оннан аса мақаммен орындап, жырдың тыңдаушыға жетуіне үлкен эмоцинальды тәсіл қолданып, қызықтыра білетін Қарасай Әбдімұратұлының стилі ерекше. Осыны елге жеткізу керек пе? Әрине керек! Себебі ұлттық өнердің қай қайсысы да заманмен бірге өмір сүріп, дәуірлерден дәуірлерге жетіп отырса, ол ұлттың шынайы болмысын сақтауына, әлемдік өркениет көшінде өз ерекшелігімен дамуына зор әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан жырауларды зерттеу олардың ерекшелігін талдап-түсіндірумен шектелмейтін іс, олардың репертуарларындағы шығармалардан хрестоматиялық жинақтар жасап, жыр мақамдарын сандық форматқа көшіріп тарату қажет. Сонда ғана бүгінгі қазақтың жыраулық дәстүрмен жатырқамай, қайта қауышатыны анық. – Әрине, Бесқала жыраулары туралы жазып жүргендеріңнен халық хабардар. Тіпті, ол жақта жоғары деңгейде дамыған жыраулық өнер мен оның көрнекті өкілдері жайында жазғандарыңды мамандар жақсы бағалап жатыр. Дегенмен, кейінгі екі жылда «Бесқала қазақтарының әндері», «Бесқала қазақтарының күйлері» атты екі мәтінді, ноталық жинақ құрастырып шығардың. Бір өлкедегі халықтың бүкіл музыкалық мұраларымен жеке-дара айналысу бір адамға ауыр болмай ма? – Сырттай қарағанда бір өлкенің жыр-дастандарын, ән-күйлерін жинақтап жариялау, зерттеу бір кісіге қиындау көрінетіні рас. Бірақ маман ретіндегі парызыңды түсініп, айналысып жүрген ісіңнің қаншалықты маңызды екенін сезіне білу – адамға шабыт береді. Мен өзім туған өлкенің музыка мәдениетін зерттей келе оның сан-салалы әрі ерекше екеніне көзім жетті. О баста жыраулыққа қызыққаныммен ел арасында Бесқалаға тән әндер мен күйлерді де кездестірсем, жазып алуды әдетке айналдырдым. Көптеген мәтіндік және дыбыстық материалдар жиналды. Кейін бұл мұралардың ұлттық қазынаға қосылар құнды дүниелер екенін танып, олардың бәрін де зерттеу нысанына айналдыру керектігін түсінген соң ән, күй, жыр деп бөліп қарамадым. Соның арқасында 50 әннен тұратын «Бесқала қазақтарының әндері», 62 күй енгізілген «Бесқала қазақтарының күйлері» атты мәтіндік, ноталық жинақты баспадан шығардым. Бұның екеуі де мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптар. – Аталған еңбектердің ерекшелігі қандай? – Бесқала қазақтарының әндерінің хатқа түсуі атақты этнограф ғалым А.Затаевичтің 1925 жылы Орынбордан шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» атты атақты кітабынан басталады. Сол кітапқа Әмудария облысы, Шымбай уезі, Дәуқара болысының қазағы Көбейсін Балтабаевтан жазып алынған «Қойшы» деген ән енгізілген. Одан беріде Бесқалаға атамекеннен барған фольклорлық экспедиция мүшелері жазып алған әндер де бар. Олардың кейбірі әр кезде шыққан шыққан бірлі-жарым жинақтарда жарияланғанымен, Бесқала әндері толық күйінде шыққан емес. Осыларға өзім де ел арасынан жазып алған әндерді қосып, кітабыма енгіздім. Бесқала қазақтарының әндері туралы айтар болсақ, халық әні «Асылаужай», Жақсылық Мамытұлының «Іңгәй-ау», Таңжарбай Бәкірұлының «Бағила-ай», Сәтмағамбетов Нұрмағамбетовтің «Елу үш қыз» секілді әндері қазаққа бұрыннан танымал. Ал күйлерге келетін болсақ, Бесқала өнерпаздары орындап, бүгінге жеткізген көптеген халық күйлері мен арғы-бергі дәуірде өмір сүрген және қазір де бар күйші-композиторлардың шығармалары өзінің сазымен де, сарынымен де өзгешеленіп тұрады. Бұрын бесқалалық күйшілер туралы ауызша айтылғанымен, ғылыми айналымда қалыптасқан ұғым болған жоқ. Мен сол олқылықтың орынын толтыруға талпынып, биыл «Бесқала қазақтарының күйлері» атты ноталық жинақ шығардым. Авторлары 18-ғасырдан басталатын осы жинақ арқылы қазақтың ұлттық музыкасына қызығатын қауым халық күйі атанып жүрген «Қарасай» атты тамаша туындының авторы бесқалалық Қарасай Қалиұлы, бұрын Қазанғаптың күйі деп саналып келген «Орынбай Ақжелеңнің» авторы Шүйт Орынбай екенін, сондай-ақ Сыр бойында дүниеге келгенмен Бесқалада өмір сүрген Шал Мырзаның, ақтөбелік атақты күйші Қазанғап Тілепбергенұлының шығармашылығы Бесқала өңіріне де ортақ екенін білетін болады. Сондай-ақ, көптеген халық күйлері мен бұрын аты беймәлім болып келген күйші-композиторлардың туындыларымен таныса алады. Бұйырса, бұл бағыттағы ізденістірімізді одан әрі жалғастырып, Бесқала жыраулары мен әнші-күйшілерінің шығараларын толық күйінде шығарып, оны жан-жақты таныту жолында еңбектене бермекпіз. Сол секілді музыка тарихы, музыка этнографиясымен де шұғылданбақ ойымыз бар. – Мазмұнды сұхбат үшін алғыс айтамын, ойға алған алған ізгілікті істерің орындала бергей! – Рахмет! «Atajurt» жобасы арқылы күллі әлемдегі және атажұртқа көшіп келген қандастарымыздың игі істерін жан-жақты насихаттап жатқан «Túrkistan» – халықаралық апталығына ризашылығымды білдіремін. Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ