Тұрсынхан Зәкенұлы: Көңілге медеу, көшке демеу болған – Тұңғыш Президент

Тұрсынхан Зәкенұлы: Көңілге медеу, көшке демеу болған – Тұңғыш Президент

Тұрсынхан Зәкенұлы: Көңілге медеу, көшке демеу болған – Тұңғыш Президент
ашық дереккөзі
Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, жазушы, тарихшы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры: – Қазақстанның Тәуелсіздік алуы – бұл дүниежүзіндегі қазақтардың арманы еді. Осы арманымыз 1991 жылы 16 желтоқсанда жүзеге асты. Қазақстан толыққанды тәуелсіз ел болды. Ел егемендігін алған күннен бастап, Елбасы дүниежүзіндегі қазақтарды елге шақырып, арнайы хат жазды. Олардың елге емін-еркін оралуына жол ашуды күн тәртібіне қойды. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш рет құрылтайы ашылды. Дүбірлі Құрылтайға Елбасы өзі төрағалық етті. Бұл игі іс қандастар үшін көңілге медеу, көшке демеу болды. Іштегі, сырттағы қазақтардың бір ұлттық мүддеге ұйысуы осылай басталды. Елбасының қандастарды шақыруы үлкен тарихи оқиға болды. Бұдан кейін тіптен көрші елдер алаңдай бастады. «Қазақтар бірігіп үлкен держава құрғалы жатыр» немесе «бұл қазақ шовинизмін қоздыратын нәрсе» деген сияқты пиғылда кейбір көршілес елдердің бейресми басылымдары жазып та жатты. Олармен де айтыстық, тартыстық. Шеттегі қазақтардың Отанға оралуы – қазақтардың тарихта кеткен есесін түгендеу. Біз тарихта есеміз көп кеткен халықпыз. Отаршылдыққа, геноцидке ұшырадық. Тарихымызда алапат аштық, жаппай қуғын-сүргін және соғыстар болды. Біздің халқымыз қаншама қиындықты бастан кешті. Сол кезде жан сауғалап, сергелдең болдық. Біздің басымыздан өткен зобалаң тарих халық жадынан шығып бара жатқандай. Бірақ  біз, тарихшылар оны ұмытпай, халқымыздың жадына қайта-қайта салып отыруымыз тиіс. Мен мұны тарихи санамызды жаңғырту үшін еске алып отырмын. Бұл да Елбасы айтқан «Рухани жаңғырудың» ажырамас бір бөлігі. Ұлттық мемлекет қалыптастыру үшін – қазақтардың санасы биік, саны көп болуы керек. Осы елдің  титулды халқы – қазақ. Сондықтан Қазақстан деп аталады. Алғашқы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы және «Халықтың көші-қон» туралы заңы қабылданғаннан кейін көш құйылды. Қазақтардың саны артты. Елбасының бастамасымен келген ағайындарға арнайы бағдарлама аясында жер және үй берілді. Атап айт­қанда, Шығыс Қазақстан об­лы­сын­да 700, Солтүстік Қазақстан об­лысында 400, Ақтөбе облысы Хром­тау қаласында 230 отбасына арнап тұрғын үй салынса, Шымкент қа­ласы маңындағы «Асар» ауылында 27 мың қандасымыз тұрақтаған.  Бұл деген қандастарға үлкен қолдау болды. Осынау игі істердің соңында «әттегеген-ай» деген кездеріміз де болды. Елбасының Көші-қон саясаты керемет жүргізіліп еді, алайда кейбір жергілікті атқамінерлердің кесірінен толық жүзеге аспай қалып жатты. Әсіресе, 2010 жылдан кейін қандастардың келуі саябырсып қалды. «5 жылға дейін азаматтық берілмеу» деген саясат шықты. Сондықтан ағайындардың келу қарқыны баяулап қалды. Қазір Қазақстанға шетелден 1 миллионнан астам қандас көшіп келді. Олар қазақ елінің ғылым, білім, мәдениет секілді қоғамның әр саласында өсіп, өркендеуіне өз үлестерін қосып жатыр. Шетелдегі қазақтарды тарихи Отанға оралту – Елбасының көп жылғы стратегиялық жоспары болатын. Бұл әлі де жалғасады. Шетелден осында көшіп келген қазақтардан келмегендер көп. Көшіп келгендері шеттегі қазақтың төрттен бірі ғана. Сондықтан көші-қон саясатын Үкімет қайта жандандыруы қажет.