Жаңалықтар

Дін – ғылым емес

ашық дереккөзі

Дін – ғылым емес

Әлеуметтік желідегі қазақша да, орысша да жиі талқыланатын тақырыптың бірі – дін. Турасы – ислам діні. Өзге діндер туралы дау-дамай жоқ деуге болады.   Бірден айтайық, біз теолог емеспіз. Бірақ сөз болып жүрген мәселелерге қарап әлемжелідегі басым көпшіліктің мұсылман дінінің қазақ халқына таралу тарихынан, жалпы әлемдік діндер тарихы мен олардың өзара ұқсастықтарының сырынан бейхабарлығын байқадық. Мұның бір себебі, аталмыш тақырыптағы мәліметтер еліміздегі санаулы жоғары оқу орындарындағы дінтанушылар мен философтарға ғана оқытылады.  Өз бетімен ізденетін адамдар болмаса, қалың қауым білмеуі түсінікті жайт. Қазақ қоғамы күшті атеистік идеологияға уланып, тым ұзақ үзілістен кейін тоқсаныншы жылдардың басында исламға қайта бет бұрды. Біз ол кезде ата дініміз оралды деп, шат-шадыман қол шапалақтап, ас беріп, той-тойлап жүріп, Кеңес Одағының шекпенінен шыққан жаңа мемлекеттерді жаулауға бір исламның өзі жетпістің үстіндегі ағымдарымен, олармен жағаласып христиандық, иудейлік, тіпті буддалық ағымдардың жапа-тармағай тап бергенін аңдамай да қалдық. Кейбір жұртшылыққа белгілі адамдардың бала-шағасы шоқынып кеткенін көргенде барып есімізді жинағандай болдық. Оның өзінде арада бес-он жыл өтіп кетті. Кеңестік республикалар дегеннен шығады, сол дәуірдегі қазақтан шыққан тұңғыш төтенше және өкілетті елші Нәзір Төреқұлов (1892-1937) Сауда Арабиясынан жедел кері шақырылып алынып, атылып тасталғаннан кейін дипломатиялық байланыс  үзілгеніне де елу жылдан асып кеткен. Бейнелеп айтқанда исі қазақтың тірі арабты көрмегеніне сонша уақыт. Бұл ретте  ішіне мың түрлі қыртыс сақтаған, талай өткелектен өткен, әскере сұңғыла діни идеологиялармен шарпысуға ұлтымыз мүлдем дайын емес-ті. Дайын болмайтыны – халқымыз дінді артында еш арамдығы жоқ тек тазалық деп сенді. Секталар әсіресе халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын әрбілеп, тиын-тебенін тықпалап, ырқына көндіруге тырысты. Екі мыңыншы жылдардың басында Жамбыл облысы әкімі қызметіндегі Серік Үмбетов ағамыз, сұхбаттасып отырып Египетке барып келгенін айтып, «Ол жақтан балаларды оқытпау керек екен» дегенде онша илана қоймағаным есімде. Тіпті, Шәкәрім атамыздың өлеңдеріндегі «шатақ діндер» деген тіркеске де онша мән бермеппіз. «Сақалы бар мұрты жоқтарды» да МәшҺүр Жүсіп Көпеев дәл суреттепті. Сөйтсек, олардың заманында да діни ағымдар қазақтың басын қатыруға жарапты. Қазақстан – сексен пайыз мұсылмандар тұратын мемлекет. Біз исламға да, басқа дәстүрлі діндерге де, әр адамның наным-сеніміне құрметпен қараймыз. Алайда халықтың көзі ашылған қазіргідей кезеңде, сонау сегізінші ғасырдан бермен жергілікті ұлттарға миссионерлер өздерін әспеттеп, әулие тұттыру идеологиясын барынша күшті жүргізгенін көріп отырмыз. Тіпті, бүгін де халыққа ақпараттың жетпей жатқанын пайдаланып, «Қазақстанды арабтар жаулаған жоқ, сахабаларын жіберіп бейбіт жолмен дін таратты» деушілер бар. Ал тасқа басылып бізге жеткен тарих басқаша. Араб аңыздарында бірге туыпты (тіпті арқалары жабысып) делінетін Үмия мен Хашим жайлы әңгімені, олардың ұрпақтары Мұхаммед пайғамбар мен Абу Суфианның ара қатынасы туралы  тәптіштеп жатпайық. Өйткені тарихшылар мен әдебиетшілер ол жөнінде аз жазған жоқ. Халифат тарихында небәрі бес жылдай халиф тағында  отырып, 661 жылы Куфа қаласында өлтірілген, пайғамбардың немере інісі Әзіреті – Ғалидан кейін, ілгеріде айтылған Абу Суфианның кіші ұлы Мағауия халиф атанады. Ол көп жылдан бері Сирияның әміршісі болатын. Халифаттың астанасын да өзі әбден сіңіскен Дамаскіге (яғни Шамға) көшіреді. Дәл осы Мағауия ибн Абу Суфианның тұсында Орта Азияға араб шабуылы басталған. Араб атты әскерін басқарған Саид ибн Осман Бұқараны тізе бүктіріп, Хорасанға иелік еткен. Содан ары Убайдулла ибн Зиад Әмудария мен Мауренахрға, Самарханға ішкерлеп, атақты Кутейба ибн Муслим Түркістанды (Қазақстанның оңтүстігі мен батысын түгел), терістік Үндістанды, Ауғанстанды, Иранды шапқаны мәлім. Африка мен Пиренейді (Испания) араб аттарының шаңына көмген Мұса ибн Нусейрді де қақсал тарих ұмыта қойған жоқ. Сөйтіп, халифат бір шеті Үндістаннан  Византияға, Қап тауларынан Мысырға дейін созылып жатқан орасан үлкен әрі мәдениеті дамыған аумақты иеленген империяға айналған. Күні кешегі құм сахарада түйе мініп күнелткен көшпелі тайпалар тұқымы, Азия, Африка, Еуропа құрлықтарындағы  небір мықты мемлекеттерді отарлап, «Мен арабпын» деген өктемдігі алға шықты. Дінді бетке  ұстап, барлығын билеп-төстеу сол кезде басталған. Арабтардың әдет қылған сол  басымшылығын кезінде Ататүрік те орынды сынаған. Яғни, ислам мүддесін олар араб мүддесіне айналдырғанына талай ғасыр. Жүйелі ойлай алатын  адамға, өздері де Еуразияны апыр-топыр қылып әлденеше империя құрған асау текті түркілер, төбесіне қылыш төндіріп тұрып күштемесе, біреудің дінін оп-оңай қабылдай қояр ма еді? Әрине, мүмкін емес. Жаулаушының аты жаулаушы, сенің жазу-сызуыңа дейін ысырып қойып, өзінікін тықпалайды. Тіпті, сенің бұрын кім болғаныңды санаңнан өшіруге тырысады. Қазақ даласын жаулаушылар да солай жасады. Оны біз Тәуелсіздігімізді нығайтамыз деп талпынған сайын қатты сезінуліміз. Кейбір ғалымдар Қазақстандағы түркі жазулары таңбаланған тастарды да миссионерлер түгелдей қиратқан, олардың аяғы жетпеген Қиыр-Шығыстағы  Орхон-Енисей жағынан табылуы содан деген пікір айтып жүр. Құлаққа кіретін сөз. Өйтпесе ол отаршы бола алмайды. Ислам ХIII ғасырдың екінші жартысында Берке ханның (1209-1261) қолдауымен Алтын Орданың (Ұлық Ұлыстың) мемлекеттік діні ретінде танылды. Беркенің мұндай қадамға баруы, Мысыр билеушісі Бейбарыс сұлтанмен елші алмасуы, тіпті хулагидтер мен Византияға қарсы әскери одақ құруы, тікелей өзі секілді Шыңғыс ханның тұқымы Хулагумен бәсекелестігіне байланысты болғанын тарихшылар дұрыс бағалап жүр. Ал сол замандағы араб миссионерлерінің (тарихшы ан-Нувейри тағы басқалардың) жазбаларындағы Берке ханның діндарлығында әсірелеу баршылық. «Құран» тек арабша оқылуы керек деген шарт,  алдымен араб тілінің бағын жандырды. Жұрт жаппай арабша хат тануға талпынды. Қажылық парыз Меккеде өтелетін болуы – үш құрлықтан ағылған халықтың арқасында құрайышы бар, басқасы бар жергілікті тайпалардың шылқып баюына жол ашты. Сырт көз зерттеушілер мұны пайғамбардың ұрпағына жасаған жақсылығы деп бағалаған. Алайда дүниедегі ең қиын тілдердің бірі – араб тілі. Содан да арабша оқи алатындар әр ауылда кезіккенімен, тілін түсінетіндер аз болды. Сондықтан қалың қазақтың ортасында олар да қожалардан кем әспеттелмеді. Олар да өз кезегінде өздері жайлы аңыздар таратты. Қасиетті, текті көрінуге талпынды. Тілін түсінбеген соң дінге қатыстының бәрін қара қазақ аузын ашып, соқыр сеніммен қабылдады. Дүйім жұрт өзінің аузына қарап отырғасын, діндарлар да пенде, еркінсіді. Әртүрлі әрекеттерге барды. Қара басының қамын күйттеді. «Дін тұнып тұрған тазалық» деп түсінетін ақкөңіл қазақты, ол әрекеттері тіксіндірді. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе»  деген сөз сондайдан шықса керек. Тілі дегенде біз «Құранның» аудармасы мәселесін айтып отырмыз. Алғашқы қазақша «Құран» Халифа Алтайдың тәпсірлеуімен 1990 жылы Алматыда жарық көрген. Шығыс Түркістанның атақты шәйірі Ақыт Үлімжіұлының балалары аударып, төте жазумен жарық көрген нұсқасы барын естігенбіз. Бұл істе де түркі халықтарының ішінде  қырғыз, түркімен ағайындармен бір сапта кенже қалып келіппіз. Тек Азаттық алған соң ғана осы олқылықтың орны толды. Ал орысша В.Порохованың және Э.Кулиевтің аудармаларын білеміз. Осы орайда Қазақстандағы исламның радикалды ағымдарын ұстанушылардың сексен пайызы орыстілділер деген ақпарат таңдандырады. Себебі еліміз мешіттерінде уағыз тек қазақша жүргізіледі деген уәж айтылады. Біздіңше онда күнкөріс, яғни экономикалық мүдде бар. Ондай топтар көбіне базарларды жағалап жүретініне куәміз. Ислам миссионерлері будда, христиан, иудей сеніміндегі дін таратушылармен бәсекелес. Бәлендей крест жорығы жүріп жатпағанмен, ол әрекет қазір де жалғасуда. Бірақ аталған дәстүрлі діндердің о бастан араларында Қытай қорғаны болмағанын көпшілік білгені абзал. Төбеден түскен төрт кітапта («Таурат», «Забур», «Інжіл», «Құран») ортақ жәйлар жеткілікті. Бірнеше дәлел келтірейік: «Егер Мұхаммедтен кейін пайғамбар болса, ол сөзсіз Ғазали болар еді» –  деп тамсандырған әйгілі ислам ойшылы Әл-Ғазали (1058 – 1111) жайлы христиан теологы Август Толк: «Ғазали шығармалары христиандарға жарамды» – дейді. Ол тіпті онымен тоқтамай «Суфистік ілім барлық дінге іштей жақын» – деп түйеді. Ибн Рушд (1126 – 1198) арабша жазған, араб философы. Сөйте тұра Аристотельді ислам әлемі Әл-Фараби арқылы таныса, христиан әлемі Ибн Рушд арқылы таныды. Оның аверроизмін  мұсылман ойшылдары емес, католиктер жалғастырды. Еврейдің белгілі  философы Моисей Маймонид туындыларынан  Ибн Рушд ықпалын анық көруге болады. Оны айтасыз, Мұса – «Құранда» ең көп аталатын пайғамбар және арабтармен бірге туысса да дәм-тұзы жараспай келе жатқан еврей халқының пайғамбары. Мұсылман үшін Мұса  Алланың сөзін жеткізуші. Синей тауының басында ол Құдай Тағаладан он өсиет алған делінеді. Әрине, «Құранды» түсініп оқи алған адамдар мұны біледі. Әлемжеліде де мәліметтер жеткілікті. Жоғарыда біз келтіргендей  ауыс-түйістер, дәстүрлі діндер арасында, тізе берсек өте көп. Содан да кейбір зерттеушілер төрт кітаптың көктен түсірілгеніне күмәнмен қараған жәйлар болған. Ал аталған ортақтық немесе үндестік, тіпті рухтастықтың сыры – ізгі дін атаулы адамдарды тек жақсылыққа үндеп, қиянат, күнә жасамауға, тек мейірімділікке, қайырымдылыққа, бауырмалдыққа баулитындығында болса керек. Ал өзіміздің Шәкәрім атамыз: Будданың ұстап білегін, Айырылмай бірге жүремін, – дейді. Бұл ғұлама ақынның пұтқа табынып, буддаға бас идім деген сөзі  емес, әрине. Адам тазарғанда (оларша нұрланғанда) Құдайдан да биіктеп кетеді деген буддалық түсінікті білгені. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой да әлемдегі барлық діннің қасиетті кітаптарын сүзіп шығып, оны ұстанатын дін адамдарының пендешілігіне көңілі толмайды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың: Дінін шаншып істікке, Әркім бір жем іздеп жүр, – дегенін бүгін де өтірік дей алмаймыз. Шынымен адасып, әлде тиын-тебенге алданып радикалдық ағымдарға еніп кеткендерді үйіріне қайтару оңай болмайды. Секталардың идеологиясы еттен емес-ау сүйектен де өтіп кететінімен ерекше. Мұндай мәселелердің барлығын саралай келе айтпағымыз, Қазақстанды арабтар да, Патшалық Ресей де кезінде жаулады. Оның өте үлкен зардаптарын да тартудай-ақ тарттық. Дін бізге, сөз жоқ тәрбиелік мәнімен құнды. Алайда бізге ең жақын Түркия мен Ресейде Ататүрік пен Петр бірінші өз  елдеріндегі ислам мен православиенің үстемдігін құлатып, тек соның арқасында дамығандарын тарихшылары да, басқалары да мойындайды. Бүкіл Еуропа ғалымдарын қудалап, өртеуге дейін жетіп, ақыры дінді емес, ғылымды таңдаған. Бізге де ғылымнан  басқа жол жоқ. Айтысып-тартыссақ та ғылымға сүйенейік немесе ғылым хақында сөйлейік. Қалталылар артық бір теңгесі болса ғылымға салсын. Мемлекет ғылымнан қаржы аямасын. Дін – ғылым емес, идеология және өте күшті идеология. Оны да мойындаған, ескерген абзал.

Дағжан БЕЛДЕУБАЙ