Ұлы көштің ұйытқысы

Ұлы көштің ұйытқысы

Ұлы көштің ұйытқысы
ашық дереккөзі
1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Ел тарихы үшін елеулі күн болғандықтан, Тәуелсіз мемлекетіміздің буынын бекітіп, қанатын қатайтқан Елбасының ерен еңбегін екшеп айтуымыз заңды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елдің экономикасын, саяси жүйесін, руханиятын, алыс-жақын көршілермен ынтымақтастығын дамытудағы өлшеусіз үлесін бір мақаланың шеңберіне сыйдыра алмасымыз анық. Сондықтан Елбасының ең алдымен жолға қойған бастамасы, ұлттық идеяның түп негізі – көші-қон саясатын сөз етпекпіз. Астананы Арқа төсіне көшіру мен шекараны әлемдік талапқа сай етіп бекітуден де бұрын шеттегі қазақтарды атажұртқа көшіруді қолға алған Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында керегеміз кеңейіп, егемендігіміз нығайды.  Қай елді алып қарасақ та, мемлекеттің тағдырына қатысты қай мәселені көтерсек те, ұлттың демографиялық әлеуеті, азаматтарының саны мен сапасы шешуші маңызға ие. Атыраудан Алтайға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ Қазақстан үшін әр облысында кем дегенде 2-3 миллион қазақ өмір сүретін күнге жеткенде ғана егемендіктің ертеңін уайым етпей өмір сүретін күн тумақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көші-қон саясатын күнілгері жоспарлап, тіпті ел Тәуелсіздігі жарияланбай тұрғанда қазақ көшін көлікті етуге қажетті қаулы-қарарларды қамдауға асығуы да сондықтан. Тұңғыш Президентіміз 1991 жылғы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер кеңесіне «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-інде қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы №711 қаулы шығартты. 20 тармақтан тұратын ол қаулыда басқа республикалардан және шетелдерден Қазақстанның ауылды жерлеріне жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ КСР-іне қалай әкелудің тетіктері мен жолдары, ауылды жерге көшіп келген соң оларды құжаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік, дәрігерлік, білім беру, тұрғын үй, жаңа ортаға бейімдеу сынды толып жатқан мәселелер бойынша жеңілдіктер мен көмектер ұсыну егжей-тегжейлі қарастырылған. Мысалы, қаулының 5-тармағында «Халық депутаттары жергілікті кеңестерінің атқару комитеттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына басқа республикалардан және шетелдерден қоныс аударған байырғы ұлт адамдарын тұрғынжаймен қамтамасыз ету мақсатында жекелеген азаматтардың республикадан кетуі нәтижесінде босаған үйлерді немесе пәтерлерді сатып алу ұсынылсын» делінген. Осы тарихи құжаттың арқасында шет мемлекеттердегі миллионнан астам қандасымыз елге оралып, өз Отанында уық қадады. Санымыз артып, бірлігіміз нығайды. Қазақстандағы қазақ халқының үлесі 70 пайызға жуықтады. Бұл көрсеткіштің артуы еліміздің тұтастығы мен қауіпсіздігін бекемдеуде ерекше рөл атқаратыны белгілі. Ал ел Тәуелсіздігін жариялай сала, он бес күннен кейін, 1991 жылы 31 желтоқсанда Тұңғыш Президент «Қазақ радиосының» эфирінен сөз алып: «Қымбатты отандастар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін «ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба?» деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам құқығы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанға қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы Қаулы қабылдады. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» – деп алыстағы қандастарға тарихи Үндеуін арнады. Сол үндеуден кейін әлемнің әр түкпіріндегі қазақтар атамекеніне жетуге асықты. Бірі қызметін, бірі жайлы қонысын тастап, елге ағылды. 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтіп, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылуына да Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болды. Содан бері әлем қазақтарының басын қосу дәстүрге айналып, қазірге дейін бес құрылтай өткізілді. Дүниенің әр түкпіріндегі қандастарымыз атажұрт құшағында қауқылдаса қауышты. Бұл басқосулар қазақ көшін жандандыра түсті. 1997 жылдың 13 желтоқсаны да – қазақ көші жылнамасына бас әріптермен жазылған күн. Өйткені дәл осы күні тұңғыш рет қазақ тілінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы қабылданып, Елбасының қолы қойылды. Аталған заңға қазірге дейін бірнеше мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Сәуір айында енгізілген соңғы өзгерістер бойынша тарихи Отанына оралған бауырларымызды бұдан былай «оралман» емес, «қандас» деп атайтын болдық. Атажұртын аңсап келген азаматтарды осылай атау туралы бастама былтыр қыркүйекте көтерілген еді. Содан бері қоғамның қызу талқысына түсіп, көптің қолдауымен заң жүзінде бекітілді. Сондай-ақ қабылданған құжатқа сай, елімізде оралман мәртебесін алу процесі жеңілдейді. Яғни, Қазақстанға оралған азаматтарға бұрынғыдай, 1991 жылға дейін шет мемлекетте тұрғанын растап жүрудің қажеті болмайды. Әрі тарихи Отанына оралғандарға елде тұрақты тұруға және азаматтық алуға құжаттарды бір мезетте тапсыруға мүмкіндік берілді. Демек, Елбасы негізін салған нұрлы көш тұраламайды деген сөз. Керісінше, жандана түсетініне сенім көбейді. Шетелдегі қазақтардың атажұртқа оралғанда кедергіге тап болмауына, өз Отанында тезірек орнығып, жайлы тұрмыс кешуіне қолайлы жағдай жасалып келеді. 2016 жылғы 18 ақпанда Үкіметтің №83 Қаулысы қабылданып, «Оралмандар» мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін жеті облыстың «Арнайы аймақ» етіп бекітілуі, 2017 жылғы 13 қазандағы «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының құрылуы, 2018 жылғы 18 мамырда «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының» бекітілуі де – тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған шаралар. Өткен ғасырдың зұлматтары салдарынан дүниенің әр бұрышына тарыдай шашылған қазақтың басын қайта құрап, қара шаңырақ – қазақ жерін ынтымағы мен ырысы жарасқан бағаналы ордаға айналдыруды көксеген Елбасының ұлы мұраты шеттегі қандастарды атамекеніне асықтырған тартушы күшке айналғанын уақыт дәлелдеді. Тұңғыш Президентіміздің «Елім, жерім деп еңіреген әрбір қазаққа Қазақстанның есігі әрқашан ашық» деген бір ауыз сөзі қаншама ағайынға қанат бітіргенін көз көрді, құлақ естіді. Шеттен келген қазақтардың еліміздің демографиясына, ұлт тілінің дамуына, төл дәстүрдің жандануына, экономикамыздың, шағын және орта кәсіптің өрістеуіне қосқан үлесі өлшеусіз екенін ерек атап өтуге тиіспіз. Елбасының егемендіктің елең-алаң шағында қабылдаған тағдыршешті шешімінің шапағатын әлі талай ұрпақ көрері анық.