Әділбек Ниязымбетов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері
Әділбек Ниязымбетов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын қазақстандық әлемнің үш дүркін чемпионы Хулио Сесар Ла Круспен кездесті. Бірінші раундта кубалық боксшы қашқақтап жүрген, алайда қазылардың үшеуі де басымдықты қазақстандықтың қарсыласына берді. Ал екінші раундта Ла Крус алға беттей бастады. Өкінішке қарай, екінші раундта да Ниязымбетов есе жіберіп қойды. Қорытынды раунд аса жылдам мәнерде жалғасты. Екі боксшы да барын салып, соққы алмасты. Нәтижесінде кубалық боксшы басым түсті - 0:3 (28-29, 28-29, 28-29). Осылайша, Әділбек Ниязымбетов Рио Олимпиадасының күміс медалін жеңіп алды.
Ниязымбетов финалға ұлыбританиялық Джошуа Буатсиді жеңуі арқылы шыққан болатын.
Бұл Қазақстанның Рио Олимпиадасындағы 13-ші медалі және бокстағы екінші медалі. 27 жастағы Әділбек Ниязымбетов Олимпиадада осымен екінші рет күміс жүлде алып отыр. Төрт жыл бұрын Лондондағы Олимпиадада финалдық кездесуде ресейлік Егор Мехонцевпен жұдырықтасып, жеңілген болатын.
Қазір әлеуметтік желі парақшаларында Әділбек Ниязымбетовті жұбататын посттар көптеп жариялануда. Бірақ бәрібір азаматтың кеудесінде бір өксік тығылып тұрды. Бұл оның ьөрт жыл бойғы арманы еді ғой...