Жаңалықтар

Омарташылар жылына 100 тонна бал өндіруде

ашық дереккөзі

Омарташылар жылына 100 тонна бал өндіруде

Ең қызық та қиын кәсіптің түрі – бал ара өсірумен айналысатын омарташы кәсібі. Бал – мың бір дертке ем. Бұл медициналық тұрғыдан дәлелденген. Алайда, біз балды қажетті мөлшерде тұтынып жүрміз бе? Мәселен, Жапонияда мектеп қабырғасындағы балалар күніне 10-20 грамм бал жейді екен. Мұнда өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 87 жас. Елімізде бір адам жылына небары 40 грамм бал жейтін көрінеді. Ал біз кем дегенде 2,5 келі әсел жеуіміз керек. Ұзақ өмір сүретіндердің 95 пайызы – омарташылар және араның өнімімен қоректенетіндер. Әлемде соңғы кезде адамның өмір сүру жасын ұзарту туралы мәселе жиі сөз болуда. Ол үшін бірінші кезекте омарташылықты дамыту керек. Иә, расында да бал өндіруден көшбасында тұрған Қытай, одан кейінгі Аргентина, Түркия мен Украина мемлекеттері бұл кәсіпке неге көңіл бөлуде? Дүниежүзінде өндірілетін 1 млн 200 мың тонна балды тауар айналымына шығарып отырған да осы елдер. Ал теориялық және тәжірибелік жағынан тонналап бал өндіруге қауқары жететін Қазақстан өз мүмкіндігін жіті пайдалана алмай отыр. 2008 жылғы мәліметке қарасақ, елімізде 2 мың 800 тонна, ал қазір жылына 8 мың тонна бал өндіріледі. Мамандардың пікірінше, мұның өзі аздық етеді. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының көлемінде 1200 шағын, орта және ірі ара өсіруші жеке және заңды тұлғалар болса, олар жылына 100 тонна бал өндіреді. Облыста бал ара шаруашылығын дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізгені үшін әрбір ұяшығына мемлекет тарапынан 3190 теңге қолдау қаржы төленуде. Ал 2016 жылы 3 мың ұяшыққа 9570,0 мың теңге қаржы бөлу жоспарланған. Оңтүстіктің омарташыларына қолдау көрсетіп отырған мекеменің бірі «Ырыс» микроқаржы ұйымы. Аталмыш ұйымнан қолдау алған шаруашылықтың бірі «ЭкоМёд» ЖШС. Серіктестік ара шарашылығын дамыту үшін қаржы ұйымынан төмендетілген жылдық мөлшерлеме негізінде 5 млн теңге несие алып, оған 480 дана ара ұяшығын сатып алған. Олар әр ұяшықтан шамамен 25-30 келі әсел өнімін алады. Биыл шаруашылыққа Австрия мен Украина елдерінен асыл тұқымды карпаттық бал аралары әкелінді. Араның бұл түрлері балды жақсы жинайды әрі ауа-райына жылдам бейімделеді. Балдың аққурай және таулы түрлерін өндіретін шаруашылық өндірілген өнімдерін Қазақстанның солтүстік және орталық облыстарына және көрші Ресей еліне экспорттаған. Ара шаруашылығы ауылшаруашылығының дамыған бір саласы болып табылады. Арадан алынатын өнімдер халық шаруашылығында кеңінен қолданылып келеді. Балды тағам ретінде, ара балауызын кәсіпорын салаларында шикізат ретінде қолданылуда. Кейінгі жылдары медицина мен ветеринария тәжірибесінде, сонымен қоса косметика саласында ара шаруашылығы өнімдерін пайдалануда. Сондай-ақ, облыста бал ара шаруашылықтарды ғылыми сүйемелдеумен айналысатын «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС-де бал ара шаруашылығы секторы жұмыс істейді. Ал бал аралар аналығын қолдан ұрықтандырумен ЖК «Демидов» айналысып келеді. Айта кетейік, өңірдегі «Облыстық әуесқой омарташылар қауымдастығына» 250 бал ара өсірушілері мүше. Қауымдастық төрағасы Төрехан Нармұхамбетов ара өсіріп, омарташылықпен айналысудың қыр-сырын меңгеру бойынша өзара тәжірибелерімен бөлісу үшін жергілікті омарташылардың басын қосып тұрады. Мұндай алқалы басқосулар ара өсірушілерге ғана емес, осы кәсіппен айналысқысы келетін жандарға да қызықты екені даусыз. Бұл арқылы «қазақ баласына қол емес» дейтін омарташылық кәсіпке қазақ жастарының ынта-жігерін тудыруға әбден болады.