Жер асты жылыжайының жемісі
Жер асты жылыжайының жемісі
Аграрлы аймақта былтыр 344 млрд тегенің ауылшаруашылық өнімі өндірілді. Ол 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22 млрд теңгеге артқан. Облыс бойынша қосымша 115 гектар алқапқа жылыжай салынып, жалпы жылыжайлардың көлемі 1025 гектарға жетті. Республикадағы үлес 87 пайызды құрады.
Қазақстан бойынша азық-түлікке қатысты жүргізілген маркетингтік талдауға көз жүгіртсек, қыс және көктем мезгілінде отандық көкөністердің тапшылығы сезілетіні жасырын емес. Мұндағы басты кілтипан не? Бізде науқан кезінде өнім ойдағыдай жиналғанмен, оны сақтайтын арнайы қоймалар мен жылыжайдың жетіспеушілігін сездіреді. Ал бұл мәселені шешу, әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысында өз нәтижесін беріп келеді.
Облыста өндірістік жылыжайларды дамыту мақсатында «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қалада жылыжай кешендерін бір аймақта орнату бойынша «Жылыжай жұмағы» индустриялдық аймақ» инвестициялық жобасын қолға алған болатын. Жоба аясында Шымкенттегі көлік-логистикалық аймақтың жанынан 136 гектар жер телімін беру және сол жер телімінде инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу қарастырылып, арзан тарифті энергия көздері де басты назарға алынды. Бұл өз кезегінде кәсібін жүргізетін шаруалардың капиталдық және операциялық шығындарының азаюына сеп болады. Сонымен қатар, агро-индустриялдық аймақта жоғары технологиямен жылыжай құрылысын жүргізетін кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалатындығы айтылды.
Мұнда жылыжай шаруашылығына қосалқы болатын өнімді cұрыптау, буып-түю, cақтау, қайта өңдеу нысандары мен әкімшілік-тұрмыстық кешен, өнімнің қауіпсіздік және cапа талаптарына сәйкестендіретін зертханалар болмақ. Өнеркәсіптік жылыжайлардың бір аймақта шоғырлануы тауар партиясының үлкеюіне, яғни, ұйымдасқан нарыққа тиімді шартта жеткізуге жағдай туғызуы маңызды. Және фьючерлік келісім-шарттар жасасуға, күніне 240-320 тонналық немесе құндық есеппен жылына 14 млрд теңгелік мол тауармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде құны 26 млрд теңгені құрайтын ішкі инфрақұрылым құрылысын қаржыландыру мақсатында шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде қытайдың «China SinoLight Corporation» компаниясы жобаны қаржыландыруға қызығушылық танытқан болатын. Агроаймақтың инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң жергілікті инвестор ондағы 40 гектар жерге 25 млрд теңге қаржы құюға дайын екенін білдірді. Демек, бұл жылыжай мәселесін шешудің алғашқы тетігінің бірі.
Бір айта кетерлігі, соңғы үш жылда елдегі жылыжайлардың ауданы ұлғайып келеді. Олардың дені – оңтүстіктің еншісінде. Яғни, күнгейдегі көкөністің 90 пайызы отандық нарыққа шығарылуда. Бұл ретте Ордабасы ауданында жылыжай шаруашылығы кәсібін қолға алған шаруалар аз емес. Мәселен, Қараспан ауылында күннің жылуын пайдаланатын жер асты жылыжайының жұмыс істегеніне біраз уақыт. Жылыту жүйесін қажет етпейтін жылыжайда қызанақ пен қиярдың бірнеше түрі өсіріледі. 20 адамды жұмыспен қамтыған жылыжайдың өнім беру көрсеткіші тәп-тәуір. Көкөністер ТМД елдеріне де жеткізіліп жатыр.
Аумағы 11 гектарды құрайтын «Аделя» шаруа қожалығының жылыжайы соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Ерекшелігі сол, көкөністің өсіп-жетілуінде ешбір химикат қолданылмайды. Жылына 3 рет өнім алуға болатын нысанда 200-ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Тамшылатып суғару, жылыту секілді жұмыстың бәрі компьютермен басқарылады. Мұнда жылына 8500 тоннадан астам өнім алуға мүмкіндік бар. Әзірге жылыжайда көкөністердің голландиялық сұрпы егілуде.
Ауданның ауыл шаруашылығы қарқынды өсу үстінде. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларын жүзеге асыруда атқарылған жұмыстар оған дәлел. Ірі қара, жылқы, уақ мал тұқымын асылдандыру ісі жақсы жолға қойылған. Мәселен, сиырды асылдандыру жоспары 74 мың болса, соның биыл 18 пайызы қамтамасыз етілді, уақ мал бойынша 200 пайыз жүзеге асты. С.Әбжаловтың «Сералы», Т.Жанысбаевтың «Сабыр», О.Аташовтың «Ортай», Б.Жұмабаевтың «Бекзатбақ» шаруашылықтары жылқы өсіруге ден қойған. «Ордабасы құстың» даңқы бүгінде республика көлемінен асып кеткен. Онда 8100 тонна құс еті өндірілсе, 2020 жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу межеленген. Отбасылық мал бордақылау алаңдарын, сүт фермаларын өркендету де кеңінен қанат жайып келеді. 237 тұрғын 550 млн теңге жеңілдетілген несие алып, жұмыс істеуде. Бұл шаруа қожалықтарының еңбегі еленіп, кәсібі өрге домалап жатқандығын көрсетеді.
Сондықтан да болар, бүгінде көрші мемлекеттердің өзі оңтүстіктің көкөнісін сатып алуға құмар. Тіпті, Ресейдің Хабаровск, Новосібір, Барнауыл, Красноярск және Татарстан өңірлері күнгейдің көкөнісі мен жеміс-жидек өнімдеріне тапсырыс беруді ұлғайтқан. Осыған орай, көрші елдегі сауда желісін құрған кәсіпкерлер жергілікті шаруашылық жетекшілерімен кездесіп, бірге жұмыс істеудің жолдарын да қарастырған болатын. Басқосуға ұйытқы болған Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы жергілікті кәсіп иелерінің мүддесі тұрғысынан бар амалды қолға алғанын айту керек. Бүгінде күнгейде 2500-дей шаруашылық нысандары жұмысын жүйеге қойып үлгерген. Оның ішінде көкөніс, бақша өнімдерін өндіретіндері де баршылық. Ал қазір, өнімнің піскен шағында көрші Ресейдің қалаларына жөнелтіліп жатқан көкөніс, бақша өнімдерінде есеп жоқ. Әсіресе, қауын-қарбыздың дені сол жаққа қарай тасымалдануда. Бұған дейін Алматы мен талдықорғандық кәсіпкерлермен жұмыс істеп келген ресейліктер осы тәжірибе негізінде жыл он екі ай жергілікті тауарларды сауда желісі арқылы Ресей қалаларына өткізуге келіскен.
Жуырда ресейлiк «Командор» (Красноярск), «Мария Ра» (Барнаул), «Эссен» (Татарстан), «Самбери» (Хабаровск) сауда желiлерiнiң өкiлдерi өңiрге iссапармен келiп, арнайы келiсiмдерге қол жеткiздi. ОҚО кәсiпкерлер палатасы жанындағы тамақ өнеркәсiбi комитетiнiң төрағасы А.Қаражановтың айтуынша, ресейлiк кәсiпкерлердi ең алдымен Оңтүстiктiң сапалы өнiмдерi қызықтырып отыр. Оның үстiне экономикалық санкциялардың салдарынан Ресейдегi дүкен сөрелерiнде бiраз тауарлар азайып қалды. Ендi олардың орнын басуға қазақстандық өнiмдерге үлкен мүмкiндiк туып тұр. Өңiрлiк кәсiпкерлер палатасы жанындағы комитет төрағасының мәлiмдеуiнше, ресейлiк сауда желiлерiнiң сұранысын қанағаттандыруға облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң әлеуетi толық жетедi.
«Осыдан он жыл бұрын Ресей нарығына кiру қиын болатын. Қазiр жағдай өзгердi. Сондықтан сауда-саттық әрiптестiк орнатуға алдымен өздерi мүдделi болып тұрғанда ұрымтал сәттi жiберiп алуға болмайды», – дедi ол. Айта кету керек, ресейлiк сауда желiлерiн қажеттi өнiмдермен қамтамасыз ету жөнiндегi келiсiмшарт әзiрге бiр жыл мерзiмге жасалды.