Кәсіпкерге көмекші инвестициялық орталық

Кәсіпкерге көмекші инвестициялық орталық

Кәсіпкерге көмекші инвестициялық орталық
ашық дереккөзі
Елбасымыздың кәсiпкерлiктi қолдау және дамыту жөнiндегi саясатын жүзеге асыру мақсатында «Максимум» аймақтық инвестициялық орталықтарының жұмыс істей бастағаны мәлім. 2009 жылы өңiр басшысының қолдауымен Оңтүстік Қазақстан облысында ашылған орталық көптің көңілінен шығып келеді. Шаруаларға арзан пайызбен несие беретiн «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы 2009 жылы құрылған. Оның «Ырыс» деп аталатын еншiлес шағын несие беру ұйымы бар. Бiр ерекшелiгi, алғашқысы iрi жобаларды қаржыландырса, соңғысы ауылдағы ұсақ фермерлердi несиелендiрумен айналысады. Қос мекеме де – агроөнеркәсiп кешенi субъектiлерiн тиiстi қаражатпен қамтамасыз ететiн облыстық әкiмдiктiң қаржы операторы. 2009-2016 жылдар аралығында «Максимум» қаржы орталығы мен «Ырыс» ұйымы бiрлесе отырып, жалпы құны 39 741 миллион теңгенi құрайтын 13555 жобаны несиелендiрiптi. Осы жобалар аясында 36 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесiнде ауылдың жағдайы жақсарып, елдi мекендерде шағын және орта бизнес өркендеп, жаңа жұмыс орны пайда болды. Ауылдарда әлеуметтiк ахуал түзелiп, экономикалық тұрақсыздық бiрте-бiрте қалпына келе бастады. Есептi мерзiмде жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыру үшiн жергiлiктi бюджеттен 19,5 млрд теңге бөлiнген. Басқа да көздерден 6,2 миллиард теңге тартылды. Сондай-ақ, қайтарылған 14 миллиард теңге шағын және орта бизнестi қолдауға жұмсалған болатын. Нәтижесі де айтарлықтай. Биылғы алты айдың өзінде 3,2 млрд теңгеге 1242 жоба қаржыландырып, іске қосылған. Айта кетейiк, орталық бiрiншi кезекте көктемгi дала жұмыстарын қаржыландыруға көңiл бөлген. Осы бағытта жалпы құны 1,5 млрд теңгенi құрайтын 793 жоба қаржыландырылды. «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы жұмысқа кiрiскелi берi мал және егiн шаруашылықтарын дамытуға барынша қолдау көрсетiп келген еді. Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, үстiмiздегi жылы 145 шағын және орта мал бордақылау алаңы жобасын жүзеге асыруға «Максимум» 420,5 млн теңге несие қаражатын бөлдi. Соның нәтижесiнде 6120 мал бордақылау алаңы құрылып, 93,3 мың тонна ет дайындалған. 1278 сүт фермасы ұйымдастырылып, 44,9 мың тонна сүт өндiрiлген. 65190 гектар жерге мақта егiлген. Сондай-ақ, 16 тауарлы-сүт фермасын құруға шаруаларға 34,2 млн теңге көлемiнде қаржы берілдi. Осы жерден 173,7 мың тонна «ақ алтын» алынған. 89,7 гектар жерге 291 жылыжай орналастырылған. Өңірдегі жылыжайлар 7,5 мың тоннаға жуық көкөнiс берiп отыр. Сонымен бiрге 2038 гектар интенсивтi баудан 34,8 мың тонна өнiм алынды. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн сақтау үшiн жалпы сыйымдылығы 45 мың тонналық 8 қойма салынған. Диқандар мен егiншiлерге 88 техниканы алуға қол жеткiзiлді. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС басқарма төрағасы Арман Данаев аймақтық инвестициялық орталығы арқылы жүзеге асырылған iрi жобаларды атады. Бүгінде пластикалық бұйымдар және гофро-картон шығаратын компаниялардың қаржыландыру көзi де – «Максимум» АИО болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласы тәуекелi мол кәсiп қатарына жатады. Сондықтан болар, екiншi деңгейлi коммерциялық банктер фермерлiк қожалықтарды несиелендiруге ниет танытпайды. Бiрақ «Максимум» аймақтық-инвестициялық орталығы мен «Ырыс» шағын несие ұйымының жөнi бөлек. Жоғарыда келтiрiлген мысалдардан қос қаржы институтының шаруаларды қаражат көзiмен қамтамасыз етуде үлкен еңбек сiңiрiп жатқанын аңғару қиын емес. Дегенмен, «Алмақтың да салмағы бар» демекшi, осы күнге дейiн берілген қомақты несиелердiң қайтарымы бар ма? Әрине, кәсіптің көзін тапқысы келетіндер көп. Бірақ оның бәрі ә дегеннен-ақ жұмысты дөңгелетіп әкете алмайды. Біреуінің бағы жанып кетер, ал екіншісінің қолынан келмеуі мүмкін. Алайда «Максимум» АИО басқармасының төрағасы Арман Данаев бұл күдiктi сейiлтiп тастады. Оның айтуынша, «Максимум» үлестiрген қыруар қаржының 89,5 пайызы, «Ырыстан» алынған несиенiң 94,2 пайызы мемлекет қазынасына табыс болып қайта оралған. «Максимум» қаржы институты тек несие берумен ғана шектелмейдi. Сонымен бiрге, шаруаларға шетелдiң қымбат техникаларын лизингке алуға көмектеседi. Арман Данаевтың мәлiмдеуiнше, биылғы көктемгi дала жұмыстарын ойдағыдай атқару үшiн шаруаларға көмек ретiнде «Максимум» АИО тарапынан 5 млрд теңге несие қарастырған. Оңтүстiкте iрiлi-ұсақты су қоймалары мен көл-тоғандар жеткiлiктi. Сондықтан өңiрде балық шаруашылығын қолға алуға әбден болады. Осыған орай, облыстық әкiмдiк тарапынан «облыста балық шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған жоспары» бекiтiлдi. Осы жоспардың аясында Бәйдiбек, Шардара, Ордабасы, Түлкiбас аудандарында және Түркiстан қаласында балық өсiретiн 27 ферма құру көзделiп отыр. Бұл ретте «Максимум» АИО мамандары жылына 40 тонна балық өнiмiн беретiн арнайы қожалықтың типтiк жобасын жасап шығарды. Сонымен қатар, өндiрiстiк қуаты жылына 650 тонна балық өнiмiн құрайтын 3 жобаға 206 млн теңге несие бөлдi. Ал кәсібіне несие немесе лизингке техника алғысы келетін қожалық иесі әрі-бері сандалмайды. Себебі «Максимум» АИО мен «Ырыс» микроқаржы ұйымының кеңселері Шымкентте ғана емес, әрбiр қала мен аудан орталықтарында да арнайы өкiлдiктерi жұмыс iстейдi. Шалғай елді мекенде тұратын шаруалардың аудандағы өкілдіктері арқылы мәселесін шешуге мүмкіндігі мол.