4,6 миллиард адамның өмір бойы жиған дәулеті санаулы миллиардердің байлығына жетпейді
4,6 миллиард адамның өмір бойы жиған дәулеті санаулы миллиардердің байлығына жетпейді
Жақында Oxfam ұйымы қызық статистиканы жариялады. Дүние жүзіндегі 4,6 миллиард адамның қаражаты 2153 әлемдік миллиардердің дәулетіне жетпейді. Тіпті олар күніне 10 мың доллардан ғұмырының соңына дейін жинаса да, санаулы миллиардердің байлығының ширегі де жиналмайтын көрінеді.
Аталған ұйымның пайымдауынша, қазіргі әлемдегі экономикалық модель әділетті құрылмаған. Яғни, ат төбеліндей топ қана аста төк дәулетке ие болып, қалған миллиардтаған адамдарға мұндай бақ-дәулеттің бұйырмауы дұрыс емес көрінеді.
Мәселен, АҚШ-тың демократиялық партиясының мүшесі Элизабет Уоррен сайлау алдында Америкада байлыққа салық енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Алайда бұл ұсыныс жаппай қолдауға ие болған жоқ. Тіпті америкалық миллиардерлердің наразылығын да тудырған болатын.
Сондай-ақ, Oxfam ұйымы әлемдегі бай-бағландардың барлығы дерлік ерлер екеніне баса назар аударып, бұл көпе-көрнеу жыныстық теңсіздік деп тұжырымдайды. Өйткені, әйелдер қауымы әлі күнге дейін үй жинау, кір жуу, балаларға, сырқат жандарға қарау секілді «ақысы төленбейтін» жұмысты істеуге мәжбүр көрінеді.
Қорыта келе, аталған ұйым байлықтың соңына түсіп, ашкөздене дүние жиюдың орнына қоғамға пайдалы, елге қажет денсаулық сақтау, білім-ғылым секілді салаларға инвестиция салып, адамдардың өмір сүру деңгейін көтеруге шақырады. Сондай-ақ, байлық салығының механизмін енгізетін уақыт жеткенін ескертеді.