4,6 миллиард адамның өмір бойы жиған дәулеті санаулы миллиардердің байлығына жетпейді

4,6 миллиард адамның өмір бойы жиған дәулеті санаулы миллиардердің байлығына жетпейді

4,6 миллиард адамның өмір бойы жиған дәулеті санаулы миллиардердің байлығына жетпейді
ашық дереккөзі
Жақында Oxfam ұйымы қызық статистиканы жариялады. Дүние жүзіндегі 4,6 миллиард адамның қаражаты 2153 әлемдік миллиардердің дәулетіне жетпейді. Тіпті олар  күніне 10 мың доллардан ғұмырының соңына дейін жинаса да, санаулы миллиардердің байлығының ширегі де жиналмайтын көрінеді. Аталған ұйымның пайымдауынша, қазіргі әлемдегі экономикалық модель әділетті құрылмаған. Яғни, ат төбеліндей топ қана аста төк дәулетке ие болып, қалған миллиардтаған адамдарға мұндай бақ-дәулеттің бұйырмауы дұрыс емес көрінеді. Мәселен, АҚШ-тың демократиялық партиясының мүшесі Элизабет Уоррен сайлау алдында Америкада байлыққа салық енгізу туралы ұсыныс айтқан болатын. Алайда бұл ұсыныс жаппай қолдауға ие болған жоқ. Тіпті америкалық миллиардерлердің наразылығын да тудырған болатын. Сондай-ақ, Oxfam ұйымы әлемдегі бай-бағландардың барлығы дерлік ерлер екеніне баса назар аударып, бұл көпе-көрнеу жыныстық теңсіздік деп тұжырымдайды. Өйткені, әйелдер қауымы әлі күнге дейін үй жинау, кір жуу, балаларға, сырқат жандарға қарау секілді «ақысы төленбейтін» жұмысты істеуге мәжбүр көрінеді. Қорыта келе, аталған ұйым байлықтың соңына түсіп, ашкөздене дүние жиюдың орнына қоғамға пайдалы, елге қажет денсаулық сақтау, білім-ғылым секілді салаларға инвестиция салып, адамдардың өмір сүру деңгейін көтеруге шақырады. Сондай-ақ, байлық салығының механизмін енгізетін уақыт жеткенін ескертеді.  width= Қазіргі таңда әлемдегі ең дәулетті адам – Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос. Оның байлығы  – 182 миллиард доллар. Биылғы жылы SpaceX және Tesla компанияларының басшысы, кәсіпкер, өнертапқыш Илон Масктың дәулеті арта түсіп, әлемдегі ең бай екінші адам атанды. Bloomberg Billionaires Index (BBI) мәліметіне сенсек, ол аталған рейтингте Microsoft-тың негізін қалаған Билл Гейтстен де асып түскен. Масктың қазіргі байлығы 127,9 миллиард долларды құраған. Осылайша  Билл Гейтс  127,7 миллиард доллар дәулетімен рейтингтің үшінші сатысына төмендеген. Сондай-ақ, әлем бай-бағландарының «бестігінде»  Louis Vuitton Moët Hennessy компаниясының президенті Бернар Арно мен Facebook-тің қожайыны Марк Цукерберг нық тұр.