«Елімнің тағдыры – менің тағдырым»

«Елімнің тағдыры – менің тағдырым»

«Елімнің тағдыры – менің тағдырым»
ашық дереккөзі

Елбасы Тараз қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Елімнің тағдыры – менің тағдырым» форумына қатысты. Мерекелік шарада бүгінде Жамбыл облысы 80-нен астам ұлыстың достығы мен татулығы жарасқан шаңыраққа айналғанын айтқан Нұрсұлтан Назарбаев: «Екі мың жылдан астам уақыттан бері жасап келе жатқан Тараз қаласы еліміздің тарихи орталығының бірі болып саналады. Облыс пен қаланың тарихи орындары ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мұралар тізіміне енгізілген. Осынау қасиетті жерде біз күзде қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетін боламыз. Бұл – бірлігіміз бен берекемізді көрсететін маңызды шара», – деді.

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына да назар аударған Елбасы өзінің халыққа Жолдауында көрсетілген тапсырмалардың ойдағыдай орындалып жатқанына тоқталды: «Мен ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Жаңа индустрияландыру аясында 116 миллиард теңгенің 33 жобасы іске қосылды. Құны шамамен 600 миллиард теңге болатын тағы 23 жобаны іске қосу кезек күтіп тұр. Соның ішінде «Тараз Химпарк» арнайы экономикалық аймағының базасында химия кластерін, каустикалық сода мен хлор өндірісін жолға қою, Ақбақай алтын өндіру комбинатын жаңғырту шаралары бар. Жалпы, осы нысандардың барлығында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болады».

Кез келген мемлекеттің эко­номикасын дамытуға туризм саласы игі әсер етеді. Қазіргі таңда әлемнің басым бөлігі ішкі және сыртқы туризмге көңіл бөлген. Нұрсұлтан Әбішұлы Жамбыл облысында туризм саласы жақсы дамып келе жатқанына көңілі толатындығын жеткізді. «Үш ірі туристік нысанның – «Көксай» тау шаңғысы базасының, «Тау самалы» және «Киіз үй отелі» кешенінің құрылыстары жүріп жатыр», –  деген Елбасы алдағы уақытта да туристерді тартуға жағдай жасайтын шаралар жүзеге асырыла беретінін айтты.

Салтанатты шарадағы сөзінде Президент Қазақстан халқының күш-жігері арқасында татулық пен тыныштық ХХІ ғасырдағы ел дамуының іргетасына айналғанына баса назар аударды: «Биыл мен Қазақстанды одан әрі дамытуға бағытталған бес халықтық рефор­маны жүзеге асыру бастамасын көтердім. Біз заманауи мемлекеттік қызметті, әділетті сотты, жаңа индустрияны, болашағы біртұтас ұлтты және есеп беруші мемлекетті қалыптастырып жатырмыз. Осының бәрін біз азаматтарымыз үшін, еңбек адамдары үшін жасап келеміз».

Форум соңында жиылған халық­қа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғысын білдіріп, татулық пен бақ-береке тілеген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзін іліп әкеткен облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері Елбасының саясатын қолдайтындарын жеткізді.

Тараздағы іссапар барысында Президент Елбасы Тараз химия-технология колледжінде болды. Аймақтағы білім беру саласын дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысып, колледждің оқытушылар құрамымен және студенттерімен пікір алмасты. Қазіргі таңда жаңа технологиялар мен өңдеуші салалар есебінен дамып келе жатқан Еуропа мен Азияның жетекші мемлекеттерінен үлгі алу керектігін және Қазақ­станда баламалы экономика құрудың маңыздылығын айтқан Елбасы колледж студенттері мен оқытушыларға: «Индус­трияландыру бағдар­ламасын орындаудың алғашқы бес жылында 770-тей кәсіпорын салын­ды, тек осы жылдың өзінде 75 нысан іске қосылды. Инновациялық технологияларды дамытуға арнайы көңіл бөлінетін болады. Осы колледж базасында қуатты техникалық кластер дамып келеді. Елімізге кен өндіру кәсіпорындарында да, өңдеу кәсіпорындарында да жұмыс істей алатын химик-инженерлер, білікті мамандар керек. Қажетті мамандыққа ие болған түлектер Қазақстанның барлық жерінде жұмыс істей алады, – деді.

Бүгінде аталған колледжде 12 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Сондай-ақ мұнда химия өндірісі саласында ашы­лып жатқан өндірістер үшін қызметкерлерді қайта даярлықтан өткізу және біліктіліктерін жетілдіру қолға алынған. Оқу орны 600 адамға лайықталған, заманауи материалдық-техникалық база­мен жабдықталған. Колледж инфрақұрылымында оқу шебер­ханалары, зертханалар, компьютер сыныптары, мультимедия және  лингафон кабинеттері, компьютер залы бар кітапхана, 200 орынға арналған жатақхана бар. Бұл жастардың лайықты білім алуына жасаған жағдай болса керек.