100 оқулыққа қатысты Рауан Кенжеханұлы жауап берді

100 оқулыққа қатысты Рауан Кенжеханұлы жауап берді

100 оқулыққа қатысты Рауан Кенжеханұлы жауап берді
ашық дереккөзі
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Рухани жаңғыру: «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарған жұмысы туралы брифинг өтті.
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асырылып жатқанына биыл 3 жылдан асты. Бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылды. Жоба аясында жалпы саны 77 оқулық аударылып басылып, еліміздегі 132 ЖОО кітапханаларына таратылды. Қазір жобаның соңғы легіне таңдалған 23 оқулықтың аударма жұмысы аяқталып, басуға жіберілді. Олар жыл соңына дейін университеттерге таратылады.
Онлайн брифингте “Ұлттық аударма бюросы” қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қазақ тіліне аударылған оқулықтар, оқулықтардың авторлық құқығын алу, оларды аудару, басып шығару, тарату ісі туралы сұрақтарға жауап берді.
Жоба аясында әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару міндеті қойылды. Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға cай оқулықтар таңдалды.
Оқулықтар тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану салаларын қамтиды.