"Қаны сорғалап тұрды": Елордадағы жарылыс куәгерлері оқиғаның мән-жайын айтып берді
"Қаны сорғалап тұрды": Елордадағы жарылыс куәгерлері оқиғаның мән-жайын айтып берді
Нұр-Сұлтан қаласындағы дәмхана жарылысына сол маңда орналасқан гүл дүкенінде жұмыс істейтін адамдар куә болған.
Газ баллоны жарылғаннан кейін гүл дүкенінің қызметкерлеріне жарақат алғандардың алғашқы легі жүгіріп барған. Кейбіріне сол жерде көмек көрсетілді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
"Олар жараланған, қаны сорғалап тұрды. Бұл өте қорқынышты болды, бастапқыда ештеңе түсінбедік. Дүрлігіп, шу болып, айғайлап, жылады. Иісі жаман түтін болды", - дейді астаналық Нұржайнар.
Жарылыстың күшті болғаны соншалық, көрші үйлердегі терезе әйнектері шытынаған.
"Біз сол уақытта үйде болдық. Кенеттен қандай да бір тарсыл естілді, толқын секілді үйді шайқалтқандай болды. Содан кейін біраз уақыт өткен соң Шұбарда жеке тұрғын үйде жарылыс болғанын айтты", - деді Нұр-Сұлтанның Бәтима есімді тұрғыны.
Айта кетейік, қайғылы 21 қарашада болды. Түскі уақыт кезінде дәмхана ішінде ондаған қызметкер мен қонақтар болған кезде газ баллоны жарылды. Асхананың төбесі опырылып түскен, ішінде болған әйел апат орнында көз жұмды.
Апат салдарынан 34 адам зардап шекті, оның басым бөлігі – дәмхана қызметкерлері. Қазір 23 адам ауруханада жатыр.
Үш науқас жансақтау бөлімінде жатыр, бір науқастың жағдайы аса ауыр, екі адамның хәлі ауыр, деп хабарлады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.
"Тағы бір науқас травматология бөлімінде жатыр. Науқас жабық бас сүйек-ми жарақатын алған, миы шайқалған. Бұл ер адам – дәмхана қызметкері. Қалған адамдар комбустиология бөлімінде (күйік бөлімі – Sputnik)", - деп нақтылады денсаулық сақтау басқармасының өкілі.
Төтенше жағдайлар департаменті дәмхана ішінен 35 газ баллоны шығарылғанын хабарлады. Оларды осындай көлемде сақтауға болмайды, дейді ведомство өкілдері.
Нұр-Сұлтан полициясы қылмыстық кодекстің 292-бабының екінші бөлігі "өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Өрт-техникалық және сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Нұр-Сұлтан әкімдігі жарылыс салдарынан қайтыс болған әйелдің отбасына 1 миллион теңге төлеп, денесін Қызылордаға жеткізуге көмектесетін болды.