Сапарғали Бегалин − жас ұрпақтың сүйікті жазушысы

Сапарғали Бегалин − жас ұрпақтың сүйікті жазушысы

Сапарғали Бегалин − жас ұрпақтың сүйікті жазушысы
ашық дереккөзі
ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп қилы кезеңдерді бастан кешкен, солай болса да бар өмірін сөз өнеріне арнап өткен Сапарғали Ысқақұлы Бегалин әдебиеттің көптеген жанрларында шығармалар жазып, өнімді еңбек етті. Дегенмен оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі бәрінен бағалы. Себебі ол қазақ қаламгерлерінің алдында жас ұрпақты әдебиетке қызықтыру мәселесі тұрған кезеңде балаларға арнап көптеген шығармалар жазды және оның бәрімен жас оқырмандар қызыға қауышты. Бүгінде дамып, үлкен салаға айналған қазақ балалар әдебиетінің елең-алаң шағында жас жанрды қалыптастыруға тер төккен Сапарғали Бегалин 1895 жылдың 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында дүниеге келген. Жастайынан қазақ әдебиеті мен мәдениетінен хабар мол қаламгер 1915 жылы Семей қаласындағы орыс-қырғыз (қазақ) училищесін бітірген. Сол жылдың 13 ақпанында Семейдің приказчиктер клубында Абайдың туғанына 70 жыл толуына орай өткен әдеби кешті ұйымдастырушылардың бірі болған. 1929-1935 жылдары Дегелең облыстық атқару комитетінің төрағасы, Қарқаралы уездік атқару комитетінің мүшесі, бөлім меңгерушісінің орынбасары, аудандық халық судьясы болып қызметтер атқарған. Сондай-ақ Қазақ егіншілік халық комиссариатында, Түркісіб басқармасына жауапты жұмыстарда болған. 1935-1956 жылдар аралығында «Теміржолшы» газетінде, Қазақ КСР ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында (қазіргі ҰҒА Әдебиет және өнер институты), Қазақстан Жазушылар одағында қызмет етіп, өмірінің соңына дейін әдебиет саласына еңбек сіңірді. Алғашқы шығармасы − «Қазақ боз-балаларына» деген өлеңі 19 жасында «Айқап» журналына (1914 жылы) басылып шықты. Одан бергі жерде «Қыран кегі» (1943), «Цимлян теңізі» (1953), «Таңдамалы» (1956), «Сырлы қайнар» (1963), тағы басқа өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Көксегеннің көргендері» (1948), «Ермектің алмасы» (1955, 1985), «Сәтжан» (1947, 1973, 1978), «Жас бұтақ» (1953), «Жеткіншектер» (1960), «Мектеп түлектері» (1961), «Шоқан асулары» (1971), «Қыран туралы аңыз» (1976), «Екі томдық шығармалар» (1976), тағы басқа әңгіме, повестерден тұратын прозалық кітаптары баспалардан шығып, оқырмандар қолына тиді. Сол секілді «Замана белестері» (1975) романы жарық көрді. Сапарғали Бегалин қазақ әдебиетінде аударма саласына да зор еңбек сіңірді. Оның тәржімесімен Пушкиннің,Лермонтовтың, Шевченконың жекелеген туындылары, Д. Н. Мамин-Сибиряктың, Л. В. Соловьевтің әңгімелері мен повестері қазақ тілінде жарық көрді. Өзінің де көптеген шығармалары өзге тілдерге аударылды. С.Бегалин қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбайұлының шығармаларын насихаттауға да көп еңбек сіңіргендердің бірі. Ұлы ақынның  өмірі, мұрасы, замандастары жайлы қызықты деректерге толы «Қияспай» (1956), «Сауық кеш» (1971), «Назипа Құлжанова» (1973) секілді мақалалары баспасөзде жарияланды. Әдебиет және өнер институтында жұмыс істеген жылдарында халық ақындарының шығармаларын насихаттау жолында тер төгіп, «Халық ақындары» (1953),  «Өмір жыры» (1953) жыр жинақтарын құрастырып, «Сахара сандуғаштары» атты кітап жазды. Жамбыл Жабаев шығармашылығы туралы туралы монографиясын бастырып шығарды. Сондай-ақ, халық ақындары Иса, Шашубай, Төлеу, Доскей шығармаларын сұрыптап бастырып, олардың тұңғыш өмірбаянын жазған да, Тәттімбет, Әміре, Естай, Майра, Қажымұқан секілді халқымыздың тарихи тұлғалары туралы да жазып, оларды кейінгі ұрпақтың тануына әсер еткендердің де бірегейі Сапарғали Бегалин болды. Сапарғали Бегалин өз заманында қазақтың халық әдебиетін көп білетін адамдардың бірі болды. Ол − этнография мен тарихты жақсы білген, халық ауыз әдебиетін терең игерген, қазақтың ғасырлар бойы ауызша тараған аңыз-әңгімелерді, айтыстар мен шешендік сөздерді жатқа білетін құймақұлақтық қасиеті бар кісі еді. Сыршыл лирик, ақын ретінде де танылған  С. Бегалиннің өлеңдерінде өмірге құштарлық, туған жерге деген махаббат сезімдері әдемі өріліп, әсерлі жырланды. Сөзіміздің басында айтқан жайға қайта оралсақ, Сапарғали Бегалиннің шығармаларымен қазақ балалары мектептен бастап танысып келеді. Мәселен оның жарты ғасырдан бері мектеп оқулығынан түспей келе жатқан «Бала Шоқан» атты хикаяты балалардың қабылдауына ыңғайлы өте ұғынықты тілмен, қызықты етіп жазылған. Оны оқыған баланың көкірегіне ұлы тұлғаның жас кезіндегі мейірімді, достыққа адал бейнесі ұялап, Шоқан туралы алғашқы түсінік қалыптасады. Бұл − жас ұрпаққа тарихи тұлғаларды таныту жолында үлгі боларлық өнеге. Қазір де кітапханалардан С.Бегалиннің барлық кітаптарын тауып оқуға болады, сонымен бірге жазушының шығармаларымен ғаламтор арқылы танысуға мүмкіндік бар.   САПАРҒАЛИ БЕГАЛИННІҢ ӨЛЕҢДЕРІНЕН   Қазақ бозбалалары   Қыналған киім, сыптай бой, Қырынған жігіт желөкпе ой, Киініп кербез ат баптап, Іздегенің айт пен той. Барыңды киіп үстіңе, Қырынып үсті-үстіне; Ел қыдырып, ет аңдып, Оныңнан пайда түсті ме?.. Талапсыз, ойсыз бос кеуде, Ермегің елден ет жеуде, Көп барған үйің мезі боп, Ұялар бірақ кет деуге. Жылытам дер үй-іш ажарын, Құрмақ боп жастық базарын, Қалжақтай сөйлеп қағытып, Қазанда боп назарың. Екі-үш жігіт әр жерден, Бас қосып бос сенделген. Іздегендерің ет пен шай, Күн ұзын аңдып телмірген. Қырындап қызға бойжеткен, Көрінсе ондай бір шеттен, Жастықтың жөнін және айтпақ, Ет үшін жүріп кері кеткен. Қысқарттым сөздің аяғын, Өзгерер ме деп баяғың, Ойланар деп осымен Көп жерлеуге аядым. Сүймеймін жаяу салдықты, Мағынасыз ескі қалдықты, Істеуге түгіл, айтуға ар Көрсетер жарым жандықты. Ардақты құрбы, көп інім, Қалса да айттым көңілің, Бос жүрме ізден, оқу тап, Босқа өтпесін өмірің. 1914.     Жүрек үкімі   Балбыраған көктемде гүлдеп бақша, Айырылысар жетті күн қыз бен жігіт. Жігіт кетті әскерге − майдан жаққа, Қыз оқуға «барам» деп қайтты күліп. Қамал бұзды сол жігіт бір соғыста, Жарасы ауыр, тек тірі қалған жаны, Қабырғада ілулі тұрған тұста, Көрді айнадан өз түрін танымады. Түсті есіне судағы өз дидары, Ғашық болған бір кезде құралай көз: Мұңға батып қиналып жігіт жаны, Хат жіберіп сол қызға жазды ауыр сөз. «Мені күтпе сарғайып, қымбат досым, Сен сүйерлік көркім жоқ, мен жарымжан», − Жігіт хаты қызға кеп жетті тосын, Хатты оқып қыз қайғырып болды қайран. Қыз хат жазды: «Кінәм не сен түңілер, Неге жаздың сол сөзді қайрылмастай. Көркің емес, сен мені жарым деп біл, Жаным пида жаныңа айырылмастай». Балбыраған көкемде гүлдеп бақша, Барды алыстан бір күні жарды іздеп қыз. Жүректегі шын сүю кетті ұзаққа, Көрікті емес, көңілде достық лебіз. 1944   Қасымға   Мынау жатқан жалыны өшіп Қасым ба?.. Ақын еді туған ұлы ғасырда, Бұлтқа бөлеп дауыл шайқап туғызған, Жарқылдатып меңзеп бейне жасынға. Еркін өмір құшағында ержетіп, Қақты қанат ұқсап түлек лашынға. Алып топшы жыр қанатын сермеді, Шығар ма деп дүние шыңның басына. Өр кеудесі жыр көгінен бүгілмей, Ойда арманы халық арнаған жүгіндей, Ұшты арқалап алғыр талант әр ақын, Тізе бүгіп жалықтым деп жүгінбей. Бүгін көзін ақын жұмған өмірден, Жыры қалды жалынменен өрілген, Өлді деуге ақынды ауыз бармайды, Оның жыры жоғары тұр өлімнен. 1955