ЛГБТ-фестивальде үздік деп танылған фильмді Қазақстанда көрсетуге министрлік рұқсат берді

Алматыда қазақстандық режиссер Әсел Аушакимованың Welcome to the USA фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Картина Нью-Йорктегі XXXII ЛГБТ кинофестивалінің «үздік шетел фильмі» номинациясы бойынша бас жүлде иеленген.

Картина Мәдениет және спорт министрлігінен прокатқа шығару куәлігін алды, 24 қарашадан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Сырттан жүлде алғанды көтермелейтін әдепкі әдет пе, әлде қазақ қоғамына да сыналап ене бастаған жат танымның түсініктерін насихаттайтын фильмнің бізге берері бар ма?

Фильмнің сюжеті бойынша 36 жастағы Әлия Green Card лотереясын ұтып алады, әйтсе де оған өз Отанында қалу немесе АҚШ-қа көшу арасында бір ымыраға келу қиындық туғызады. Картина гендерлік теңсіздік, сыбайлас жемқорлық, материалдық қиындықтар, дін мәселелері және қазақ қоғамының ЛГБТ өкілдеріне деген көзқарасы сияқты мәселелерді көтереді. Қоғамдағы шеттету, алалау, қатып қалған қағидалар басты кейіпкерге қысым жасайды.

Басты кейіпкердің рөлін Салтанат Наурыз сомдаған.

«Кейіпкерім екеуіміз ұқсаспыз: ақылдымыз, тәуелсізбіз, мықтымыз. Бірақ еңбек етуге, бірдеңені өзгертуге дайын әйелдер бірақ біздің қоғамға керек емес. Біз екеуіміз де адасып, өзімізді таба алмай жүрміз. Менің де кеткім келеді, қазір бұрынғыдай еш мақсатсыз емес, халықаралық деңгейге шығу үшін кетсем деймін», – дейді Салтанат Наурыз.

P.S. Осы тұста адамның ақылына сыймайтын жат түсінікті қоғам үшін қалыпты дүниеге айналдыратын Джозеф Офертонның «терезелері» ойға еріксіз оралады.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button