«Халық шешсін!» Қырғызстан атауын өзгерту мәселесі көтерілді
«Халық шешсін!» Қырғызстан атауын өзгерту мәселесі көтерілді
«Қырғыз жолы» қоғамының жетекшісі Қадырбек Қошалиев Қырғызстан атауын өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды 24.kg.
Бішкекте өткен Конституциялық кеңесте Қ.Қошалиев мемлекет атауын «Қырғыз Халық Республикасы» деп өзгерту туралы ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, республиканың жаңа заңына халық құрылтайы ұғымы енгізіліп жатқандықтан, мемлекет те халықтық болуы қисынды.
«Біз тұңғыш рет ресми түрде Конституцияға халық құрылтайы институтын енгізіп жатырмыз. Халықтың ықпалын күшейтуіміз керек. Барлық жоғары лауазымды қызметтерді халық құрылтайында бекіту керек. Сонда біз коррупцияның алдын алатын боламыз, шенеуніктер де жауапкершілікті сезініп жүретін болады» дейді Қадырбек Қошалиев.
Еске сала кетейік, Жоғарғы Кеңестің 80 депутаты жаңа Конституция қабылдауды ұсынып, келесі жылдың 10 қаңтарында елде референдум өткізу мәселесін көтерген болатын. Жаңа Конституция жобасы қоғамдық талқылау үшін парламенттің сайтында жарияланды.