Дәрігерлер ер адамның мұрнында 50 жыл тұрған тиынды алып тастады

Мәскеулік дәрігерлер пациенттің мұрын қуысында 50 жыл бойы тұрған тиынды алып тастады. Ота бір жарым сағатқа созылған. Бұл туралы Мәскеу денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтында хабарланды.

«59 жастағы пациент оториноларингологқа жүгініп, бірнеше айдан бері мұрнының оң жақ бөлігімен тыныс алу мүлдем мүмкін еместігін айтқан. Компьютерлік томограмма мұрынның оң жақ өзегі тастың тығыздығындай бөгде затпен бітеліп тұрғанын, ал жұтқыншаққа жақын артқы бөлігінде домалақ пішінді зат бар екенін көрсетті. Компьютерлік томограмма жасалғаннан кейін ғана пациент балалық шағында, шамамен 6 жасында ойнап отырып мұрнына тиын тыққанын есіне түсірді. Анасы қатал болғандықтан, айтуға қорыққан, кейіннен мүлдем ұмытып кеткен», – делінген хабарламада.

Дәрігер-оториноларинголог Татьяна Михайлованың айтуынша, жылдар бойы тиынның айналасында тастың тығыздығындай конгломерат – ринолит түзілген.

«Ер адамда тыныс алудың қиындауы бұған дейін де болған. Алайда дәрігерлер мұны мұрын қырының қисаю салдары деп түсінген. Заманауи техника паталогияның себебін анықтауға мүмкіндік берді», – дейді дәрігер.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button