Майра Мұхамедқызы орыс романсының кешін П.Чайковскийдің 180 жылдық мерейтойына арнамақ

Майра Мұхамедқызы орыс романсының кешін П.Чайковскийдің 180 жылдық мерейтойына арнамақ

Майра Мұхамедқызы орыс романсының кешін П.Чайковскийдің 180 жылдық мерейтойына арнамақ
ашық дереккөзі
Ұлттық опера өнерінің мақтанышы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы орыс романсының кешін П.Чайковскийдің 180 жылдық мерейтойына арнамақ. Әйгілі әншінің «Адам жаны мен музыка үндестігі» атты жеке концерті 28 қараша күні елордалық театрдың Камералық залы сахнасында өтеді. - П.И.Чайковскийдің шығармашылығымен кездесуім бала кезімде, менің 5 жасымда орын алды. Әкемнің граммофоны болатын, ол осынау ұлы орыс композиторының туындылары жазылған күйтабақты сатып алып, «Аққу көлі» балетін тыңдатты. Әлі есімде, сол кезде небір күйге бөлендім, қорқынышты музыка ойнаған кезде, үрейлене бастадым, ал кей жерінде таңданып, тамсандым, асау толқындарды көз алдыма елестеттім. Әкем Чайковский атындағы вокалдық байқаудың бар екенін айтып, түсіндірді, егер содан жеңіске жетсең, ұлы әнші боласың деді. Бұл вокалдық доданың олимпиада сынды екені барша әлемге мәлім, оған виолончель, скрипка, фортепиано және вокал бойынша 4 аталым кіреді. Жер бетінің әр қиырынан келген әншілер оған қатысып, бағын сынауға ұмтылады, - деп бөлісті Майра Мұхамедқызы. Атақты әншінің баршаға сүйікті композитормен жаңа кездесуі 21 жасында орын алды, сол кезде оның туған күніне П.Чайковский мен С.Рахманиновтың күйтабағы сыйға тартылды, онда опера әншісі Елена Образцованың орындауындағы романстар жазылған еді. - Осы әуендерді күні-түні тыңдап, жыладым да, толғандым да, шығармалардың кейіпкерлерімен бірге мұңайдым. Бұл сондай нәзік орындау болды, туындыға ғашық етті. Жүрегімде бір арман орын алды – мен орыс музыкасын орындаймын. 1998 жылы Майра Мұхамедқызының П.И.Чайковский атындағы байқауға қатысу мүмкіндігі туды. Ол әкесінің өсиеттерін әрдайым жадында сақтап, бәйгеде оза шабуға барын салатын: атақты пианист Важа Николаевич Чачавамен орындаушылық шеберлігін кемелдендіру бойынша көп жұмыс жасады, оған қазақстандық пианист Теміржан Ержанов та көмектесті. - Барлық БАҚ менің жеңіске жететінімді алдын ала айтып жатты, талғампаз әрі музыканың жілігін шағып, майын ішкен залда отырған мәскеулік көрермен жеңісіме сенімді болатын. Алайда қазылар мүшелері басқаша шешті, мен үшінші жүлде мен М.Давыдов атындағы арнайы диплом алдым. Көңілім түсті, дегенмен музыка әлемінің барлық кәсіпқой мамандары: «Байқаудың тарихына үңілсек, қола медаль иегерлері қашан да әлемге әйгілі әншілер ғана болатын, сен енді солардың қатарындасың» деген болатын. Жылдар өте келе, үшінші жүлдені жеңіп алудың өзі – бір белес екенін түсіндім. Содан бері 20 жыл өтті, бірақ біздің елімізден басқа ешкім аталған байқауда лауреат атанған жоқ, - деді әнші. Бұл жеңіс Майра Мұхамедқызына көптеген танымал театрлардың сахнасына жол ашты, оның ішінде париждік Гранд-опера бар, онда да әнші қазақстандық музыка өнерін паш етті. Оның есімі әлемнің үздік театрларының афишасында жарқырайды, ал жеке өнер көрсетулері Бейжің, Гонконг, Лондон, Ыстамбұл, Дели, Сеул, Мәскеу, Санкт-Петербор, Будапешт және көптеген басқа елдердің қалаларында өтті. «Астана Операдағы» кештің жеке бағдарламасына П.Чайковскийдің А.К.Толстойдың сөзіне «То было раннею весной...», А.Майковтың сөзіне «Колыбельная песня», Э.Тюркеттидің сөзіне «Ты куда летишь, как птица...» атты танымал романстары және тағы  басқа әндер енді, сонымен қатар әнші көрермендер назарына С.Рахманиновтың романстарын ұсынады. Солардың  қатарында А.Пушкиннің сөзіне жазылған «Не пой, красавица, при мне...», Ф.Тютчевтің сөзіне «Сумерки», К.Бальмонттың сөзіне «Ветер перелетный» және т.б. бар. - Бағдарламаны бірінен-бірі аспаса, кем түспейтін орыстың екі ұлы композиторының шығармаларынан құрадым. Чайковскийдің романстарын орындау қашан да қиын: оның музыкасында драма, бейне бар, бұл жай ғана шығарма емес, бұл әрдайым шағын қойылым. Жалпы алғанда операға қарағанда, романс айту қиын. Рахманиновтың шығармаларында мүлде басқа колорит, кей тұста тіпті шығыстың әуені сияқты басқа интонациялар кездеседі. Мысалы, оның «Сон» романсын орындаған кезде, көз алдыма балалық шағым: Қытай, бақилық болған ата-анам, тұрған жерім, үлкен бау-бақшамыз, достарым оралады. Бұл романс менің балалық кезім туралы. Қазір мен орыс классиктерінің шығармаларын терең түйсінем, тілге тиек етер болсам, олардың шығармаларын тіпті Қытайдағы жасөспірім кезімнен зерттедім десем болады. Уақыт өте келе мен үкілі арманымды – орыс композиторларының шығармаларын орындаудың сәті келгенін және оны іске асыру керектігімді түсіндім, ол шығармаларсыз әлемдік деңгейдегі әншінің репертуары толықпаған болып есептеледі. Осы арнау концертіммен биыл П.И.Чайковскийдің 180 жылдығын атап өтіп жатқан барлық музыкалық қауымдастыққа үн қосқым келеді. - Мен Елена Сахноға шексіз алғысымды білдірем, ол маған шығарманың көптеген ерекше қырларына үңілуіме, дұрыс айтуыма, тіркестерді дұрыс құруыма, әуенмен жұмыс жасауыма көп ықпал етеді, - деп қорытындылады Майра Мұхамедқызы.