Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы ғалым З.Қинаятұлының 80 жылдығы

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы ғалым З.Қинаятұлының 80 жылдығы

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы ғалым З.Қинаятұлының 80 жылдығы
ашық дереккөзі
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» ұйымдастырған мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері болған Зардыхан Қинаятұлының 80 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел Алматы қаласында жоғары деңгейде өтті.
 width=
Еуразия ғылыми зерттеу институтының конференция залы экран, микрофон, диктофон, компьютермен толық жабдықталған. Екі сағатқа жоспарланған шара тағы бір сағатқа ұзартылып, модераторлық істі ғылым докторы Д.Баймолда абыроймен атқарып шықты. Зардыхан Қинаятұлының еңбектері шара аясында таныстырылып отырды.
Онлайн шараға Қазақстан, Моңғолия, Түркия, Германия, Венгрия, Ресей, Өзбекстан елдерінен, сондай-ақ, Алматы, Ақтау, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Өскемен, Қостанай қалаларынан тарихшы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғалымның туыс туғандарымен қатар Моңғолияның Алматы қаласындағы бас консулы Ч.Баярмагнай қатысты.
З.Қабылдинов, М.Қойкелді, Қ.Сартқожа, А.Мақұлбекова, Ж.Зардыхан, К.Балтабаева, Е.Бапи, Ә.Меңдеке, Ө.Қанай, Р.Өміртай, Ө.Ертісханқызы, Қ.Қаснай және белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері т.т. белсене ат салысты.
 width=
Мәжитов Саттар: «Ақ Орданың ізбасары Қазақ мемлекеті ғана. Сондықтан да тарихтың жолын қуар болсақ, Қазақ мемлекеті Жошы Ұлысының басты мұрагері болып табылады.
Әлімғазы Дәулетханұлы: Моңғолиядағы қазақтарды атамекенге көшірудің ашық және жасырын үгітшісі, ұйымдастырушысы болған Зәкең…
Сұлтан Тәукей: Монғолияның «Демократиялық жаңа негізгі заңының» жобасын даярлауға Қ.Зардыхан белсене қатынасты. Қ.Зардыханның жаңаша бастамалары мен көтерген тың идеялары Монғолияның көп партиялы құрылымы мен демократиялық өзгерістеріне, қызу қанды жастардың саяси бағыт, бағдарына елеулі ықпал жасады. Демократиялық қозғалыстың саяси көшбасшыларының бір болды.
Нәбижан Мұқамедханұлы: Қазақстанда ел тәуелсіздігі қайта қалпына келген соң ғана мемлекттілік мәселесі көтерілді. Отандық тарих ғылымында Қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерттеудың кешенді жобасын алғаш ұсынған ғалым Зардыхан Қинаятұлы еді десем қателесе қоймаспын.
Бәкей Ағыпарұлы: Моңғол және қазақ халқының көрнекті қоғам қайраткері, әрі белгілі ғалым, тарихшы, ұлы тұлға - Зардыхан ағай туралы қысқаша ой-естелігімді ортаға салу - мен үшін үлкен парызым деп санаймын. Зардыхан Қинаятұлы Моңғолия қоғамының демократялық қозғалысының әрі кеңесшісі, әрі жетекшілерінің бірі және де осы елдің тұрақты Парламентінің ірге тасын қалаушылардың бірі болды.
Ғабсатар Омар: Зақаң озық ойлы үлкен реформатор еді: Ол “15 ғалымның ұсыныс пікірі” деген атпен ел тарихында қалған ұлы өзгерістің идеясын көтеріп ары қарай демократиялық бетбұрыстың платформасы болған еді. Және де осы істің яғни сол он бес ғалымның іс әрекетін бастаған Қ.Зардыхан ағамыз болды.
Сайран Қадыр: ауқымды еңбектерінің арасынан «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» атты туындысы тек кәсіби мамандардың ғана емес, өскелең заманның рухани сұранысына толығымен лайықты құнды тарихи мұраға айналды десек артық айтқанымыз емес. Ол Жошы Ұлысынан бастау алған Қазақ мемлекеті Ақ Ордадан басталатынын шегелеп дәлелдеп кетті.
Қалыбек Қобландин: Зақаңның өмір жолына көз жүгіртсек, ол кісінің екі шың құз биігіне көтерілгенін көруге болады. Оның бірінші биіктігі, Кіші құрылтай төрағасының орынбасары мен Үкімет басшысының орынбасары лауазымында қызмет атқарған моңғолиялық саясаткер, қоғам қайраткері ретінде. Бұл кезде Зақаң жаңа кезеңдегі моңғол қоғамы дамуының бағдар-болашағын анықтауда, саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асыруға, жаңа Ата Заңның қабылдауына жанкешті ат салысқан азамат, тұлға болды. Екінші биіктігі – ғылым саласында моңғолтанушы тарихшы, философ ретіндегі ұлағатты ғалымдығы. Қазір Қазақстандағы ұлттық рухани жаңғырудың өзекті бір саласы – Ұлы Дала тарихындағы ақтаңдақтардың бірі – қазақ даласындағы Алтын Орда тарихының 750 жылдық мерекесінің атап өтілуі - осы хандық дәуірдің білгірі, көрнекті ғалым Зардыхан Қинаятұлының 80 жылдығымен сәйкес келуінің өзі тарихи сабақтастық, символикалық мәні бар дүние деп есептеуге болады.
Сондай-ақ, Павлодарда тұратын Әбшүкір Ертісбайүлы «Тау қопарылып, тас атылған жұртта туған ұл» мақаласын, ақын-жазушы Зуқай Шәрбақынұлы «Жоқтау» өлеңін, Әлем монғолдары қауымдастығының төрағасы, Еңбек сіңірген қайраткер, доктор, профессор Д.Цахилгаан «құттықтауын», ал, Моңғолия Президенті іс басқармасының бастығы болған, ғылым докторы Б.Батхишиг «Демократия теоретигі» атты көлемді мақаласын жолдапты.
Онлайн шараның соңында ғалымның бәйбішесі Қадыхан Доржбайқызы балалары Гүлжәмила, Жанболат, Гүлжазира, Нәрдана және кенже ұлы Жармұқамед, туысқандары атынан ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Аталмыш іс шараның қорытындысы ретінде естелік, мақалаларды құрастырып кітап шығаруды біз міндетімізге алдық. Ал Н.Мұқамедханұлының құрастырған З.Қинаятұлының «Мақалалар жиынтығы» кітабы баспада, кешікпей жарыққа шығады. Кітапқа демеушілік көрсеткен кәсіпкер бауырымыз Жанат Алтынғадысұлына, автордың «Қазақ мемлекеті және Жошы хан» кітабының үшінші басылымына демеушілік көрсеткен Сайранқызы Раисаға рақмет айта отырып, жұмыстарына табыс тілейміз!
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мен «Отандастар қоры» атынан онлайн шараны өткізуге мүмкіндік туғызған Еуроазия ғылыми зерттеу институтының ұжымына, Ө.Қанайға және де атсалысқан басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз!
Зардыхан ағамыз 2017 жылғы 23 қарашада ауыр науқастан қайтыс болып, Алматы облысы Райымбек ауылында жерленген. Үстіміздегі желтоқсан айының 31-і күні 80 жасқа толар еді... Ағамыздың жатқан жері жаннат, иманы жолдас болсын! Артына өшпестей мұра қалдырған ғалым ағамыздың аты халықтың жүрегінде мәңгі сақталады.