Жаңалықтар

Қазақстанның қазынасында 196,1 тонна алтын бар

ашық дереккөзі

Қазақстанның қазынасында 196,1 тонна алтын бар

Халықаралық валюта қорының деректеріне сілтеме жасаған «Блумберг» Қазақстанның алтын-валюталық резервін жария етті. Соңғы 29 айда қордағы сары металл көлемін ұлғайтып келе жатқан еліміздің қазынасында 196,1 тонна алтын бары белгілі болды.

Қазақстан алтын-валюталық қор жөнінен әлем бойынша 24-орынға жайғасты. Халықаралық валюта қоры­ның мәліметінше, 8135 тонна алтыны бар АҚШ дүние жүзінде көш бастап тұр. Ал Ресей 1207 тонна сары металымен алтыншы орынға тұрақтаған. Ресей мен Украина алтын-валюта қорын әзірге бір деңгейде ұстап тұр.

Алтын-валюта қорына құнды металдардан бөлек банкнот және тиын түріндегі шетелдік валюталар, шетелдерде сақталатын банк қаражаты, халықаралық танымға ие резервтік активтер, шетелдік үкіметтер мен халықаралық қаржы мекемелерінен берілген кепілдікті аудармалы вексельдер кіреді. Алтын және басқа қымбат металдар халықаралық төлемдердің күшін сақтау үшін кепілдік-сақтық қор ретінде пайдаланылады. Еліміздің алтын-валюта қорын ұлғайтуға ерекше ден қойғаны сондықтан. Қазақстанның алтын қоры қаңтар айында 193,5 тонна болса, ақпан айында 196 тоннаны құраған. Жалпы алғанда, соңғы үш жылда Қазақстан өз қазынасындағы сары металдың үлесін 33%-ға арттырыпты.

Қордағы алтын үлесінің көбеюіне Елбасының алтын өндірісін жылына 70-100 тоннаға дейін жеткізу туралы тапсырмасы да себеп болғанын айта кету керек. Өйткені алтын қоры 500 тоннадан асатын «Бақыршық» (Шығыс Қазақстан облысы) пен Васильевское (Ақмола облысы) кен орындары осы талапты орындау үшін барларын салуда.

Астанада өткен «Майнекс Орталық Азия» VI тау өнеркәсібі форумында жария етілген жаңалықтың да еліміздің алтын-валюталық қорына әсер етпей қоймасы анық. «Полиметалл» АҚ бас директоры Виталий Несис «Бақыршық» және «Большевик» кен орындарын дамыту үшін 500 миллион доллар инвес­тиция салатынын мәлімдеді. Алтын өндірісіне құйылатын қаржы көбейсе, қоржынымыздағы сары металдың үлесі арта түсері талассыз.

Мемлекеттердің құнды металды жарыса жиюының астарында жасырын сыр жоқ. Экономикалық тұрақсыздық жағдайында қағаз ақшадан гөрі құнды металдың сенімдірек екені бесенеден белгілі. Ақша құнының орнықтылығына сенуден қалған жұрт депозиттік салымды да алтынмен жинауды құп көре бастады. Өйткені алтынның бағасы өспесе, кеміген емес. Мысалы, 2010 жылдан бері сары металл құны 39 пайызға артқан екен. Ал биылғы қаңтар айында алтынның Лондон биржасындағы бағасы 8,4 пайызға өсті.

Алтын нарығындағы тағы бір маңызды жаңалықты айта кеткен жөн. Жуырда құнды металл бағасын белгілеу жүйесі өзгерді. Алтын бағамын бұдан былай лондондық бағам белгілеу жүйесі емес, ICE Халықаралық тауарлық-шикізат биржасы жүзеге асыратын болды. Бұл жүйе алтын бағасын электронды сауда негізінде белгілейді. Алтын нарығындағы ең белсенді тұтынушы – Қытай болғандықтан, бағам белгілеуге енді Қытай банктері де араласуы ықтимал. Сондықтан құнды металл нарығының ойыншылары күтпеген өзгерістердің болатынын болжап отыр.