Мутацияланған коронавирус тарала бастады – ғалымдар үрейлі
Мутацияланған коронавирус тарала бастады – ғалымдар үрейлі
Данияда қаракүзендер арасында таралған коронавирус мутацияланды. Жаңа штаммның таралу жылдамдығы әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Джордж Мейсон университеті Жүйелі биология мектебінің профессоры Анча Баранова осындай пікір білдірді, деп жазады РИА Новости.
"Мутацияланған штамм вирусты көп бөледі. Егер бұл инфекция адамдар арасында тарала бастаса, неге әкеп соғуы мүмкін? Былайша айтқанда, "супертаратушылар" көбейеді. Бұл індетке шалдыққандар вирусты өте көп адамға жұқтыруы мүмкін", - дейді ғалым.
Биологтың сөзінше, қазір Данияда коронавирус жұқтырған қаракүзендердің ағзасында өзгеріске ұшыраған инфекция туралы ғылыми зерттеу жарияланбақ. Зерттеушілердің болжамына сүйенсек, COVID-19-бен ауырып шыққан адамдарда пайда болған иммунитет оны қаракүзендер тарататын коронавирустан қорғай алмайды.
Дания үкіметінің басшысы Метте Фредериксен 4 қарашада елдегі бүкіл қаракүзенді қырып тастау қажеттігін айтты. Өйткені мутацияланған коронавирус жануарлардан адамдарға жұғуы ықтимал.
Арада бір апта өткен соң ел үкіметі тиісті заң қабылданбай тұрып барлық қаракүзенді жоюды талап еткені үшін кешірім сұрады. Алайда Дания билігі адамзатты құтқару үшін жануарларды қыру идеясынан бас тартпақ емес.