Жаңалықтар

Бейбітшілік кепілі – сенімді серіктестік

ашық дереккөзі

Бейбітшілік кепілі – сенімді серіктестік

 Осы аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде Ресей мемлекетінің басшысы Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, өңірлік және халықаралық өзекті тақырыптарды ортаға салды. Кездесу барысында Владимир Путин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркиямен қарым-қатынасын қайта қалпына келтіруге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. «Сіз Ресей-Түркия қарым-қатынасын қайта қалпына келтіру туралы айттыңыз. Осыған байланысты аралық миссияңызды ойлап, жасаған амалдарыңыз үшін алғыс айтамын. Көріп отырғанымыздай, бұл қадам жемісті болды. Біз көптеген жылдар бойы бірегей ынтымақтастық қарым-қатынасымыз бен өзара іс-қимылымыз орныққан достас Түркиямен толық форматтағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге риясыз ұмтылыс жасап отырмыз. Түркия президенті Р.Ердоғанның Ресейге соңғы сапары екіжақты байланыстарды қалыпқа келтіру ғана емес, оны дамыту жөнінде де біздің толыққанды жұмыс жүргізуге ниетті екенімізді дәлелдеп берді. Сол үшін Сізге көп рахмет», – деді Путин. Өз кезегінде Назарбаев Мәскеу мен Анкараның қарым-қатынасына қолдау көрсететінін жеткізді. “Бұл қарым-қатынастар Қазақстанға әсер етті. Өзіңіз білесіз, біздің де олармен байланысымыз бар”, – деді Назарбаев. Екі ел басшылары G20, ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі және Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында өтетін алдағы кездесулерге дайындық барысын пысықтады. – Біздің қарым-қатынасымыз саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да үлгі етуге лайық деп санаймын. Осы жылдары Қазақстан мен Ресейдің 6 мың бірлескен кәсіпорны құрылып, интеграциямыздың өмірде нақты іске асқанын көрсетті. Алдағы Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына үлкен үміт артамын. Оның экономикалық тұрғыдан маңызды кездесу екенін білемін, осыған орай көптеген жобалар әзірленуде. Қазіргі мәселелер біздің үкіметтеріміз арқылы шешімін табуда. Елдеріміздің міндеті – осындай қиын жағдайда әрдайым бірге болу және бір-бірімізге көмектесу. Достық, ынтымақтастық пен өзара көмек туралы шартқа және ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа негізделген Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тұрақты болып қала береді. Қазақстан мен Ресей сенімді көрші әрі әріптес болып саналады және барлық мәселелерді өркениетті елдердегі үлгі бойынша шешеді. Ресейдің Түркиямен қарым-қатынасы жақсарып келе жатқанына қуаныштымын, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, В.Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің барлық бағыт бойынша табысты дамып келе жатқанына назар аударды. – Әрине, біз экономикада қиындықтарға да кезігіп тұрамыз, әсіресе әлемдік шикізат нарығындағы тұрақсыздық пен валюталық ауытқу жағдайында төмендеу байқалуда. Қазіргі ынтымақтастық тетіктері бізге оны еңсеруге мүмкіндік береді. Ал бізде мұндай тетіктер тиімді жұмыс істеуде, – деді Ресей президенті. Екі ел басшыларының кездесіп, аймақта орын алған жайттарды талқылауы екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайта түспек.

 Балаларды қорғау – біздің міндетіміз

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Алматыға сапары барысында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында медициналық қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті. Мұнда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі балалар мен оларды емдеу шаралары, медицинадағы жаңа технологиялар мәселесі қаралды. Балалардың құқықтары мен­ заңды мүдделерін қорғау мем­ле­кеттік саясаттың негізгі ба­ғыт­тарының бірі. Мүмкіндігі шек­теулі балаларға жағдай жасау бас­ты назарға алынып отыр. Кәрім Мәсімов мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар осы мәселе бойынша тығыз бірлесіп жұмыс істеуге тиіс екенін атап өтті. Қазақстанда 18 жасқа дей­ін­гі мүмкіндігі шектеулі 75,7 мың бала бар. Мүмкіндігі шек­теулі балаларды әлеуметтік оңал­ту, Қазақстан Республикасы «Арнаулы әлеуметтік қызметтер ту­ралы» Заңының шеңберінде қоғам­дық ұйымдар арқылы жүзеге асы­ры­лады. Қазақстанда бірқатар әлеу­мет­тік мекемелер желісі бар, оның қатарында тірек-қимыл ап­параты бұзылған мүгедек бала­ларға арналған 2 интернат-үйі, 18 балалар психоневрологиялық интернат-үйі, 21 оңалту орталығы (олардың арасында 12-сі балаларға арналған), үйде әлеуметтік көмек көрсететін 156 бөлімшелер бар. Әлеуметтік қызметтер мүмкіндігі шектеулі балалардың 30 пайыздан астамын немесе 20 мың адамды қамтыды. Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тік даму вице-министрі С.Жа­қы­пованың мәліметі бойынша мүгедек балалар арасында туа біткен ауытқулар, жүйке жүйесі аурулары, психиатриялық бұзылулар, оның ішінде аутизм басымырақ. Елде аутизммен ауыратын 1095 адам бар, 2015 жылы 233 баланың аталмыш аурумен ауыратыны анықталған. Оның айтуынша, осы мәселелерді шешу үшін Қазақстанда бала­лар­дың ақыл-ой және дене дамуын ерте анықтау бойынша жаңа жүйе енгізіледі. Сондай-ақ, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған сақтауды қамтамасыз ету үшін жол картасы әзірленді. Мұның аясында нормативті база, статистикалық есепке алу, клини­калық-диагностикалық хаттамалар, медициналық-әлеуметтік оңалту жүзеге асырылады.  Кездесу барысында балалар құ­қығы жөніндегі уәкіл З.Балиева, Білім және ғылым вице-министрі Э.Сұханбердиева сөз сөйледі. Ақыл-есі кем балаларға арналған қамқорлық көрсетуді жақсарту үшін өз ұсыныстарын әлеуметтік сала өкілдері, қорлар басшылары ұсынды Қазақстан Үкіметінің басшысы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігіне диагностикалық әдістерін жетілдіруге және және медициналық-әлеуметтік дамуы шектеулі балаларды оңалтуға байланысты кадрлы ресурстарды қамтамасыз ету үшін ақпараттық жүйені дамыту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.   Ақниет ОСПАНБАЙ