AIBA Олимпиададағы даулы жекпе-жектерге қатысты мәлімдеме жасады

AIBA Олимпиададағы даулы жекпе-жектерге қатысты мәлімдеме жасады

AIBA Олимпиададағы даулы жекпе-жектерге қатысты мәлімдеме жасады
ашық дереккөзі
Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы даулы жекпе-жектерге қатысты ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Vesti.kz. Ойындарда өткен 239 жекпе-жекті сараптаған ұйым "кейбір шешімдер лайықты деңгейде шығарылмаған" деген тұжырымға келіпті. Қателік жасаған төрешілер мен қазылар Олимпиада ойындарының соңына дейін шеттетіледі. Алайда жекпе-жек қорытындылары өзгеріссіз қалады екен. Нақты қай жекпе-жектерде қателіктің кеткені айтылмайды, сонымен қатар, бұл шешімнің Василий Левит - Евгений Тищенко жекпе-жегіне қатысы бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Осыған дейін Олимпиадада қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконің финалдағы жекпе-жегіне қатысты халықаралық дау туған еді. Қазылар жеңісті Тищенкоға берген кезде жанкүйерлер бұл шешімге наразылық білдіріп, ысқырған болатын. Желіде жекпе-жек қорытындысын қайта қарау туралы петиция пайда болды. Ал әлемдік бокс мамандары төрешілердің әділ шешім шығарғанына күмән келтіретінін атап жатты. Ал осыдан соң Левит - Тищенко жекпе-жегінде төрелік еткен қазылар тағы да дауға қалған еді. Бұл жолы көрермендер ресейлік Владимир Никитин мен ирландиялық Майкл Конлан арасындағы жекпе-жектің қорытынды шешіміне наразы болды.