«Матаның даңқымен бөз өтеді». Журналистер партияға сайлау кезінде ғана қажет пе?

«Матаның даңқымен бөз өтеді». Журналистер партияға сайлау кезінде ғана қажет пе?

«Матаның даңқымен бөз өтеді». Журналистер партияға сайлау кезінде ғана қажет пе?
ашық дереккөзі
Парламент сайлауы өтетін күн жақындаған сайын саяси партияларға «жан бітіп», жекелеген тұлғалардың белсенділігі арта түсетініне етіміз үйренген. Әсіресе, қазіргі  сайлауалды уақыт қызық. Саяси партиялардың Парламент сайлауына кандидаттар ұсыну кезеңі ың-шыңсыз, елеусіз өтіп кетсе, оның несі сайлау дерсіз. Сайлау сайын саяси партиялар кандидаттар тізіміне елге белгілі өнер, руханият, ақпарат саласының өкілдерін де қосып жүр. Парламент секілді органда жүзтаныс, елге сүйкімі бар азаматтардың болуы халық арасында жылы қабылданады деген түсінік бар, өйткені. Бірақ олар кандидаттар тізімінде болғанмен, депутаттар тізіміне енбей қалатынын байқап жүрміз. 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін Парламент сайлауына әртүрлі партиядан ұсынылған тізімге бұл жолы да бірнеше журналист, ақын-жазушы, алашшыл азаматтар еніп отыр. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы атынан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, ақын, Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жетекшісі Дәулеткерей Кәпұлы, танымал тележүргізуші Зейін Әліпбек, «Адал» партиясынан тележүргізуші Мақсат Толықбай, «Ақ жол» партиясынан ақын, «Жас қазақ үні» газетінің бас директоры Қазыбек Иса, алаштанушы Сұлтан Хан Жүсіп сынды азаматтар ұсынылды. Қазақ «Атаның даңқымен қыз өтеді, матаның даңқымен бөз өтеді» деп бекер айтпаса керек. Дегенмен, танымал журналистер, руханият өкілдерінің даңқымен партияны жұртқа сүйкімді еткісі келетін саяси технология баяғыда-ақ ескіргені анық. Қазір сұлу сөздің емес, тындырымды істің заманы. Халық құр сөзден, құрғақ уәдеден шаршағаны рас.  Оның үстіне танымал азаматтарды саяси додаға қосып, сайлау аяқталған соң, ұмыт қалдыру партияға да, сол азаматтардың өзіне де абырой әкелмесі сөзсіз.