Бағыты айқын бағдарлама

Бағыты айқын бағдарлама

Бағыты айқын бағдарлама
ашық дереккөзі
Парламент Мәжілісінде өткен «Nur Otan» партиясы Фракциясының жиналысында 2016 жылы қабылданған партияның «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қорытындыланды. 4 жылдағы оң өзгерістер мен кемшіліктер таразыланды. Нәтижесінде бағдарламаның тиімділігіне, бағыттың дұрыстығына көз жетті.  

 Инфрақұрылымдық жобалар – ел игілігі

 «Nur Otan» партиясының бағдарламасы партия Лидері, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытына сәйкес іске асырылып келеді. Бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асыру арқасында экономиканың тұрақты өсуіне, инфрақұрылымды дамытуға және ең бастысы халықтың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасалды. Сайлау алдында белгіленген мақсат-міндеттердің орындалуын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөліп отыр.  «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» бағдарламасының 4 бағыты аясында қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсарту, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша нақты шаралар атқарылды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша үлкен инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Автомобиль және жаңа темір жолдар салынып, жаңартылды, заманауи логистикалық іске қосылды. Осының нәтижесінде 559 мың жұмыс орны ашылды. Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайының әлеуеті артып, жылына 3 млн жолаушыдан 8,2 млн жолаушыға дейін қызмет көрсететін мүмкіндікке ие болды. Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай трансконтиненталды жолының Қазақстандық бөлігінде қозғалыс ашылды. Бұл – 2,8 мың шақырым жаңа және реконструкцияланған автомобиль жолы. Аз уақыт ішінде Шу-Алматы учаскесінде екінші тармақ салу нәтижесінде тасымалдау мерзімі екі есе қысқарды. Қорық портындағы паром кешені коммерциялық мақсатта пайдаланыла бастады. 5,8 млн тонна жүк өңделді. Үкімет басшысы Асқар Маминнің дерегінше, 2016 жылдан бері Қазақстан арқылы контейнер тасымалы көлемі 4 есе артып, биыл 869 мың контейнерге дейін жеткен. Ал мультимадалды Евразиялық континетаралық Қытай-Еуропа бағыты іске қосылған 2014 жылдан бері осы бағыт бойынша контейнер тасымалы көлемі 26 есе артып, ағымдағы жылы 550 мың контейнерді құрады. Өңірлерде жаңа мектептер салу және балабақша тапшылығы мәселесін шешу «Nur Otan» партиясының ерекше назарында. «Соңғы 4 жылда 3 мыңнан аса балабақша салынды. Бұл мектеп жасына жетпеген балаларды толық дерлік қамтуға мүмкіндік берді. Үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептерді жою үшін 417 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 56 мектеп салынады. Бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ. Бәрі үнемі бақылауда», – дейді Премьер-министр.

 Импорт азайды, экспорт өсті

 Екінші бағыт – экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғырту ісінде де оң өзгерістер аз емес. Шикізат өндірісіндегі қайта өңдеу сапасын жоғары деңгейге көтеру, жаңа индустрияларды іске қосу бағытында қолға алынған жұмыстар экономиканың дамуына тың серпін берді. Атап айтқанда, түсті металлургияны өңдеудің жаңа дейгейіне көшу үшін жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде шығарылатын өнім саны артты. Мыс, алюминий және басқа да металдардан 4-5 өңдеуден өткен дайын өнімдер өндіруге жол ашылды. Соңғы 4 жылда түсті металдардың әлемдік құны айтарлықтай төмендегеніне, айталық, алюминий – 25,5%-ға, мыс – 18%-ға арзандағанына қарамастан елімізде бұл металдардың экспорты 39% және 25%-ға артты. Сәйкесінше бағасы да 18% және 23%-ға көтерілді. Мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталды. Бұл бензинге ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, оны экспорттауға да мүмкіндік берді. Сондай-ақ, авиаотын импортына тәуелділіктен арылдық. Агроөнеркәсіптік кешенді қарқынды дамыту міндеті де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 4 жыл ішінде ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының 400-ден астам жаңа нысаны іске қосылды. Құс фабрикаларының өндіріс қуаты 1,6 есе өсті. Суармалы жерлер аумағы 1 млн 540 мың гектарға дейін ұлғайды. Ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару қарқыны 1,5 есе артып, жылына 12 мың бірлікке жетті. 2016 жылдан бері 430-дан астам шаруа қожалығында технологияның 11 жаңа түрі қолданысқа еніп, еңбек өнімділігі 2 есе артты. Тағы бір өзекті мәселе – ел нарығын отандық азық-түлік өнімдерімен толтыру  және қазақстандық өнімдер экспортын ұлғайту мәселесіне де партия тарапынан айрықша көңіл бөлінген. Соның арқасында оң нтәижелерге қол жеткізілді. Мәселен, сүт импорты  30,6%-дан  24%-ға дейін, құс еті тасымалы 53,6%-дан 41,3%-ға дейін төмендеді. «Азық-түлік тауарларының 23 түрі бойынша мемлекет өзін 80 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Ал кейбір өнім түрлері бойынша отандық тауарлар үлесі 100 пайыздан асады.  Қазіргі таңда, 6 азық-түлік түрі, атап айтқанда, құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық өнімдері бойынша импортқа тәуелдіміз. Тәуелділіктен арылу үшін 2021-2023 жылдарға кешенді жоспар әзірленген. Кешенді жоспарда осы бағытты қаржыландыру мәселесі толығымен қаралған. Әр бағыт бойынша белгіленген инвестициялық жобалар бар. Мәселен, 19 құс фабрикасы салу, жылына 35-тен астам сүт-тауар фермалары салу жоспарланып отыр. 4 қант зауыты қазір реконструкциядан өткізілуде және алдағы уақытта тағы 2 қант зауыты салынады. 6,6 мың гектар жаңа алма алқаптары іске қосылады, өндіріс орындары қосылады. Сонымен осы кешенді жоспар бойынша 2023 жылдың соңы 2024 жылдың басына қарай барылық бағыттар бойынша импортқа тәуелділіктен арыламыз деген ойдамыз», – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Әлеуметтік қолдаудың әлеуеті артты

 Сайлауалды бағдарламаның үшінші бағыты – қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру «Nur Otan» партиясының соңғы төрт жылдағы жұмысының негізгі өзегіне айналды. Бұл бағыттағы нәтижелі істердің бірі – техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің жүйелі дамуы. Елбасының тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап қолға алынған «Жалпыға бірдей тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы 100 мыңға тарта жасты оқумен қамтыды. Тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында адрестік-әлеуметтік көмектің жаңа түрі енгізіліп, жұмыспен қамту орталықтары жұмысы жаңаша сипат алды. Осы бағытта атқарылған істердің нәтижесінде елімізде кедейлік шегі күнкөріс минимумының 40 пайызынан 70 пайызына дейін көтерілді. Бұл әлеуметтік көмекпен қамтылғандар қатарын арттыруға жол ашты. Коронавирус індетінің таралуына байланысты енгізілген шектеу шаралары салдарынан жұмыссыздық деңгейінің өсу қаупі күшейгендіктен, Үкімет  барлық мүмкіндіктерді, барлық мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін осы еңбек нарығына жұмылдырды. «Дағдарысқа қарсы жаңа бағдарлама – Жұмыспен қамту жол картасы әзірленіп, іске асырылды. Еңбек бағдарламасының да әлеуеті қосымша қаржыландыру есебінен кеңейтілді. Осы қолданған шаралардың арқасында біз 1 қарашаға дейін 1 миллион 100 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамту шараларына тарта білдік. Нәтижесінде, басқа да бизнесті қолдау шараларын  қоса алғанда, жұмыссыздық деңгейін екінші, үшінші тоқсанда, 5 пайыз көлемінде сақтап қалдық. Осы жұмыстар дәл осы қарқында жыл аяғына дейін де, келесі жылы да жалғасатын болады. Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасын 2021 жылы да жалғастыру жоспарлануда. Және бұл жолы үлкен басымдық тек тұрақты жұмыс орындарын құратын жобаларға беріледі», – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

 Ұлт саулығын сақтау – маңызды міндет

 2016 жылдан бері отандық денсаулық сақтау жүйесінің дамуына тың серпін берілді.  Әсіресе, әлемді әлекке салған пандемия кезінде медициналық қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыру мәселесі күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналды. 2020 жылдың қаңтарынан бастап елімізде міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі құрылды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын дамыту жолға қойылды. Соңғы 4 жылда қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасқа дейін көтерілді. Ал өлім деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 11,8 пайызға төмендеді. Бұл көрсеткішті одан әрі төмендету бағытындағы шараларға коронавирус пандемиясы кері әсерін тигізді. Десе де, шектеу шараларын дер кезінде енгізіп, медициналық мекемелер мен кадрларды тиісті дайындықпен қамтамасыз ету нәтижесінде індеттің асқынуына жол берілмеді. «Бүгінгі күні коронавирус пандемиясы барлық мемлекеттер үшін үлкен сын-қатер болып тұр. Қазақстанда коронавирус инфекциямен 123097 адам ауырды. Олардың 91%-ы емделіп шықты. Қазіргі уақытты инфекциялық ауруханалардағы орындардың жүктелуі 20%-ды құрап отыр. Жаңа жағдайлардың тәуліктік өсу қарқыны 0,56%-ды құрайды. Бұл әлемдік деңгейден 2 есе төмен. Үкімет елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты жұмыс жүргізіп жатыр. Коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық аясында нақты кешенді шаралар қабылдауда. Медицина ұйымдарының инфрақұрылымын дамытып, денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін өсу қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, барлық өңірлерде жеке қорғаныш құралдары мен стационарларға арналған дәрілік заттардың 2 айлық республикалық және өңірлік тұрақтандыру қорлары құрылды. Дәрі-дәрмектің жеткілікті резерві бар. Жалпы өңірлердегі эпидемиологиялық жағдай үнемі үкіметтің бақылауында. Тәулік сайын мониторг жүргізіледі. Әкімдіктер мен мемлекеттік органдардың арасында жүйелі жұмыс ұйымдастырылған», – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин өз баяндамасында. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шалғай елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін 100 жылжымалы медициналық кешен аймақтарға жіберілгенін атап өтті. Сондай-ақ, жедел медициналық көмек паркі толықтай жаңартылған. Өңірлерге 703 көлік жеткізілді. «Күн сайын елімізде 70 мыңға тарта тест жасалуда. Зертханалардың тестілеу қуаты артты. Мамандарды даярлауға айрықша көңіл бөлінді. 60 мың дәрігер биоқауіпсіздік пен санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің негізгі аспектілері бойынша дайындықтан өтті. Сондай-ақ, коронавирусты емдеудің жаңа хаттамасы әзірленді. Негізінен әр өңірдегі ахуалды ескере отырып шектеу шараларының сақталуына басымдық берілді. Бұл шаралар еліміздегі эпидемиологиядық жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік беріп отыр», – деді Денсаулық сақтау министрі.  Қорыта айтқанда, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етті. Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндетеммелері толық әрі уақытында орындалды. 4 жыл бұрын белгіленген межелер бағындырылды. Жаһанды жайлаған кесірлі кесел салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан, экономиканың дамуы қалыпты қарқынын жоғалтқан жоқ. Жүйелі түрде жүзеге асырылған байыпты бағдарламалар ұлттың саулығы мен елдің дәулетін сақтауға сеп болды.