«Орысша сөйлегенім үшін оңбай таяқ жедім». Алматыда автобустағы жанжалды бастаған әйелге айыппұл салынды

Алматы қаласының тұрғыны Салтанат Ташимоваға 27 780 теңге (10 АЕК) айыппұл салынды. Дәл осындай көлемдегі айыппұлды Салтанат Ташимовамен автобуста жанжалдасқан Қаныкен Атантаева да төлейтін болды.

Оқиға қазан айының соңында Алматыда автобуста болған.

«Жүргізушіден түсетін аялдамамды орыс тілінде сұрағаным үшін мені соққыға жықты» дейді С.Ташимова.

Malim.kz сайтының мәлімдеуінше, автобус жүргізушісі Қастер Серік аталған оқиғаның С.Ташимова айтқандай біржақты болмағанын айтқан.

«№ 207 Саяхат пен Талғар арасында жүреді. Бұл оқиға 24 қазанда орын алды. Кешкі қарбаласта салонда шамамен 35-40 адам болды. Бесағашқа жақындай бергенде, маған жолаушылардың бірі орысша сұрақ қойды. Мен оны түсінбедім де ол кісіге: «Русский не понимаю, тәте, қазақша айтыңызшы» деп бар білген орысшамды салып, қиналсам да жауап қаттым. Бұдан кейін ол кісі телефонға түсіре бастады да тағы да орысша сөйледі. Жолға қарап отырған соң, оған аса мән бермедім. Шамасы Facebook-ке тікелей эфирге шығып жатты-ау деймін, мені орысша жауап бермеді деп айыптап.  Осы кезде бір әйел: «Ол неге саған орысша жауап беруі керек? Сен қайда тұрасың өзің?» деді.

Жүргізушінің айтуынша, автобустағы жанжал осылай басталған.

Сайып келгенде, Талғар аудандық сотының шешіміне сәйкес жанжалдасқан екі әйел де айыпты деп танылып, оларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Back to top button