Цифрлы технология сырын игеру – уақыт талабы

Цифрлы технология сырын игеру – уақыт талабы

Цифрлы технология сырын игеру – уақыт талабы
ашық дереккөзі
Биылғы оқу жылы қалыптасқан дәстүрден бөлек онлайн жүйесі арқылы қашықтан оқыту әдісімен басталғаны  баршаңызға белгілі. Жылда жаңа оқу жылы басталарда оқу мекемелерінің алды мектеп формасын киініп, қаз-қатар тізілген көгершіндей бүлдіршіндерге толып, естен кетпес ерекше мейрам болып жататын еді. Ал, биылғы оқу жылы тып-тыныш үнсіздікпен басталды. Бұл әлемді өртше жалмаған коронавирус пандемиясынан  жас ұрпақты аман сақтап қалу мақсатынан туған жағдай. Адамзат баласының өміріне қауіп төндірген бұл індет, тек әлемдік экономика мен халықтың әлеуметтік жағдайын тұралатып қана қоймай, көптеген азаматтарды да арамыздан алып кетті. Бұрын-соңды мұндай қатерлі індетпен бетпе-бет келмеген әлемдік білім жүйесі де бастапқыда абдырап қалғаны жасырын емес. Біздің еліміздің білім саласы да бұл індет бұлтының қысқа мерзімде  сейілмесін  білген соң, оқушыларымыз білімнен қол үзбес үшін шұғыл түрде қашықтан онлайн оқытудың жолдарын қарастырды. Әрине, қашықтан оқытуды Білім министрлігі бұрыннан қолға алып, осы жүйе бойынша  бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Дегенмен де, бұл бүкіл еліміз бойынша жаппай қолға алынбағандықтан алғашқыда қиындықтар да орын алып жатты. Соған қарамастан аталған министрлік еліміздің білім жүйесін ақсатпау мақсатында қысқа мерзім ішінде бұл мәселені жолға қоя білді. Кезек күттірмейтін бұл міндеттен еліміздің жоғары оқу орындары да тыс қалған жоқ. Қайта қысқа уақыт аралығында цифрлық білімді шапшаң меңгеріп, өткен оқу жылын абыроймен аяқтады. Біздің қара шаңырақ білім ордасы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев биылғы оқу жылында цифрлық сауаттылыққа қатысты олқылықтар  қайталанбас үшін жазғы демалысты ұтымды пайдалана білді. Ректор Такир Оспанұлының бастамасымен тамыз айында оқу үдерісін қашықтықтан  тиімді ұйымдастыру үшін «Цифрлы педагог» онлайн-курсы ұйымдастырылды. Бұл курстан университетіміздің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері жаппай өту үшін төрт кезеңге бөлініп, екі апта бойы үзбей дәрістер жүргізілді. Бұл курсқа 750-ге жуық оқытушы-профессорлар қатысты. Мұнда білікті мамандар  білім платформалары жайында түске дейін дәрістер өткізсе, түстен кейін курсқа қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, біліктілігін жетілдірді. Бұл курста біздің оқытушыларымыз студенттермен бірге жасалатын жұмыстарды қалай жобалауды меңгерді. Әсіресе, miro.com, padlet.com, mentimeter, google де құжаттарды, сонымен қатар OBS-studio көмегімен бейне дәрістерді қалай өткізуге болатынын үйренді. Сонымен қатар Zoom, Google Meet-те бейне конференцияларын қалай ұйымдастыруға болатынын, edpazzle көмегімен бейне аудио және мәтіндік материалдарды қолдана отырып, интерактивті тапсырмаларды қалай құру керектігін, discord платформасында студенттермен қалай байланыс жасау керектігін меңгерді. Қысқасы, біздің оқытушыларымыз жаңа оқу жылы қарсаңында цифрлық технологиямен толық қаруланды десек те болады. Олар студенттерге дәрістер мен семинар тапсырмаларын Zoom, Google Meet, Microsoft Teams, G-Suit, Microsoft Classroom, Scype және т.б. бұлтты сервистерді пайдалана отырып өткізіп келеді. Сонымен қатар осы аралықта бізде Академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін "Цифрлық этикет" әзірленді, электрондық-цифрлық қолтаңба (QR код) енгізілді, цифрлық волонтерлер қозғалысы ұйымдастырылды. Біздің оқытушы-профессорларымыз «Цифрлы этикетті» сақтай отырып, жоғарыда аталған платформалардың көмегімен  бірінші аралық бақылауды да жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. Сонымен қатар биылғы оқу жылында 4 курсқа аяқ басқан 2000-нан асатам білім алушыларымызды  мектепте тоғыз айлық педагогикалық практикадан өткізу мәселесі де алдымызда тұрды.  Сондықтан біздің мақсатымыз осы жұмыстарды да ақсатып алмау болды. Бұл 2019 жылы қолға алынған дуальды  оқыту бағдарламасы бойынша жолға  қойылған болатын. Мұнда біріншіден, өткен оқу жылынан бастап педагогикалық бағыттағы бітіруші курс студенттерінде екі семестр бойы 15 кредит (4/2) көлемінде үздіксіз педагогикалық практиканың (дуальды оқыту) жаңа нысаны іске асырылуда: аптасына 4 күн – практика, 2 күн – университетте теориялық білімін жалғастырады. Екіншіден, 2018 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар студенттеріне «цифрлық білім беру технологиялары» тақырыбында арнайы курстар ұйымдастырылып, осының негізінде студенттеріміз «қашықтықтан оқыту әдістемесі мен технологиялары» пәнімен таныс болды. Үшіншіден, бізде  екінші жыл қатарынан  педагогикалық практика басталар алдында педагогикалық бағыттағы бітіруші курс студенттері үшін 45 сағат көлемінде "Жаңартылған орта білім беру" курсын өткізіп келеміз. Бірақ биылғы пандемия салдарынан бүкіл еліміздің  мектептері де онлайн оқу жүйесіне көшкені өздеріңізге белгілі. сондықтан осы мәселе біздің білім алушыларымызға кедергі болмас үшін, біз университетіміздегі «Мансап» орталығы арқылы тығыз байланыс орната отырып студенттеріміздің қашықтықтан онлайн байланыс орнатуына жағдай жасадық. Соның нәтижесінде биылғы бітіруші түлектеріміз де практикалық білімнен қол үзбей, теориялық білімін өндірісте кеңінен пайдалануда. Біздң университетіміз ректордың басшылығымен 2020/2021 оқу жылында Білім беру сапасын арттыру және қашықтықтан оқытуды одан әрі дамыту үшін Astana Open University LTD-мен "ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" (бакалавриаттың 200 студенті) және "ғылыми зерттеу әдістері" (106 докторант) пәндерін аутсорсинг негізінде оқыту туралы келсім-шарт жасасты. Бұл дегеніміз, біздің докторанттарымыз үш тілде дәріс тыңдап, зерттеу жұмыстарын үш тілде еркін жүргізе алады деген сөз. Осы дәрістерден жоғары көрсеткішке ие болған докторанттар келешекте кез-келген жерде сұрансқа ие сапалы маман бола алары сөзсіз. Қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті заманның көшіне ілесетін, болашақ бүлдіршіндерімізге сапалы білім мен саналы тәрбие беретін педагог-кадрлар даярлау жолында аянбай еңбек ете береді.  

Хайрулла Жанбеков,

Абай атындағы Қазақ ұлттық

педагогикалық университеті

Академиялық мәселелер жөніндегі

департамент директоры, профессор