Жаңалықтар

Тоңазытқышта көз жұмған сәби туралы тың дерек жарияланды

ашық дереккөзі

Тоңазытқышта көз жұмған сәби туралы тың дерек жарияланды

Тоңазытқышта көз жұмған сәбидің денесі ауыстырылған болуы мүмкін

Атыраудағы перинаталдық орталықтың тоңазытқышында көз жұмған сәби өлімі бойынша айыпталушының адвокаты күтпеген мәлімдеме жасады. Қорғаушы Аслан Жолболовтың айтуынша, шақалақтың денесі ауыстырылған болуы мүмкін. Ол мәйітті тексерген Қарағанды облысы бойынша сот сараптамалары институтының комиссиялық сараптама қорытындысында былық көп екенін жеткізді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Жолболовтың сөзінше, сәбидің денесі 2019 жылдың 30 қыркүйегінде Батыс Қазақстан облысына экспертизаға жөнелтілген. Дәл сол күні Жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері мәйітті кері Атырауға әкеліп, әкесіне табыстапты. Алайда сотта неге екені белгісіз, шақалақтың мүрдесі Атырауға 11 қазанда қайтарылған делінген. Адвокат марқұмның ата-анасына басқа баланың денесі жеткізіліп, олар мүлдем өзге нәрестені жер қойнына тапсырған болуы мүмкін дейді. АСЛАН ЖОЛБОЛОВ, АДВОКАТ: "Екіншіден, 2019 жылдың 18 қыркүйегінде баланың денесі эксгумацияланып, Қарағандыдағы сараптама институтына жіберілді. Оған дейін жергілікті патологанатом шақалақтың туған кездегі шашының ұзындығы 1,5 сантиметр деп тіркеген. Мұны Батыс Қазақстан облысындағы экспертиза да растады. Алайда Қарағандыдағы сарапшылар болса мәйіттегі шаштың ұзындығы  2,2 сантиметр деп бекітіпті. Сотта сөйлеген мамандар өлген адамның шашы өспейтінін алға тартты. Сондай - ақ, Заң бойынша экспертиза қорытындысы шыққан күні мен зерттеуге алынған мәйіттің нөмірі сәйкес келуі керек. Бірақ ол да бірдей емес". Еске салайын, қайғылы жайт өткен жылы болған еді. 30 қыркүйекте Атырау облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысанабев пен акушер-гинеколог Асқар Қайыржан жаңа туған сәбиті өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің нұсқасы бойынша, олар толтырылған құжатқа өзгерту енгізбес үшін тірі туған шақалақты мұздатқышқа салып қойған.