Жаңалықтар

«Абай институты» порталы таныстырылды

ашық дереккөзі

«Абай институты» порталы таныстырылды

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» ел іші мен шетелде қазақ тілін үйрету және ілгерілету бағдарламасы аясында әзірленген порталдың таныстырылымын өткізді. «Мемлекет басшысы ұлы Абайдың 175 жылдығын жоғары деңгейде мерекелеу туралы арнайы Жарлығы халқымыздың тарихи жады мен рухани өміріне соны серпіліс әкелген тарихи оқиға болды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан осы бағытта қолға алған шаруаның шоқтығы биігі – осы «Абай институты» ашық білім беру жобасы. Бұл шараның қайнар көзі «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасынан» бастау алады. Қазіргі таңда «Отандастар қорымен» бірлесіп, бес мемлекетте: Түркия, Иран, Ресей, Бельгия және АҚШ елдерінде қазақ тілін оқыту курстарын бастадық», - дейді құттықтау сөз сөйлеген Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба. Сыртқы істер министрлігі шетелдердегі қазақ диспораларымен жұмыс жүргізу жөніндегі басқарма басшысы Мұхтар Кәрібай анатілімізді шетелде оқыту маңыздылығына тоқталды. «Отандастар қорының» жобалар координаторы Дидар Болат порталдың жемісті жүзеге асуына сәттілік тіледі. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Айдос Әбдіхалық портал туралы жан-жақты мәлімет берді. Жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай іске қосылып жатқан жобадан зор үміт күтетінін атап өтті.