Жаңалықтар

Қазақстандық "Өліара" фильмі Оңтүстік Кореяда көрсетіледі

ашық дереккөзі

Қазақстандық "Өліара" фильмі Оңтүстік Кореяда көрсетіледі

Оңтүстік Кореяның Пусан кинофестивалінде қазақ режиссері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің тұсаукесер рәсімі  өтеді. Биыл Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 6-15 қазан аралығында ХХІ Халықаралық BIFF кинофестивалі өтеді. Busan International Film Festival (BIFF) - Азия киноиндустриясында ғана емес әлемде шоқтығы биік кинобайқау. BIFF кинофестивалінде еліміздің жас киногері Елзат Ескендірдің "Өліара" ("Off-season") қысқаметражды фильмінің премьерасы өтеді және "Wide Angle section: Short Film Competition" конкурстық бағдарламасында басты жүлделі орынға таласады. Отандық "Tanaris Production" кинокомпаниясының өнімі негізгі үміткерлер қатарында. 21 жылдық тариxы бар Халықаралық Пусан кинофестивалінде World Premiere-сы (әлемдік премьерасы) өтетін "Өліара" фильмінің қоюшы режиссеры Елзат Ескендір - ҚазҰУ, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының түлегі, Ираклий Квирикадзе шеберханасында тәлім алған жас киногер. Сценарий авторлары - Елзат Ескендір және Өміржан Әбдіхалықұлы. Басты рольдерде - белгілі актерлер Асылболат Смағұлов, Баян Қажынәбиева, Дулыға Ақмолда және баланың рөлін Мақсат Әбдірахман ойнайды. Продюсер - Сергей Азимов, Co-продюсерлері - Анна Вилгельми (Германия), Дария Азимова, Атқарушы продюсері - Дәурен Дариябек. "Шығыс мәдениетін әлемге үлгі етуді мақсат тұтатын кинобайқаудың конкурс тізіміне ілігудің өзі - үлкен мәртебе. Бұйыртса терең психологиялық драмаға құрылған "Өліара" туындысы - Пусан BIFF кинофестивалінен олжасыз қайтпайды деп үміттенем әрі оған шығар күндей сенем", - деп пікір білдірді кинокартинаның атқарушы продюсері Дәурен Дариябек.