Біреуге ақыл, біреуге ақша керек
Біреуге ақыл, біреуге ақша керек
Қазір мобильді құрылғылар мен әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Биыл әлемде 4,5 млрд адам интернетке жүгінген. Қазіргі таңда жер бетіндегі халықтың жартысынан астамы әлеуметтік желіні тұрақты қолданады, яғни әлем жұртының 60 пайызы онлайн режимде өмір сүреді. Әрбір қолданушы орташа есеппен күніне 6 сағат 43 минутын интернет желісінде өткізеді екен. Бұл дегеніміз – бір адам жылына 100 күнін интернетке жұмсайды деген сөз.
Цифрлық технология мен интернеттің дамуы бизнестің жаңа бір саласына қажеттілікті арттырды. Дүниежүзінде тараған жаңа вирус infobusiness-тің қарқынды дамуына әсер етті. Әлеуметтік желінің бүгінгі нарық заманына сай ең басты артықшылығы да осы – кез келген адам ақпарат бөлісу арқылы бизнес бастай алады. Бизнестің тілін ұққандар оқырманға білгенін бөлісіп, оларды жігерлендіретін дәріс оқып, арнайы курс өткізіп, пайда тауып жүр. Нақтырақ айтсақ, қолмен ұстап, көзбен көре алмайтын ақыл мен тәжірибені ақшаға сатады. Тек көзін тапса болғаны.
Пандемияға дейін бизнес-тренерлер мен психологтар еліміздің ірі алаңдарында мыңдаған адамды жинап, оффлайн-кездесулер өткізіп келді. Карантин шарасы енгізілгеннен кейін ақпараттық бизнес мамандары жаңа жағдайға бейімделіп, онлайн курстарға көше бастады. Әрине, бизнес-тренингті шаруасын дөңгелетіп отырған немесе құрдымға кеткен кәсібін қайтадан аяққа тұрғызған кәсіпкер өткізсе, құптарлық жағдай. Алайда теориялық білімін тәжірибе жүзінде пайдаланбаған адамның халыққа бизнес туралы лекция оқығаны қаншалықты қисынды?
Мейірбек БЕРДІБАЙҰЛЫ, инфобизнес маманы, кәсіпкер, маркетолог, ShOU директоры:
Ақпараттық бизнес арқылы миллионер атануға болады
– Қазақстанда екі тілді аудитория қалыптасқан. Орыстілді аудитория ақпаратты көбінесе ресейлік, украиналық аудиториядан алады. Орыстілді аудиторияға ақпарат қолжетімді, олар мәліметті тікелей дереккөзінен алады. Соңғы жылдары орыстілді аудиторияның дамуы бәсеңдеп қалды. Ал қазақтілді аудитория өте белсенді дамып жатыр. Өйткені елімізде өссем, жетілсем дейтін талапты жастар көбейіп келеді. Ақпараттық бизнеске сұраныс осылай қалыптасып отыр. Бұрын қазақ қоғамы кітап оқымайды дейтін. Қазір түсінікті, қарапайым тілмен кітап жазсаң, оқитын адам табылатынын көріп жүрміз. Оған Қ.Шонбайдың «Екінші болма», К.Бекжігітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өзгерт» деген кітаптарының таралымы айқын мысал. Қазақтілді аудиторияның басым бөлігі – ауылдан шыққан, орыс тіліне шорқақ жастар. Ал екінші аудитория – шетелден келген қандастарымыз. Осы ең үлкен екі негізгі аудиторияға қазақ тіліндегі ақпарат қызық. Өкінішке қарай, қазақ тілінде ақпарат жетіспейді. Сондықтан рухани аш халық ақпараттық бизнестегі керекті-керексіз мәліметті «тойғанынша» тұтынып жатыр, уақыт өте келе таңдап, талғап қарайтын болады. Қазір ақпарат көп болғандықтан, әлі өзіне не керегін түсінбейтіндер де көп. Сол сияқты бүгін жарқ етіп, ертең көрінбей жатқан тренерлер де бар. Нарық әлсіздерді шығарып, өз-өзін табиғи сұрыптап отырады. Ақпараттық бизнестің бүгінгі тұтынушылары – жастар. Оларға мобилография саласы қызық әрі өтімді. Смартфонға түсірген видеоны монтаждап, оқырманға әсерлі етіп ұсыну арқылы табыс тауып жатқан жастар көп. Одан кейін интернет-маркетинг саласы сұранысқа ие. Бұл сала интернет арқылы кәсіпкерлерге тұтынушы тарту жолдары, сайт жасау, дизайн, инстаграм желісінде жарнама жүргізуді қамтиды. Осыны негізгі бағыт етіп, жұмыс істеп жатырмыз. Оған да қоғамның сұранысы әсер етіп отыр. Отандық кәсіпкерлер арасындағы сауалнама нәтижесі әлеуметтік желіні жүргізе алатын интернет-маркетологтардың жетіспейтінін көрсетті. Сол мамандарды дайындауға кірістік. Үш айлық курс барысында 1 миллионнан артық табыс тапқан 34 адам шықты. Олардың ең үздігі 16 млн теңге қаражат тапты.