Біреуге ақыл, біреуге ақша керек

Біреуге ақыл, біреуге ақша керек

Біреуге ақыл, біреуге ақша керек
ашық дереккөзі
Қазір мобильді құрылғылар мен әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Биыл әлемде 4,5 млрд адам интернетке жүгінген. Қазіргі таңда жер бетіндегі халықтың жартысынан астамы әлеуметтік желіні тұрақты қолданады, яғни әлем жұртының 60 пайызы онлайн режимде өмір сүреді. Әрбір қолданушы орташа есеппен күніне 6 сағат  43 минутын интернет желісінде өткізеді екен. Бұл дегеніміз – бір адам жылына 100 күнін интернетке жұмсайды деген сөз. Цифрлық технология мен интернеттің дамуы бизнестің жаңа бір саласына қа­жеттілікті арттырды. Дүниежүзінде та­раған жаңа вирус infobusiness-тің қарқынды да­муына әсер етті. Әлеуметтік желінің бүгінгі нарық заманына сай ең басты артықшылығы да осы – кез келген адам ақпарат бөлісу ар­қылы бизнес бастай алады. Бизнестің тілін ұқ­қандар оқырманға білгенін бөлісіп, оларды жігерлендіретін дәріс оқып, арнайы курс өткізіп, пайда тауып жүр. Нақтырақ айтсақ, қол­мен ұстап, көзбен көре алмайтын ақыл мен тәжірибені ақшаға сатады. Тек көзін тап­­са болғаны. Пандемияға дейін бизнес-тренерлер мен психологтар еліміздің ірі алаң­дарында мыңдаған адамды жинап, оффлайн-кездесулер өткізіп келді. Карантин шарасы енгізілгеннен кейін ақпараттық бизнес мамандары жаңа жағдайға бейімделіп, онлайн курстарға көше бастады. Әрине, бизнес-тренингті шаруасын дөңгелетіп отырған немесе құрдымға кеткен кәсібін қайтадан аяққа тұр­ғызған кәсіпкер өткізсе, құптарлық жағ­дай. Алайда теориялық білімін тәжірибе жү­­зінде пайдаланбаған адамның халыққа биз­нес туралы лекция оқығаны қаншалықты қи­сынды?  width= Айгүл ЕЛШІБАЕВА,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, әнші, жыршы:

Халықты адастырған адамды аяп қажеті жоқ

– Қолында дипломы жоқ, былайша айт­қанда, шаласауатты психологсымақ­тармен күре­сіп жүргеніме жарты жылдың жүзі бол­ды. Интернетте ақыл айтқыштарды тексеріп жат­қан ешкім жоқ. Кімнің оқырманы көп болса, соның сөзі өтімді. Ол дұрыс айтып жа­тыр ма, бұрыс айтып жатыр ма, оны саралап жатқандар аз. Оқуға, ізденуге уақыты мен мүмкіндігі жоқ, бала-шағаның қамымен ба­зарға шыққан немесе күйбең тіршіліктен, от­басылық кикілжіңнен шаршаған қазақ әйелдеріне жәрдем жасаудың орнына буддизмді дәріптеп, нумерологияның әдіс-тәсілдерін насихаттайтындар азаймай отыр. Олардың атын атап, түсін түстеп айтып та, жа­зып та жүрмін. Әлеуметтік желідегі парақ­шама жеке хат жазып, психологсымақтардың айтқанын істеп отбасынан ажырасқан, пайда табамын деп соңында банкротқа ұшы­раған, тіпті кісі өліміне әкеп соққан жайттарды айтып хабарласып, хат жазатындарда есеп жоқ. «Алданып қалдым, сеніп қалдым» деп шағымданған елге ендігі жерде жапа шек­кендердің құқығын қорғайтын ұйым­дарға жүгініңдер дедім. «Көмек керек болса, дипломы бар, жөн көрсетіп, бағыт сілтейтін психолог, коучтарға барыңдар» деймін. Аң­қау елге арамза молда болып, адамның миын айналдырып ақша жинау дұрыс емес. Шет­елдің буддист психологтарының сөзін насихаттайтын психологтар азайып, көзі ашық жұрттың саны көбейсе, қуанамын. Өзін ханым, ханшайым деп жария­ла­ғандар ханым мен ханшайым сөзін қор қылмасын. Әр сөздің жөн-жосығын шаңырақ­қа қарап қолданған дұрыс. Не діни сауаты, не психология ғылымы бойынша білімі жоқ, телеарна арқылы аудитория жинап, атақты әншілерге өзін жарнамалатып оқырман жинаған психологсымақтарға ұлттың тілі мен руханияты керек емес. Басқа дін­ге үгіттеп, адамның миын улап, басын қа­тырып адастыратын, ақша табудың жолына түскен «ақылдыларға» тиым салынуы ке­рек. Халықты шатастырған адамды аяп қа­жеті жоқ. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Дін мәселелерін зерттеу орталығы танымал психологсымақпен кездесу ұйымдас­тыр­ды. Сонда Діни басқармада діни сауатты әйел мен еркек, ақ пен қараны саралайтын маман қалмағаны ма? Дипломы жоқ психолог діни тақырыпта қалай тренинг өткізеді? Мен дипломсыз өзімді психологпын деп тре­нинг өткізуге бетім шыдамас еді. Бұл біреуді көре алмағаным емес. Мен үшін адам­дар­­дың ақ пен қараны ажырата білгені маңыз­ды.  width= Мейірбек БЕРДІБАЙҰЛЫ, инфобизнес маманы, кәсіпкер, маркетолог, ShOU директоры:

Ақпараттық бизнес арқылы миллионер атануға болады

– Қазақстанда екі тілді аудитория қалып­тас­қан. Орыстілді аудитория ақпаратты кө­бінесе ресейлік, украиналық аудиториядан ала­ды. Орыстілді аудиторияға ақпарат қол­же­тімді, олар мәліметті тікелей дереккөзінен алады. Соңғы жылдары орыстілді аудитория­ның дамуы бәсеңдеп қалды. Ал қазақтілді аудитория өте белсенді дамып жатыр. Өйт­кені елімізде өссем, жетілсем дейтін талапты жас­тар көбейіп келеді. Ақпараттық бизнеске сұраныс осылай қалыптасып отыр. Бұрын қазақ қоғамы кітап оқымайды дейтін. Қазір түсінікті, қарапайым тілмен кітап жазсаң, оқитын адам табылатынын көріп жүрміз. Оған Қ.Шонбайдың «Екінші болма», К.Бек­жі­гітованың «Ойыңды өзгертіп, өміріңді өз­герт» деген кітаптарының таралымы ай­қын мысал. Қазақтілді аудиторияның басым бөлігі – ауылдан шыққан, орыс тіліне шорқақ жастар. Ал екінші аудитория – шетелден келген қан­дастарымыз. Осы ең үлкен екі негізгі ау­ди­торияға қазақ тіліндегі ақпарат қызық. Өкі­нішке қарай, қазақ тілінде ақпарат жетіс­пейді. Сондықтан рухани аш халық ақ­парат­тық бизнестегі керекті-керексіз мәліметті «той­ғанынша» тұтынып жатыр, уақыт өте келе таңдап, талғап қарайтын болады. Қазір ақ­парат көп болғандықтан, әлі өзіне не керегін түсінбейтіндер де көп. Сол сияқты бүгін жарқ етіп, ертең көрінбей жатқан тренерлер де бар. Нарық әлсіздерді шығарып, өз-өзін та­биғи сұрыптап отырады. Ақпараттық бизнестің бүгінгі тұтыну­шылары – жастар. Оларға мобилография саласы қызық әрі өтімді. Смартфонға түсірген видеоны монтаждап, оқырманға әсерлі етіп ұсыну арқылы табыс тауып жатқан жастар көп. Одан кейін интернет-маркетинг саласы сұранысқа ие. Бұл сала интернет арқылы кәсіпкерлерге тұтынушы тарту жолдары, сайт жасау, дизайн, инстаграм желісінде жарнама жүргізуді қамтиды. Осыны негізгі бағыт етіп, жұмыс істеп жатырмыз. Оған да қоғамның сұранысы әсер етіп отыр. Отандық кәсіпкерлер арасындағы сауалнама нәтижесі әлеуметтік желіні жүргізе алатын интернет-маркетологтардың жетіспейтінін көрсетті. Сол мамандарды дайын­дауға кірістік. Үш айлық курс барысында 1 миллионнан артық табыс тапқан 34 адам шықты. Олардың ең үздігі 16 млн теңге қаражат тапты.  width= Болат ҚОРҒАНБЕКОВ, филология ғылымдарының кандидаты:

Шаласауаттылардың халыққа ақыл айтқаны дұрыс емес

– Ақпараттық бизнеспен айналысу­шы­лардың тірлігін өмір заңы, заман ағымына ілесу деп қарауға болады. Өйткені нағыз ма­ман ақша табуға, дүние соңынан қууға қы­зықпайды. Оған біреулер арнайы өз кә­сібін насихаттауға жағдай жасап, кө­мек­теспесе, қосымша табыс табу деген нәрсені еш­қашан бірінші орынға қоя алмайды. Олар өз кәсібінің шебері болғандықтан, сол кә­сібімен айналысады да, жеке басының пайда­сын кейінгі орынға ысырып қояды. Әрине, қазіргідей мүмкіндіктер ашылып жат­қан заманда шаласауатты, өз ісін шала мең­герген адамдар оңтайлы кезеңді пайдала­нып, тренинг өткізіп, дәріс оқып, ақша тауып жүр. Шаласауаттылардың халық­қа ақыл айт­қаны дұрыс емес. Өйткені өзіне қа­жет білім іздеген жан көкейдегі сұрақтың жауабын шаласауатты бір маманнан алады да, соны қанағат тұтып қоя салады. Ары қа­рай із­денбейді, одан басқаны қабылдағысы кел­мейді. Сондықтан бүгінгі блогерлерге көбірек міндет артылуы керек сияқты. Олар кә­сіби мамандарды іздеп тауып, оларды сөй­летіп, насихаттау арқылы халыққа керекті шынайы ақпаратқа қол жеткізеді.