«Әділет» адалбақаны

«Әділет» адалбақаны

«Әділет» адалбақаны
ашық дереккөзі
Қазір әлеуметтік желінің өте жақсы дамыған, кез келген адаммен жылдам әрі оңай коммуникациялық байланыс орнатуға мүмкіндік тудырған жүйрік-уақыт кезеңі. Біз де шама-шарқымызша әлеуметтік желілерде белсенді болуға тырысамыз. Әсіресе, мына індет өршіген алмағайып мезетте әлеуметтік желінің арқасында жастар мен жасөспірімдер аудиториясы үшін жиі-жиі түрлі онлайн конференция, сұхбат ұйымдастырамыз. Бірде сұхбат үстінде бейтаныс бір кісі «Елеке, Алаш тарихын танып, білгім келеді. Қандай кітап оқуым керек?»  деп сұрады. Біз үшін әлбетте патша көңіл­ді оқырманның сауалы бұй­рық сы­қыл­ды. Ойыма бірден ри­са­ла, тарихи миниатюра жанрында жа­затын Бейбіт Қойшыбаевтың «Рух», «Ар – Қуат», «Рух-Сарай» сияқ­ты кітаптары оралды. Сосын, арада бі­рер апта өт­кен соң, әлгі оқыр­ман­нан хабар­ла­ма келіп тұр екен. «Сіз­ге көп рақ­мет! Бейбіт Қойшыбаевты ен­ді үне­мі оқитын боламын. Жаз­ған­­дары­на риза болдым»,  – депті. Мін­е, қа­зақ­тың бір баласы өз тарихын біл­гісі келіп, әбілхаят суын із­деп, шө­ліркеген адамдай арғы-бергі өт­­кен тамырына үңілгенде, Бейбіт Қой­шыбаевтың қаламынан шыққан сөздер оның айызын қандырып, көкірек шөлін басыпты. Бейбіт Қойшыбаев – қазақ тари­хын жаңаша пайым, то­сын ой, тың дерекпен бедерлеп жүр­ген белгілі жазушы, көрнекті та­рих­шы-ғалым. Оның жанры – тарихи миниатюра! Әдетте қазақтың қай жазу­шы­­сы­ның өмірбаянын қара­саңыз, бәрі фил­фак немесе жур­­фактан білім алға­нын бай­қай­сыз. Бұл ретте Орын­­­­б­ектің баласы Байқадамдағы он жылдық мектепті бітірген соң, жазу­шы болғысы келе­тіндер түсетін оқу­ға емес, инженер-ме­ханик боламын деп Қазақ ауыл­шаруашылық инс­титутына құжат тапсырған екен. 1968 жылы аталған оқу ордасын бі­тіріп, инженер-механик дипломын алады. Туған еліне жол­дамамен ба­рып, Байқадамдағы кә­сіптік-тех­никалық училищеде ар­найы пән­дер­ден сабақ береді. Бірақ оның әде­биетке, тарихқа деген бала күн­нен басталған аңсары мен құмар­лы­ғы жеңіп, 1975 жылы ғұмыр жо­­лы, қызмет саласы мүлде басқа ба­­ғытқа бұрылады. Бұл – қа­лам ісі­не ден қойған болашақ жазу­шы, ға­лым-зерттеуші Қойшыбае­в­тың жур­налистика саласына ауысуы еді. Бейнелеп айтқанда, талапты ердің мұратты ізденісіне орай руханият деген алтын сарайдың қақпа­сы айқара ашылған. Содан бері, міне, табаны күрек­­тей қырық бес жыл осы саланың көрігін үрлеп, отын сөн­дірмей һәм қалам сертіне адал­дық танытып, зор абыроймен қыз­мет етіп жүр. Бия­зы, таза да ақ адал қалпында. Қа­шан көрсеңіз де сол жи­нақы, мұн­таздай таза. Келелі кеңес­терде ке­лісті сөз айтып, парасатты келбе­тінен айнымайды. Әуелде «Ұлан» газетінің редакциясында жауапты хатшы, бас редактор қызметін атқарған ағамыз әр жылдары «Білім және ең­­бек», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әде­биеті», «Денсаулық», «Әдеби қор жар­­шысы», «Zaman  Қазақстан», «Жұл­­­дыз», «Заңгер», «Ана тілі», «Ұлы Дала» басылымдарында да берекелі ең­бек еткен. Осы жылдары оның қа­ламынан сан түрлі әдеби туындылар туып, көркем әдебиеттің көк­жие­гін кеңейтті. Мәселен, «Киелі мұра» романы, «Жас қалам» деген ба­лалар мен жасөспірімдерге арнал­ған хикаяттары, «Қара алтын қай­дан шығады?» әңгімелері – сондай жылы оқылатын мөлдір шығар­ма­лар. Асылында, кез келген қа­лам­гер – намыс қайрағын қо­лына ұстаған атойлы рух иесі. Біз­-д­ің ағекеміз де солақай идеологиясын оңды-солды жүргізіп, қазақ ұлтын әбден эксперименттік сы­нақ­қа алған сұрқия жылдары оқта-текте мінезін көрсетіп, айбат та­нытқан-ды. Әсіресе, теңдік іздеп, әділ­дік деп қазақ мүддесі үшін алаң­ға шыққан Желтоқсаншы жас­тарға араша түсіп, қызыл биліктің би­шігін арқасына тосқанын ұмыт­пауымыз керек. Бұл оқиға былай болған... 1985-1987 жылдары қалам­гер Бейбіт Орынбекұлы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасы аппара­тын­да аса жауапты қызмет атқара­тын. Алаңға шыққан жастарды «на­шақор», «баскесер», «бұзық» деп орын­сыз кінәлап, айыптап жатқан­да қаламгердің дәті шыдамай, басшылардан сауға сұрап, араша бо­лайық деп қайраткерлік көрсетеді. Академик Салық Зиманов, рухты ақын Жұбан Молдағалиевтармен бірге әділдік деп шарқ ұрады. Міз бақ­пайтын билік дегенін істеп, жел­тоқсан боздақтарын соттап, ақыры өлім жазасына кеседі. Жоғары Кеңес­тегі ұлтшыл Қойшыбаев қыз­ме­тінен шеттетіліп, партияның қаһа­рына ұшырап, қатаң сөгіс алады. Желтоқсан көтерілісіне дейін­гі бір жылдары Мағ­жан Жұмабайдың толғауын басып, қазақтың Қорқыттай бақсыларын, діни қайраткерлерін насихаттап, танымдық мақала жариялатқаны үшін «Білім және еңбек» журналы­ның бас редакторлығы қызметінен алынған еді. Мұзға жанған Желтоқсан алауынан соң, Советтік биліктің дикта­туралық билігі сәл-пәл болса да бо­саңсып, режимнің жіберген қате­ліктері әшкерелене бастаған күн туды. Осындай сын сағатта тағы да Қой­шыбаев әділет іздеген жоқшы­лар сапынан табылып, 1937-1940 жыл­дары жазықсыз жапа шегіп, реп­рессияланған, атылған арыс­тар­дың мәселесіне дендеп кірісіп, рес­публикалық басылымдарға ұлт аға­лары болған қайран есіл ерлер туралы қызықты материалдарын бі­рінен соң бірін жазып, оқыр­ман­ның сүйіспеншілігіне бөлене береді. О, пәлі, біздің ұстаз болатын Бейбіт Орынбекұлы осы бір жылдары кім­дер туралы жазбады! Айтайық, Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Тұ­рар Рысқұлұлы, Нәзір Төреқұл­ұлы, Бақытжан Қаратаев, Мұхамед­жан Тынышбайұлы, Халел Дос­мұха­медұлы, Саттар Ерубаев... Өте көп. Бұл тізім жалғасқан сайын жаңара береді, толыға береді. Ұлт-азаттық қозғалысының тегерішін ұстаған Алаш­тың аймаңдай азаматтарын ұмыт­қан совет қазағына таныта бас­тады. Күн демей, түн демей, уа­қыт­пен санаспай ұлт тарихын жазу жо­лында қыруар іске жегілді. Айтыл­маған сөз көп. Танылмаған тұл­ға мол. Анығында, осы жылы­мық­ты кезең – жазушының зерттеу­шілік қырын ашқан, қаламгерлік шеберлігін шыңдаған барақатты мезеті еді. Сол жылдардың тәтті жемісі – бүгінгі жас ғалымдар жиі пай­даланып, зерттеу еңбектерінде үнемі сілтеме келтіріп, мысалға алатын «Бақытжан Қаратаев», «1905 жыл», «Әлихан Бөкейханов», «Сұл­танбек Қожанов», «Ұлт театры шаңы­рағын көтеруші» сынды тарихи хроникалық ізденістері. 1989 жылдан бері жазушы, ау­дар­машы, публицист Бейбіт Қой­шы­баев қоғамдық-саяси өмірге батыл қадам басып, қайнаған қазан­ның отымен кіріп, күлімен шығып-ақ келеді. «Азат», «Ұлт тағдыры» ұлт­тық қозғалыстарының белорта­сын­да болыпты. Қазақстан «Әділет» та­рихи-ағарту қоғамында нақақ­тан-нақақ атылған Ахмет Байтұр­сынұлы, Ілияс Жансүгіров, Ораз Жандосов, Біләл Сүлеев, Сұлтанбек Қожановтардың ұрпақтарымен бас қосып, тізе біріктіріп іс бітіреді. Әлі күнге дейін сол қоғамның бақан ті­реуішіндей боп, қасиетті шаңы­рақты ұстап тұр. Бейбіт Қойшыбаев – ұлттық та­рихымыздың ақтаңдақ бет­терін түгендеп, советтік цен­зура­ға ұшырап, жыртылған я өртелген тарауларын қайта жазып, болашақ ұрпақ үшін қыруар іс атқарып жүр­ген үлкен жүректі, парасатты кісі. Қоғамдық ортаға үн тастаудан я ой толғаудан еш қалыс қалып көрген жері де жоқ. Қашан көрсеңде әділет алғауы болып, ұлт жоғын іздейтін топ­тың басында жүреді. Сергек те мі­незді. Мінезі сөзінен, ой топшылауынан анық көрінеді. Ұлттық рухымызды асқақ­тат­қан қайраткер ағамыз жетпіс бес деген асқаралы мерейлі жа­сы­на отбасымен, туған ұлысымен аман-есен келіп отыр екен. Заматында Мұхтар Мағауиннің батасымен алғашқы прозалық шығармасы баспасөз бетіне басылған Бейбіт Орынбекұлы жазушы ретінде де, ғалым ретінде де елге әбден таныл­ған азамат. Бейбіт ағамыз рух сардарындай жырақта жүрген сақа жазу­шы Мағауин сияқты көңіл дәптеріндегі ойларын іркелмей жа­зып, сүйікті оқырмандарын жыл сайын қуанта берсе екен дейміз іні­лік пейілмен.  

Елдос ТОҚТАРБАЙ