Жаңалықтар

Қазақстандықтардың орташа  өмір жасы 70-ке жетті

ашық дереккөзі

Қазақстандықтардың орташа  өмір жасы 70-ке жетті

Оңтүстік өңірлерді аралауға кіріскен Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары барысында «Мерейлі мақсатымыз – Мәңгілік Ел!» салтанатты іс-шарасына қатысты. Тойға жиналған халықты ұлтымыз үшін ұлық мереке саналатын әз Наурызбен құттықтаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сіздердің өңірде мерекелік шаралар негізгі мейрамға дейін тоғыз күн бұрын басталады. Әр күнге мән-маңыз беру және оны ізгі істерге арнау жақсы бастама. Соның арқасында Наурыз нағыз ізгіліктің мерекесіне айналып келеді. Бұл басқа өңірлерге үлгі боларлық бастама», – деді.

Еліміздің ертеңі – жастарға мемлекет тарапынан білім беру, денсаулық сақтау, жастар саясатына ерекше көңіл бөлініп отырғанын ескерткен Президент жиылған жастарға ағалық ақылын айтты: «Бүгін осында көптеген жастар отыр. Біз жастарымыздың жақсы білім алуы үшін жаңа балабақшалар, мектептер, университеттер салудамыз. Облыста «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі біліммен балалардың 70 пайызы қамтылған. Сонымен қатар, ана мен бала өлімінің деңгейі 20 пайызға төмендеді. Әр облыста медицинаны дамыту мәселелеріне зор көңіл бөлудің арқасында қазақстандықтардың орташа өмір жасының ұзақтығы 70-ке жетті. Бұл біздің еліміздің зор табысы әрі дамуының көрсеткіші деп есептеймін».

Мерекелік жиын барысында әлемдік экономикалық, саяси және дипломатиялық дағдарыстардың белең алғанына қарамастан, Қазақ елі жүйелі де тұрақты дамып келе жатқанын және бұған Қазақстандағы аймақтардың әлеуметтік-эко­но­микалық көрсеткіштері дәлел бола алатынын айтқан Елбасы: «Оңтүстік Қазақстан облысында бүкіл ел халқының 17 пайызы тұрады. Өңір аумағы арқылы ірі теміржол магистралі өтеді, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі салынды. Әуежай қайта жөнделуде. Осы жылдар ішінде облыс уран өндірісінің әлемдік орталығына айналды. Бүгінде өңірдің кеніштері жаһандық уран өндірісінің 35 пайызын қамтамасыз етіп, бірінші орынды иеленіп отыр, – деді.

Жиын соңында «Нұр Отан» партиясының таяуда өткен XVI съезінде белгіленген жаңа мақсаттар мен міндеттер туралы еске салып, барлық бағыттар бойынша жұмысты жалғастыруға шақырған Нұрсұлтан Назарбаев халыққа табыс пен бақ-береке тіледі.

Ақ тілек пен бата ағыл-тегіл ағылған шарада ардагерлердің облыстық кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Н.Шевченко, жастар одағының мүшесі Ж.Өсербаев сөз сөйлеп, жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтады.

Салтанатты шара соңында халық театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарламаны тамашалады. Оңтүстіктегі ағайынға мерекелік көңіл-күй сыйлаған шара Шымкент қаласының жаңа әкімшілік орталығындағы «Ауылым – алтын бесігім» барельефтік сахнасы мен «Көкпаршы», «Қыз қуу», «Теңге алу», «Бүркітші» архитектуралық-декоративтік композицияларын біріктірген «Наурыз алаңында» өткізілді. Жалпы аумағы 50 гектар болатын бірыңғай ар­хитектуралық ансамбльдің құ­рамына тарихи-өлкетану музейі, дәстүр және ғұрыптар орталығы, этнопарк, жасанды көл және қол­данбалы өнер шеберханасы да орналастырылыпты.