Іліктің әлегі

Іліктің әлегі

Іліктің әлегі
ашық дереккөзі

Орыс тілінен калькалану салдарынан қате қолданылып жүрген бір форма – қазақ тіліндегі ілік септік тұлғасы. «Кімнің? Ненің?» деген сұ­рақ­қа жауап беретін қазақ тіліндегі ілік септік – орыс тілінің «Чей?» деген сұраққа жауап беретін ро­­­дительный падежіне ұқсас. Ал осы родительный падеж­дің «кого?» деген сұрағы осы фор­мада басқа падежда да кез­деседі, бірақ ондағы қызметі бө­лек. Винительный падеждің «ко­го? что?» деген сұрақтары біз­­дегі табыс септігінің «Кімді? Не­­ні?» деген сұрағына ұқсас. Бірақ орыс тіліндегі осы екі сеп­­тік қосымшасы жалғанып жа­­салған сөз тіркестері қазақ ті­­ліндегі меңгере байланысқан сөз тіркесіне бара-бар. Яғни, та­­быс септіктегі сөз бен етістік­тің байланысы. Айталық, әрқайсымыздың қо­лымыздағы WhatsApp қо­сым­шасының қазақша интерфейсінде «Хаттардың (ненің?) син­хро­низациясы үшін...» деген нәр­се бар. Ол орысшасында «Для синхронизации писем (чего?)» болса, қазақша дұрысы «Хаттарды (нені?) синхрондау үшін» болуы керек. Сондай-ақ әуежайда айтылатын хабарламадағы «Жолау­шы­лардың тіркеуі мен қол жүк­тері­нің рәсімдеуі» деген хабар­лан­дырудағы «Регистрация (кого?) пассажиров и оформление (че­го?) багажа» қазақшаға «Жолау­шыларды (кімді?) тіркеу және қол жүгін (нені?) рәсімдеу» болып аударылуы керек. Саяси науқандар кезінде ай­тылып, жазылатын «Презид­ент­тің сайлауы (Выборы президента)», «Парламенттің сайлауы (Вы­боры парламента)» деген қа­телер қазақ тіліне осы орыс ті­ліндегі екі падеждің қызметін тү­сінбей аудару салдарынан кел­ді. Ал дұрысы: Кімді сайлау? Пре­зидентті сайлау, Нені сайлау? – Парламентті сайлау. Тағы бір мысал. Аурулардың диаг­ностикасы. Диагностика (чего?) заболеваний. Қате ау­дарыл­ған нұсқада диагностика ауруларға тиесілі болып тұр. Ал дұрыс аударса, «Ауруларды диаг­ностикалау», «Ауруларға диагноз қою» болуы керек. Сондай-ақ орыс тіліндегі бұл фор­ма қазақ тіліне «курстың қатысушылары», «бағ­дарлама­ның қатысушылары» сынды қа­те нұс­қаны әкелді. Дұрысында – «Кур­с­қа қатысушылар», «Бағ­дар­ла­маға қатысушылар» болуы керек. Осы падежді аударудан пайда болған тағы бір қате: «бір қа­ланың мысалында қарас­тыру», «бір жағдайдың мысалын­да түсіндіру» сынды тіркестер. Бұл – орыс тіліндегі «на при­мере города», «на примере ситуа­ции» (кого? чего?) дегеннен ка­ль­ка. Біріншіден, «пример» мысал ғана болмауы, үлгі болуы да мүм­­кін. Ондай болғанда «Бір қа­­ла­ның үлгісінде қарастыру» дә­лірек болар еді. Екіншіден, «бір­деңенің мысалында» сти­лис­тикалық тұрғыдан да қате. «Бір қаланы мысалға ала оты­рып», «Бір қаланы үлгі ретінде алып», «Бір қаланы мысал/үл­гі қыла отырып», «Бір жағ­дай­ды мысал/үлгі қыла отырып/үлгі ретінде ала отырып» десек – мәтін орысшадан аударылғаны білінбей де қалады. Бұл қате 2020 жылы Президент табыс салығын есептеудің жаңа жүйесін әзірлеуге тапсырыс бергенде ерекше көрінді. Новая система учета (чего?) по­доходного налога дегенді қа­зақ БАҚ-тары мен блогерлері «Та­быс салығының (ненің?) жаңа есептеу жүйесі» деп аударып алды. Шын мәнінде: Нені есеп­теу? – Табыс салығын есептеу болуы керек. Бір автосалонның маңдай­ша­сында тұрған «Европа (не­нің?) өндірісінің автокөліктері» деген жазу да – калька. «Машины европейского (чего?) производства» дегеннен қате аударған. Дұрысы – «Еуропада жасалған кө­ліктер». Ең сорақы қатені «поправка часов» дегенді «сағаттардың тү­зетуі» қылып аударғанда көр­дім...

Назгүл ҚОЖАБЕК