Қорғаныс – елдің сесі мен сұсы
Қорғаныс – елдің сесі мен сұсы
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміздің экономикасы айтарлықтай дамып, өмірімізде елеулі өзгерістер болды. Қазақстан өркениет көшінде кейін қалмай, дамыған елдер қатарына қосылу барысында үлкен жолдан өтті. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты нәтижесінде әлем таныған, мойындаған тәуелсіз еліміз өркені өсіп, жаңа биік белестерді бағындыруды мақсат етіп отыр.
Қарулы Күштердің алдында үлкен міндеттер тұр. Жыл сайын паркімізді әскери техниканың соңғы үлгілерімен белгілі деңгейде жаңартып келеміз. Бұл процесс енді бір 8-9 жылда Қарулы Күштерімізді әлемдік озық негізгі әскери күштер талаптарына сай толығырақ жарақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде мына бір жайға назар аудару керек. Әлемнің бірде-бір елінің армиясы қазіргі заманғы әскери техникамен 100 пайыз қамтамасыз етілмеген. Өйткені әр техниканың белгілі уақытта ауыстырылуға тиісті өмір сүру циклі болады. Мерзімі келгенде конструкторлар оларды одан әрі жетілдіру, қуатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізеді. Сол тұрғыдан келгенде біздің Қарулы Күштерімізде де стратегиялық маңызды көрсеткіштер үнемі анықталып отырады.
Мәселен, әлемдік әскери қару нарығындағы өзгерістерді, соңғы кездерде әр жерде болып жатқан соғыстар мен қарулы қақтығыстарды зерттей отырып, Қорғаныс министрлігінде, Бас штабта осы негізгі көрсеткіштерді ұдайы үйлестіріп отыруға назар аударылады. Ал бұл Қарулы Күштеріміз ең озық әскери техникамен жарақтандырыла береді деген сөз.
Мемлекет тарапынан әскерилер үшін барлық жағдай жасалған. 2017-2019 жылдар аралығында әскери қызметшілердің көптеген категориясы мен олардың сыныбы бойынша еңбекақы көтеріліп, әскери ұшқыштардың жалақысы екі есеге өскен. Әскери қызметшілердің мемлекет есебінен ақшалай үлеспен, заттай мүлікпен, тамақпен, медициналық қамтамасыз етумен және қызмет кезеңінде тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқықтарына кепілдік берілгені заңда ашық жазылған. Офицерлер арасында тұрғын үй төлемдеріне қаражат бөлу оң әсер тудырды. Тек соңғы 3 жылда қайталама нарықта 3 410 пәтер сатып алынды және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша 9 283 тұлғаға арнайы шот ашылды, барлық бағдарлама бойынша әскери қызметшілерге 182,5 миллиард теңгенің банктік несиелері берілді, 92,7 миллиард теңге депозиттерге ( жеке қаражат + 68,7 млрд теңгеге тұрғын үй төлемдері) аударылған. Дегенмен де 37 мың әскери қызметші тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұр. Оларда ай сайын тұрғынүй жинақ қорларында болашақта алатын үйлеріне қаржыларын жинақтауда.
Сонымен қатар шалғай аудандарда әскери қызметшілердің әйелдері көбіне жұмысқа тұра алмайды, бұл отбасының материалдық жағдайына да әсер етіп, жағдайды қиындатады. Аймақтарда тұрғын үй төлемдерінің біркелкі емес есебі әскери қызметшілерді «пайдалы орталық аймақтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына» қызметке ауыстыруға лоббизм жасау арқылы сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтарға негіз тудыруы мүмкін екенін атап өткім келеді. Біз Қазақстандағы тұрғын үй төлемдерінің орташа мөлшерін белгілеу туралы мәселені күн тәртібінде қарастыру қажет деп санаймыз, тек тұрғын үйдің нарықтық бағасы орташа деңгейден жоғары болатын Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларын қоспағанда орташа бағамын тауып есептеу қажет.