Ырысбек Мәуіт: Оқулықтың олқылығы оқушының қызығушылығын жоғалтады

Ырысбек Мәуіт: Оқулықтың олқылығы оқушының қызығушылығын жоғалтады

Ырысбек Мәуіт: Оқулықтың олқылығы оқушының қызығушылығын жоғалтады
ашық дереккөзі
Өткен жылғы Көші-қон басқар­ма­сы­ның мәліметіне сүйенсек, көшіп кел­ген қандастарымыздың  арасында жоғары білімді 53 843 адам, орта білімді 122 058 адам болса, өзге елдердің білім сала­сын­дағы озық үлгілерін бойына сіңіріп, та­рихи Отанына оралған 85 ғылым док­торы, 226 ғылым кандидаты қазақ елінің бі­лім-ғылымының дамуына үлесін қо­сып жатыр. Соның бірі де бірегейі – Ырыс­бек Мәуіт. Ол – Қытай елінің Алтай аймағы Көктоғай ауданында туған. 2008 жы­лы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп кел­ген. Ырысбек Мәуіт – математика ғылым­да­рының магистрі, Қазақстан Білім жә­­не ғылым министрлігінің үш мәрте Құр­мет гра­мотасының иегері, 20-дан ас­там оқу құ­ралының авторы, халық­аралық және рес­публикалық олимпиадаларда жеңімпаз бол­ған оқушылардың жетекшісі, ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығының директоры әрі осы ор­талықта математика пәнінің жо­ғары са­натты мұғалімі. Шетелде жиған ілім-білімін, тә­жіри­бе­­сін және бар қажыр-қайратын ата­жұртқа арнап жүрген қандасымыз  Ырыс­­бек Мәуіт мырзаны әңгімеге тарт­қан едік.  width= – Әуелі ZERDELI ақыл-ой дамыту ор­та­­лы­ғы туралы қысқаша айта кетсеңіз? – ZERDELI ақыл-ой дамыту орталығы (қа­зір мектебі) – 2014 жылы Елорданың Қа­банбай көшесі 40-шы үйдің жертөлесінде алғашқы жұмысын бастады. Қазір елордада 6 жер­де және Алматы, Шымкент қалаларында бөлімдеріміз бар. Жалпы саны 200-ге тарта мұ­ғалім сабақ береді. Тек астананың өзінде 30-дан астам мықты математика мұғалімі бар. Сонымен қатар Назарбаев университетінен 20 шақты, «Болашақ» бағдарламасымен оқып келген 20 шақты мұғалім жұмыс істейді. Орталық ұжымы әу баста тек 10 шақты ма­тематиктен құралғандықтан математика пәні және жаратылыстану бағытында жақсы танылдық. Одан кейін ата-аналар басқа да пәндерден сабақ берсеңіздер деп ұсыныс тас­тады. Осылай сұранысқа сай кеңейе бердік. Қазір елімізде мұндай орталықтар көп, бі­рақ бұл жерде басты мәселе жақсы команда жасақтауда. Ирландиядан Өжет деген інім оқуын бітіріп келіп, ағылшын пәнін оқы­та­тын мықты команда жасақтады. Ағылшын пәнін үйретуде де жақсы нәтижеге жете бас­тадық. Карантинге дейін 2 мыңдай оқушымыз бар болатын. Пандемия басталған соң біз бір­ден онлайн оқытуға көштік. Өйткені бізде он­лайн оқытуға қажетті техникалық жаб­дықтар мен тәжірибелі ІТ мамандар жеткілікті еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын 10 млн теңгеге шетелден техникалық құрал-жаб­дық­тар сатып алдық. Себебі келешекте онлайн оқытамыз деген жоспарымыз болды. Қазір онлайн сабақ өткізуге арналған студия Қа­зақстан бойынша тек бізде ғана бар. – Бұл орталықты ашарда қандай мақ­сат болды? – Байқасам олимпиадаға қатысатын, жақ­сы нәтижеге жететіндердің көбі орыстілді аудитория екен. Сондықтан менің ең басты мақсатым – табыс табу да, ағарту, олим­пиа­даға бала дайындау да емес, қазақтілді аудиторияны көтеру еді. Яғни, қазақ тілінің мәр­те­бесін көтеру. Екінші мақсат – қазақ ті­лін­де дидактикалық оқулықтар шығару. Мен бұл іске басында тек оқыту, ағарту мақ­сатын көздеп жүріппін. Кейін бір заңгер кі­сі бұл жұмысқа бизнес ретінде қарауға кеңес берді. Бизнес деп қарағаннан кейін са­па артты. Сапа табыс әкелді. Бірақ аса бір қа­зынаға кенеліп отырған жоқпыз. Жоғарыда айт­қан 200-дей мұғалімге айлық төлеуіміз қа­жет. Одан бөлек, орталықтардың барлық оры­ны жалға алынған. Оқу­шыларға ыңғайлы болуы үшін сапалы әрі қым­бат орындар ал­­дық. Мысалы, бір ғимаратқа ең кемі 1 млн тең­ге тө­лейміз. – Құпия бол­­маса, бір оқу­­шы­ның айлық төлемі қанша болады? Жалпы, оқу­шы­лар неліктен қо­сым­ша оқи­ды? Әлде мектепте білім дұрыс бе­ріл­мей жатыр ма? – Шамамен бір оқу­шы­ның айлық оқу төлемі – 20-30 мың теңге көлемінде болады. Ал бір-екі пәннен ғана сабақ алатын болса, онда одан аз түседі. Сонымен қатар шетелден келген қандастардың балаларына 20-30 пайыз жеңілдік бар. Осы ретте қандастардың білім алуы жайлы бірер сөз айта кетейін. Мен, әрине тек өз саламның аясында қандастарға көмектесуге тырысамын. Өйткені өз басымнан өткен қиындықтар мен кедергілердің жайын жақсы білемін. Сондықтан бұрынғы Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиевпен кездесіп, қандастардың білім алу мәселесін айттым. Мәселен, шетелде тұ­рып, балаларын осы жақта оқытатын ата-ана­лар бар. Осыған орай министрге сол қан­дастардың балаларына арнайы мектеп-интернат ашуды ұсындым. Елбасының бір сөзі бар еді ғой: «құлынын әкелсең, енесі өзі келеді» деген... Министрліктен сәл ғана қолдау болса, бұл істі өзіміз де жүзеге асыруға мүмкіндік бар еді. Кезінде Қытайдан келіп, оқып жүрген қан­шама оқушыны оқыттық. Ал екінші мәселе, «оқушылар біздегі мектеп дұрыс оқыта алмай отырғандықтан қо­сым­шаға барады» деу дұрыс емес. Білім-ғы­лымы дамыған Оңтүстік Корея секілді ел­дер­дің оқушылары да осындай орталық­тардан қосымша оқиды. Бұл жалпы әлемде бар үрдіс. – Бәсекелестеріңіз бар ма? – Бар. Бірақ бәсекелестік түрлі бағытқа бай­ла­нысты. Мысалы, біз бес бағытта жұмыс істейміз. Бірінші, осы оқытып жатқан ор­та­лықтардың білім беру жұмысы. Оған Назарбаев университетіне дайындау, ҰБТ-ға дайын­дау секілді бағыттар кіреді. Екінші бағыт – «Зерделі талант». Бұл – дарынды, талантты оқушыларды анықтап, оларды түрлі олим­пиа­даларға дайындау. Үшінші бағыт – «Зерделі кітап». Бұл – қазақ тілінде логика жетілдіретін дидактикалық оқулықтар шығару. Қа­зір «Зерделі кітап» шығарған оқулықтар ел ішінде тарап жатыр. Мысалы, мен бастауыш сыныптарға математиканы қалай үйрету керек, логикасын дамытуға жасап жүрген өз тәсілім бар. Оқулық орталығының басшысы Ғани Бейсенбаев айтады: «бізде «Петерсонның оқулығы» деген бар. Ал неге бізде «Ырысбектің оқулығы» болмасқа?» дейді. Оны ертең Қыр­ғыз Республикасында, Өзбекстанда шығаруға бо­лар еді. «Отандастар қорымен» бірлесе оты­рып, шетелдегі қазақтарға арналған оқу­лық жаздық. Ол да үлкен сұранысқа ие болды. Ал төртінші бағыт – «Зерделі онлайн». Бұл әрине түсінікті, заманауи технологияның кү­шімен оқушыларды онлайн оқыту. Қазірдің өзін­де түрлі платформаларымыз бар. Бұл сала өз алдына жұмыс істеп жатыр. Бесінші ба­ғыт – «Зерделі қор» деген шағын қорымыз бар. Осы қор арқылы мұғалімдердің баспана алуына көмектесеміз. Одан бөлек, жағдайы тө­мен отбасынан шыққан оқушылар бар. Ал біздің бәсекелестердің көбі тек бір-екі ба­ғытты ғана ұстанады. Сондықтан бәсе­ке­лестердің алдындамыз деп ойлаймын. Айтпақшы, тағы бір жаңалық – еліміздегі инновация мен IT саласын дамытуға ба­ғыт­талған кәсіпкерлер мектебі Astana hub-қа қо­сылдық. Бұл межеге көптеген бәсекеден өтіп барып, жеттік. – Сізді мемлекеттік мектепке ша­қыр­са барасыз ба, әлде осылай жеке жүрген ұнай ма? – «РФММ» КеАҚ (республикалық физика-ма­тематика мектебі) төрағасы Ғабит Бекахметов, республикалық QAZBILIM орта­лы­ғының директоры болған Аятжан Ахметжан се­кілді білім саласында жүрген білікті аза­мат­тар қазір мемлекеттік мектептерге де ат­салыса бастады. Ол да дұрыс. Бірақ мен үшін жеке жүрген ыңғайлы. Өйткені мемлекеттік мектептерде әлі де қағазбастылық көп. Әр маман өз қабілетімен тың нәрсе істей алмайды. Бәрі айналып келгенде білім жүйе­сіне келіп тіреледі. Менің мақсатым осы мектепті бұдан да биік деңгейге көтеру. Әзірге басқа жоспар жоқ. Мысалы, әлемдегі ең мықты Harvard  се­кілді университеттер де осындай шағын ор­талықтан басталған ғой... – Осы орталықты ашар кезде 2 миллион теңге несие алып, бастаған деген сөз рас па? – Несие алғанымыз рас (күлді). Мысалы, ал­ғашқы кезде бір оқушының оқу төлемі – 1 200 теңге. Соның 600 теңгесін мұғалімдерің ай­лығына бөлдік. Сөйтіп оны жаптық. Осылай біртіндеп аяққа тұрдық. Қазір мұға­лім­дердің жалақысы одан едәуір өсті. Одан бөлек, 20-ға тарта мұғалім баспаналы болды. Оларға көмектестік. Жоғарыда атап өткен «Зерделі қордан» Әрін Қайсаұлы де­ген мұғалім үй алатын кезде 4 млн теңге бер­дік, қалғанын өзі қосып үй алды. – Мектепке барсаңыз мұғалімдер директордың жиналысы мен журнал толтырудан  көз ашпайтын секілді көрі­неді. Сіздерде қалай? – Дәл ондай әкімшілдік, әміршілдік жоқ. Біз­де өзара тең дәрежелі әріптестік және адами берік сыйластық бар. Қазір мемлекеттік мектептерде бұрынғыдай бюрократия азайып келеді. Өйткені қызметке жастар ара­ласа бастады. Соның бір мысалы – қазіргі Бі­лім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетовті айтуға болады. Өте қарапайым азамат. – Білім министрі демекші, әр келген министрдің білім саласын реформалай беруінің салдарынан қазір оқулықтарды оқушы түгіл үлкен адам түсінбейтін күйге түсті. Бұған не дейсіз? – Өте дұрыс мәселе қозғап отырсыз. Мек­теп оқулықтары туралы бір үндеу жасағым келіп жүр. Жаз бойы бастауыш сыныптардың оқулықтарын қарап шықтым. Әсіресе, өз мамандығым математика пәні туралы айтайын. 1-сыныптың математика мәніне 9-сы­ныптың жиын мазмұндары деген есеп еніп кетіпті. Жиын мазмұндары есебін 9-сы­ныптағы оқушыларға үйрете алмай әлек болу­шы едік. Ол аздай алгебралық өрнектер деген есеп жүр. Ал 2-сыныптың баласына «а+b» деген есепті қалай түсіндіресің? 1-сы­ныптың оқушысы шығаратын есеп – «5+3». Қысқасы, мектеп оқу құралдарын жазатындар оқушылардың жас ерекшелігін мүлде ескермеген. – Ал осындай оқулықтан білім алған оқу­шының келешегі не болады? – Біз оның оқуға деген ынтасын, қы­зығу­шылығын жоғалтамыз. Адамның қызығу­шы­лық сезімі жоғалса не болады? Өмірінің мәні бол­май қалады. Мәселен, оқулықтың түрлері бар. Жал­пы­ға бірдей білім беру және дарынды балаларға ар­налған деген ерекшелігі болады. Жалпыға бір­дей білім беретін оқулықтың талабы – жеңіл әрі қызықты болуы қажет. Ал дарынды ба­лаларға арналған оқулық күрделі болса бо­лады. Мектеп оқулықтарын жаңадан жазу керек – Оқулықтарды нөлден бастау керек пе, әлде сұрыптап түзеуге  бола ма? – Мен өз саламды айтсам, бәрін қайтадан ба­сынан бастамай болмайды. Қазір оқулықты шы­ғарар кезде электронды нұсқасын сарап­шыларға ұсынады. «Өз пікіріңді айт» деп. Одан де ештеңе өзгермейді. Бұл тек ертеңгі даудан құтылудың жолы ғана, «өздеріңе ұсын­дық, сонда неге айтпадыңдар?» деген. Сон­дықтан мұны Білім және ғылым минист­рі тезірек қолға алса дұрыс болар еді. Білім жүйе­сін өзгертпей бұл мәселе шешілмейді. – ZERDELI ақыл-ой дамыту мектебіне оралайық, шәкіртеріңіз ТМД елдері кө­леміндегі олимпиадалардан жүлде алып жүрген көрінеді... – Иә. Мұғалімдер мен оқушылардың же­тіс­тігін қосқанда 40-тан астам халықаралық бәй­геден жүлде алдық. Бірақ бұл жетістікті тек ZERDELI-нің жеңісі деуге болмайды. Өйт­кені біздегі мұғалімдер әуелі мемлекеттік мек­тептерде сабақ беріп, тәжірибе жиған. Тіп­тен, екі жақта бірдей жұмыс істейтін мұға­лімдер бар. Сондықтан бұл бәрімізге ортақ жеңіс. Біз қазірдің өзінде шетелдегі оқушыларға сабақ береміз – ZERDELI ақыл-ой дамыту мекте­бі­нің бөлімдерін өзге өңірлерде ашу жос­пары бар ма? – Онлайн бағытымыз негізінен өңірдегі оқу­шыларға арналған. Қазір еліміздің барлық же­рінен оқушылар оқып жатыр. 4-5-6-сы­нып­тарға 200 оқушы екі айлық курсқа қа­тысуда. 10-сыныптарға арналған «ма­тема­ти­ка­лық сауаттылық» деген курста 100-дің үстінде оқушы білім алып жатыр. – Ал шетелдерде ашу мүмкін бе? – Біз қазірдің өзінде шетелдегі оқушы­лар­ға сабақ береміз. Әлемнің 40-тан  астам елін­де қазақтар өмір сүреді. Осыған орай «Отандастар қорымен» бірлесіп, қазір әлемнің 30-дан астам елінен 1 мыңнан артық эт­ни­калық қазақ оқушысы онлайн дәріс алуда. Індет басылып, шекаралар ашылса мүм­кін қандастарымыз тұратын елдерде ZERDELI-нің бөлімдерін ашуымыз ықтимал. Оның алғышарттары қазір онлайн түрде жа­салып жатыр деуге болады. – Осындай бірегей орталық ашқан Ырыс­бек Мәуіт мұғалім қанша тіл бі­леді? – Қытай тілін білемін. Орыс тілі және ағыл­шын тілі орташа. Негізі, бір нәрсе жасау үшін міндетті түрде көп тіл білудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Өз ана тіліңде сөйлеп жү­ріп, небір келелі іс тындыруға болады. Мы­салы, әлемдік деңгейде орны бар ұста­зымыз Мұхтарбай Өтелбаев та осындай биік деңгейге өз ана тілінде жетті ғой. – Ырысбек ағай оқушы ұра ма? – Ұрмайды. Бірақ бір рет ұрған жағдай бол­ды (күлді). Қытайда Алтай аймағының бір ауылына алғаш мұғалім болып бардым.  Со­дан бір кісі ешкімге бой бермейтін тентек ба­ласын әкеліп: «қарағым, мұғалім, мына ба­ланың еті сенікі, сүйегі менікі. Тәрбиелеп бер» деді. Бала баяғы Оспан батырдың жорығына қатысқан батырдың ұрпағы, бүкіл баланың атаманы. Сыныптағы оқушыларды қолына түс­кен затпен ұратын нағыз сотқардың өзі екен. Содан бір-екі шапалақ жеді. Ол оған са­бақ болып тиді. Тіптен ол ата-анасына ба­ғынбай кеткенде «Ырысбек мұғалімге айтамыз» деп тоқтатады екен. Бірақ одан кейін оны мүлде ұрғам жоқ. Ол да содан кейін бас­қа балаларды төмпештеуді қойды. Бірге фут­бол ойнап, дос болып кеттік. Толстой «әдебиетке математикалық дәлдік керек» десе, біз «есеп шығаруға шабыт керек» дейміз – Өлең жазатын да өнеріңіз бар екен... – Бірінші оқыған мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Матема­ти­каға одан кейін кел­дім. Лев Толстой «әде­биетке матема­ти­ка­лық дәлдік керек» десе, біз «есеп шығаруға ша­быт керек» дейміз. «Қазақтың астанасында тусын деп, шешеңді шекарадан сүйреп өттім, құлыным, са­ған жүкті болған кезде» деген жолдары бар өлеңім 2008 жылы атажұртқа келгенде жа­зыл­ды. Ұлыма арнаған өлеңім. Ол кезде қиын­дықтар болды. Әсіресе, тілден көп қи­налдық. Сол қиындықтар біршама өлең ту­дыр­ған тәрізді. – Ұстаздарыңыз кім? – Мұхтарбай Өтелбаев, Асқар Жұма­діл­даев, Уәлибай Өмірбаев, Данияр Қозыбаев қа­тарлы ағаларымды ұстаз тұтамын. Олармен дәмдес болып әңгімесін тыңдау, лекция­ларына қатысу – бір ғанибет. – Қазір педагог мәртебесін көтеру, полицей мәртебесін көтеру деген секілді әңгіме жиі айтылады. Сіздің тү­сі­ні­гіңізше педагог мәртебесін көтеру де­ген не? Оны кім көтереді? – Әрине, бірінші мемлекет көтереді. Мұ­ға­лімнің айлығын көтеріп, жағдайын жасаса. Екін­ші қоғамдық пікір маңызды. Мысалы, спортта жылт еткен жаңалық қоғамда қызу тал­қыланып жатады. Ал неге халықаралық дең­гейдегі олимпиададан орын алған оқушы жайлы ақпарат шықпайды. Ғылым-білімді ақпарат құралдарының дәріптеуі кемшін түсіп жатқан сияқты. Қоғамның мұғалімдерге деген қолдауы бар. Мысалы, «Алтын сақа» деген олимпиада ұйым­дастырамыз жыл сайын. Осыған демеу­шілік жасайтын азаматтар «тек жеңімпаз бол­ған оқушыға ғана сыйлық бермей, оны дайындаған мұғалімге де берейік» деген бас­тама көтерген еді. Демек, қоғамның мұға­лімдерге деген құрметі жоғалған жоқ.  

Әңгімелескен

Бақытбек ҚАДЫР