Қырғыз тарихындағы екі рекорд
Қырғыз тарихындағы екі рекорд
Соңғы апта ішінде қырғыз елі әлемдік деңгейде екі рекордты жаңартты. Біріншісі – өлкедегі белгілі манасшылардың бірі Дөөлөт Сыдықов 12 қарашада 14 сағат 27 минут тоқтамастан «Манас» дастанын жырлаудан әлемдік рекорд жасады.
Арыстан Алай
Манасшылық өнерде екі ерекше тылсым бар. Біріншісі, барлық манасшыға Манас батыр немесе дастандағы басты кейіпкерлер түсінде не ұйқылы-ояу кезінде аян берген. Қырғыздардың халықаралық «Саяқбай манасшы» медаліне ие болған қазақстандық Баянғали Әлімжанов та журналистерге берген сұхбатында аян алғанын айтқан болатын. Биыл 37 жасқа келген ыстықкөлдік Дөөлөт Сыдыков 7-сыныпта оқып жүргенде атақты манасшы Саяқбай Қаралаевтың «Манас» айтып жатқанын, жырдағы кейіпкерлерді көріп, содан бастап «Манас» айта бастаған. Екінші тылсым, манасшылардың басым көпшілігі, шамамен тоқсан пайыздан көбірегі – ыстықкөлдіктер. «Манасшылар Манастың атамекені делінетін Талас облысынан көп шығуы керек емес пе?» деп қырғыздардың өздері де бұл құбылысқа таңғалады. Қырғыз елінің екінші рекорды – келесі жылдың 10 қаңтарында өтетін президент сайлауына кандидаттардың саны 65-ке жеткені болып тұр. Екеуі қазірдің өзінде бас тартты. 63-тің ішінде кімдер бар десеңіз: парламенттің бұрынғы депутаттары, экс-министрлер, генералдар, облыс, аудан әкімдері, партия лидерлері, әртістер, мұғалімдер, зейнеткерлер, жұмыссыздар т.т. Кейбіреулер атын шығару үшін тіркеліп, ақырғы сәттерде кандидаттығынан бас тартатыны бар. Ең қызықтысы – Арыстан Алай деген кісінің кандидатурасы. «Мен өзімді «жаңа Құдаймын» деп атаймын. Неге? Себебі мен әлемдегі билеушілерге шарт қоямын... Билеушілер менен жаңа эрада қалай өмір сүру керегін сұрауы керек», – деді Арыстан Алай 17 қарашада өткен баспасөз жиынында. Осындай кандидаттарға байланысты қырғыз қоғамында президенттікке кандидаттар психиатриялық тексеруден өтетін болсын деген ұсыныстар айтылып жатыр.Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)