Арғынбек Шегебай: Facebook қызметкерлері Цукербергке сын айта алады

Арғынбек Шегебай: Facebook қызметкерлері Цукербергке сын айта алады

Арғынбек Шегебай: Facebook қызметкерлері Цукербергке сын айта алады
ашық дереккөзі
2004 жылы Гарвард университетінің бір топ студенттері ойлап тапқан Facebook желісін бүгінде күн сайын дүниежүзі бойынша екі миллиард жеті жүз миллионға жуық қолданушы пайдаланады. 2020 жылғы дерек бойынша әлемнің 35 елінде 85 кеңсесі бар аталған компанияда 56 000 қызметкер жұмыс істейді. Соның ішінде АҚШ және Англия елдеріндегі филиалында отызға жуық қазақ еңбек етеді. Facebook өнімдерін жасаушылардың қатарында қандасымыз Арғынбек Шегебай бар. Бүгінде ол Facebook-тың көпшілікке арналған тобы (Facebook Gropus) мен арнайы парақша (Facebook Page) жобасында бағдарлама жасақтаушы инженер қызметін атқарады. Кремний алқабына қарасты Менло-парк қалашығында орналасқан Facebook компаниясының негізгі бас кеңсесінде жұмыс істейтін қандасымызға хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Арғынбек, Túrkistan халықаралық га­зетінде өзіңіз секілді әлемнің алпауыт компанияларында қызмет ететін қан­дастарымызбен тұрақты сұхбаттасып ке­леміз. Әсіресе ІТ саласындағы біздің жас­тардың аяқ алысы қуантарлық. Өзіңіз бұл мамандықты қалай, қайдан игер­діңіз? – Нақты ғылымдар, әсіресе, есеп-қисапқа бейім­ді болуды анамнан үйрендім. Анам – бас­тауыш пәнінің мұғалімі. Өзі кезінде ма­тематикадан түрлі олимпиадаға қа­тысқан, сол себепті сабақтан тыс уақытта оқушыларды ма­те­матикаға баулиды. Мен де кішкене күнімнен ол кі­сінің үйреткенін кө­кейі­ме тоқып, көңіліме түйіп өстім. Дене шы­нық­тыру пәнінің мұ­ғалімі, кейіннен мектепте директор қыз­ме­тін атқарған әкем­­нен де көп нәр­се үйрендім. «Мұға­лім­нің баласы» деген атқа кір келтірмеу үшін сабақты мейлінше жақсы оқуға, соның ішінде математикаға көп көңіл бөлуге тырыстым. Баян-Өлгейде «Бастама» деп ата­латын жекеменшік мектепте білім алдым. Мұны тәмамдаған соң, болашағымды программист маманды­ғы­мен байланыстырғым келетінін түсініп, Ұланбатырдағы Моңғолия технология және ғылым университетіне оқуға түстім, бірақ мұнда бір-ақ жыл оқыдым. Себебі сол уақыт­та шетелдік ЖОО-лар ұсынатын грантты ұтып алып, нәтижесінде Ресейдің Санкт-Петербор мемлекеттік политехникалық университетінде оқуымды жалғастырдым. Сосын Ұланбатырға қайтып келіп, онда төрт жылдай мамандығым бойынша жұмыс істедім. Еңбек жолымды Моңғолиядағы ең ірі ұялы байланыс операторы Mobicom компаниясынан бастадым, сосын бір жылдай Samsung компаниясының Моңғолиядағы орталығын­да қызмет еттім. Айта кетерлігі, Орта Азияда­ғы тұтынушыларға бағытталған бұл орта­лық­­тың бас кеңсесі  Қазақстанда орналасқан, сол себепті Қазақстанға, Алматыға іссапармен төрт рет барып қайттым. Одан кейін екі жыл­дай Моңғолиядағы тау-кен өндіру өнер­кәсібінің көшбасшысы Rio Tinto компаниясында жұмыс істедім. Сосын 2017 жылы біліктілігімді арттыру үшін АҚШ-қа жұмыс істеу мақсатында келгенмін, алайда мұнда келген соң, біліктіліктен бұрын білімімді толықтыру керек екенін түсініп, Айова штатындағы Фэрфилд қалашығында орналасқан Махариши халықаралық университетінің (Maharishi International University) магистратура бөліміне оқуға түстім. Бұл оқудың бір ерекшелігі – сегіз ай уни­верситетте сабақ оқисың, ал қалған екі жылды қашықтан оқуға болады. Оқи жүріп жұмыс істеуге де мүмкіндік бар. Жалпы, ІТ саласы бойынша жұмыс істегісі келетіндердің көпшілігі осы оқу орнына түседі, себебі онда жұмысқа орналасу, сұхбаттасуға әзірлеу, қала берді, виза жасатуға дейін көмектеседі. Сөй­тіп, осында жүріп сұхбаттасу кезеңіне тың­ғылықты дайындалып, нәтижесінде Facebook-қа жұмысқа орналастым, сөйтіп осын­да екі жылдан бері жұмыс істеп келемін.  width= – Facebook командасына қосылу үшін түйіндемеңізде қызмет тізімі көп, шетелдік компанияларда жұмыс тәжіри­беңіз мол болуы керек деп ойласам, тіп­ті де олай емес екен... – Иә, Facebook тәжірибесі жоқ мамандарды да жұмысқа алады. Мысалы, уни­вер­ситет­тің соңғы курсында оқып жүрсеңіз, сізді ақы төленетін тағылымдамаға шақырады. Үш ай бойы кеңседе отырып жұмыс істейсіз, ал та­ғылымдама соңында мамандардың көңілінен шық­қан үміткерлерге ресми түрде жұмысқа орналасу туралы ұсыныс білдіреді. Бұл жақ­та­ғы мамандарға үміткердің қай жерден кел­гені қызық емес, қолынан іс келетін маман екеніне көзі жетсе, тіпті Моңғолия, Қа­зақ­станнан да алдыртады, сөйтіп, Facebook-тың көптеген кеңсесінің біріне жұмыс істеуге жібереді. – Тағы бір білетінім, мұндай ірі компанияда белгілі бір өнімді әзірлеумен айналысатын команда жиі ауысып отырады. Тіпті, уақыт өте келе, сол өнімге қызығушылығыңыздың кемігенін бай­қасаңыз, еш қиындықсыз басқа жобаға ауыса алады екенсіз, солай ма? – Иә, негізі команда ауыстырудың себептері әртүрлі. Мысалы, команда мүшелерімен тіл табыса алмауыңыз мүмкін немесе сіз ай­тып өткендей «Мені мынау емес, ана жоба қы­зықтырады. Сонда жұмыс істейінші» деп айт­саңыз да болады. Технология сағат санап емес, сәт сайын дамып жатқан қазіргідей за­манда бір командада екі-үш жыл жұмыс іс­теу мүмкін емес. Бір жобаны кем дегенде бір жыл жүргізу керек. Дегенмен, ІТ саласында инфрақұрылымға жауапты мамандар бір ко­мандада он жыл табан аудармастан жұмыс істейді. Қарапайым тілмен айтқанда, өнімнің көп­шілікке «көрініп тұратын» жағы өзгер­генімен, «іргетасын» нықтап ұстап тұратын сер­вистері өзгермейді. Мысалы, жол салсаңыз, мұның астына төселген материалды түге­лімен алып тастай алмайсыз немесе көпірге жөн­деу жұмыстарын жүргізгенде мұны бұзып, қайта салмайсыз, сол секілді кез кел­ген өнімнің арғы бетінде көрінбей тұрған инф­рақұрылымдарға жауапты маман бір орында ұзақ уақыт жұмыс істей алады. Ал компания өніміне үнемі өзгерістер енгізіліп отыруы қажет, өзгермесе адамдар жалығады. Осылайша, өнім жаңарады, өніммен қоса команда да жаңарады. Сосын Facebook бас­тап­қыда жеке желі ретінде құрылғанымен, қа­зіргі таңда құрамына Instagram, WhatsApp, Messenger секілді желілерді қосқан ірі корпорация. Ай сайын Facebook желісін екі мил­лиард жеті жүз миллион, Instagram-ды 1,5 миллиард, WhatsApp-ты 2 миллиард, ал Messenger-ді 1,5 миллиардтан астам адам қол­данады. Тиісінше, мұндай ауқымға дайын­далатын өнімнің шапшаң түрде қа­лайша жаңартылып отыратынын ойлай беріңіз. – Сонда сіз екі жыл ішінде екі команда ауыстырдыңыз ба? – Иә, алғаш келгенде қолданушыларға вир­туалды түрде көмек көрсететін Facebook Assistant жобасына жауапты командада жұ­мыс істедім. Ал қазіргі таңда Facebooк-тың қо­ғамдық өнімдерін өндіруге жауапты топ­тың мүшесімін. Мұның ішінде сізге етене та­ныс ең ірі екі өнім – Топ (Group) пен Па­рақ­ша (Page) бар. Facebooк-тағы топтың не екенін айтпасам да білетін боларсыз, бұл – көпшілікке арналған алаң. Ал әйгілі адамдар немесе бизнеске арналған парақша – санаулы адамға ғана қолжетімді жоба. Парақша жүр­гізушілері топқа қарағанда жазған-сыз­ғанын көп адаммен бөліскісі келмейді. Қа­зіргі таңда осы екі өнім бойынша бағдарлама жа­сақтаушы инженер қызметін атқарамын. – Түрлі сала бойынша жетістікке жеткен Моңғолия қазақтарын насихаттайтын Sarajol жобасында «Жетістік де­ген үстіне шығып алып, тоқтап қалатын тау емес. Алғашқы шыққан кіш­кене тауды биік демей, келесі тауға шы­ғуға талпыну қажет» депсіз. Алдағы уа­қытта бағындырғыңыз келетін келесі шың қандай? Мақсатыңыз не? – Жалпы, көпшілік бағдарлама жасақ­тау­шы инженер маманын дамымай, бір орында тұралап қалады деп ойлауы мүмкін, бірақ бұл олай емес, олардың арасында да өзіндік даму деңгейі бар. Мысалы, ІC-3-тен басталатын бұл дең­гейдің ең жоғарғы шегі – ІС 10. Ал ІС-5-ке жет­сең, аға инженер атанасың. Оның үстіне, ком­пания басшылығы бір орында тұралап, өз бетіңше ізденіп, шыңдалуыңа қажетті қо­рек іздемесең, сенің басыңнан сипай қой­май­ды. Егер алдағы бес жылға жоспарлаған, сені алға жетелейтін жоспарың жоқ болса, бас­шылық біліктілігіңнің жоғарыламағанын бай­қаса, ерте ме, кеш пе, орныңды босатуға мәж­бүр боласың. Жалпы, карьераның соңына түскен бағдарлама жасақтаушының «Менің шық­қан шыңым осы» деуі үшін он жылға жуық еңбектенуі керек. Дегенмен қатар­ластарымның көпшілігі шыдамай, орта жолға жет­кенде бағытын ауыстырып, өз алдына бө­лек стартап жобаны жүргізуге бет бұрады. Ал мен алдағы бес жыл ішінде аға инженер атанып, жоғарыда айтып өткен екі-үш деңгей бойынша жоғарылауым керек.  width= – Демек, сіз өзге әріптестеріңіз секілді теория мен тәжірибені ұштастырып, өмір­шең идеяны негізге ала отыра стартап жобаны жүзеге асыруды көздемей­сіз... – Жоқ, мұндай жоспарым жоқ. Алайда Крем­ний алқабына табан тиген соң, онда біраз жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін, қаласаң да, қаламасаң да стартап жоба ашу туралы ой «өздігінен» келеді екен (күліп). Мұ­ны ойланған сайын құлшынысың арта тү­седі. Дегенмен стартап жобаны іске қосу қыруар еңбек етуді талап ететіні анық. Жо­ба­ға қатысты ұсақ-түйектерді қарас­тырамын деп, ақырында өзіңнің ІТ маман екеніңді ұмы­тып кетуің бек мүмкін. Сол себепті мен ал­дымен өз мамандығымның биік шыңына же­тіп, жоғарыда айтып өткен деңгейлер бойын­ша өз ұпайымды түгендеп алуды мақ­сат тұтамын. – Facebook желісінің негізін қалау­шы­лардың бірі Марк Цукербергтің кең­сесі де сіз жұмыс істейтін Менло-паркте ор­наласқаны белгілі. Көріп жүр­ге­ні­міздей, Марк студенттер, жас мамандар, со­ның ішінде компанияның 85 кеңсе­сінде еңбек ететін қызметкерлермен жиі кездесіп тұрады. Бұл кездесуге өзіңіз де жиі барып тұратын боларсыз? – Марктың жұмыс орны мен қызмет ете­тін Менло-паркте орналасқаны рас. Десек те, жұмыс кестесі өте тығыз болғандықтан, ол жұмыс орнында үнемі бола бермейді. Үнемі іс­сапарда, кездесулерде жүреді. Бас кеңседе ком­панияның қызметін бақылауда ұстайтын вице-президент, сосын әр өнімге жауапты жеке басшы бар. Мұндағы жұмыс орны оpen space форматында құрылған, тиісінше Марк та, оның орынбасарлары да жеке кабинетте емес, қызметкерлер арасында жұмыс істейді. Жиналыс өткізу қажет болғанда ғана кон­ференц-холлға жиналады, ал былайынша жұ­мыс үстелдері қарасы қалың қызметкерлер отыратын кеңседе орналасқан. Бір ғана Менло-паркте компанияның қырыққа жуық ғи­мараты орналасқан. Мен жұмысқа орна­лас­қанда әлем бойынша Facebook-та жұмыс істей­тін қызметкерлер саны 30 000 болатын, өткенде тоқсандық есепте бұл көрсеткіштің  56 000-ға жеткенін байқадым. Одан бөлек, рес­ми түрде Facebook қызметкері болмаса да, ке­лісімшарт жасасып, сырттан көмектесетін қызметкерлер саны қаншама. Негізі, Маркты жұ­мыс жақта сирек те болса кездестіріп қалу­ға болады. Мыңдаған қызметкері бар үлкен ком­панияны жүргізіп отырған басшының бә­ріне бірдей уақыт таба бермейтіні анық. Де­сек те, ол апта сайын Facebook қызметкер­лерімен кездесу ұйымдастырады. Мұнда барып қатысу міндет емес, онлайн режимде қа­тыссаң да болады. Қазір пандемияға байла­нысты компания қызметкерлерінің қа­шық­тан жұмыс істеп жатқанына жеті ай болды. Сол себепті мұндай кездесуді онлайн режимде бақылайды. – Апта сайын өткізілетін бұл кездесуде компания қызметкерлері Facebook бас­шысына тіпті наразылық білдіре ала­ды екен. Естіп-білгеніміздей, Дональд Трамптың Black Lives Matter қоз­ғалысына қатысты жазған жазбасының Facebook-тан өшірілмеуіне бір топ қыз­меткер қарсы шығыпты... – Иә, компанияның саясатымен келіспейтін қызметкер өз ойындағысын ашық айта ала­ды. Егер Facebook әлемге еш пайдасы жоқ нәр­сені ұсынып жатса, қызметкерлер мұндай ком­панияда жұмыс істегісі келмеуі мүмкін. Кө­бінде маңызды тақырыптарға қатысты дау туын­дайды. Мысалы, өткен аптада бір қол­данушы мұсылмандар туралы жағымсыз пост жазды делік. Сол кездесуде «Facebook неліктен бұл постты өшірмеді? Себебі неде?» деп жан-жақтан сауал тастайды. Ал мұндай маңыз­ды мәселенің бұрыс-дұрысын бас ди­ректордың өзі жауап беруі тиіс. Қызметкерлер де оның өз аузынан естігісі келеді. Сол себеп­ті осындай жиналыстарда ойларын іште ір­кіп қалмай, бүкпесіз жеткізеді. Сосын мұн­дай кездесу ұйымдастырудың тағы бір мақ­саты бар, Facebook секілді алпауыт компания көр­кейген сайын, компанияның мақсаты мен ауқымы да кеңейе түседі. Басшылар осыны қыз­меткерлерге әр апта сайын түсіндіріп отыруға тырысады. Оның үстіне қатарға жаңа­дан қосылатындар тағы бар, оларға да ком­панияның ұстанған саясатын түсіндіріп, ұсы­ныстары мен пікірлерін ортаға салуға мүм­кіндік береді. – Messenger-іңізге сұхбаттасу туралы жаз­ғанымда «Америкада жай бір жұмыс іс­теп жүрген қазақпын» деп Facebook-та­ғы атқарып жүрген қызметіңізді мақ­таныш санамайтыныңызды айтып қал­дыңыз. Бұрынғыдай емес, қазір бабы мен бағы келіскен мамандардың мұн­дай ірі корпорацияларға жұмысқа көп­теп тұрып жатқанын ескерсек, мұ­нымен ешкімді таңғалдыра алмайтыны түсінікті жайт. Десек те, азды-көпті жи­наған тәжірибеңізге сүйене отыра, әлем­де ең көп сұранысқа ие ІТ мамандығына қызығатын жастарға айтарыңыз бар шығар? – Мен сізге мынаны айтайын: қазіргідей да­мыған заманда мүмкіндік жоқ деген дұрыс емес. Қазақстанды білмеймін, бірақ Моң­ғо­лияда қырда отырған қойшының өзі Facebook желісін қолданады. Сол себепті жас­тар ізденсе, қажеттінің барлығын табады. Әл­бетте, алдымен тілді үйрену керек, бірақ тіл­ді үйрену анау айтқандай қиын емес. Сосын тегін онлайн курстарымен қамтамасыз ете­тін Udemy және Coursera деген веб-сайттар бар. Мысалы, Үндістанда TikTok-қа қарағанда Udemy жүйесін қолданатын жастар саны көп екенін кеше білдім. Бұл дегеніңіз алдағы он жыл ішінде үнді халқының мамандары ІТ на­рықта көш бастайды деген сөз. Сол себепті біздің қазақ жастары уысына түскен әр мүмкіндікті оңтайлы пайдалана білуі керек. Бағдарламалау ісін жаңғақша шағатын ма­манның түгелі дерлік Facebook компаниясына жұмысқа орналаса алмайтыны белгілі. Қа­зір не көп, түрлі жоба көп, мүмкіндік көп. Өзіңіз жоғарыда айтып өткен Sarajol жоба­сы­ның мақсаты да сол, жастарды жаңа ақпа­раттық технологиялар ғасырында жаңа белесті бағындыруға жетелеу. Жетістікке жетемін дейтін жастың вундеркинд болуы шарт емес, өз ісіне деген ықыласы мен талпынысы зор болса болғаны. Сосын Sarajol сіз айтқан­дай тек Моңғолия қазақтарына арналған жоба емес, мұнда атажұрт пен өзге аймақта қол­дауды қажет ететін қазақ балаларының ар­манына қанат бітіріп, көңіліндегі сенімге серпін беруді көздейді.  

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ