Досмұхамбет Кішібеков: Аштықты да, соғысты да көрдім, тәуелсіздікке тәуба

Сондай-ақ!

Генерал Б. Жанасаев: Елбасының сенімінен асқан жауапкершілік жоқ

Құқықтық тәртіп әскерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сенім артқан сардарлар аз емес. Олардың әр қайсысының өз орны бар. Десе де, өмірлік тәжірибесі бай, Елбасының сенімін...

Көреалмаушылықтың көрігін басу кімге керек?

Қай қоғамда болса да жиі айтылатын, жиі талқыға түсетін нәрсенің бірі − көреалмаушылық, яғни қызғаныш. Содан болар, өмірінде қызғаныштың құрбаны болғанын, көреалмаушылықтың кесірінен көп...

Бауыржан Иманғалиев: Жүргеновті зерттеу маған аманат етілген

Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігін, одан бөлек әдеби мұрасын жан-жақты зерттеп, ғылыми айналымға енгізген бірден-бір ғалым болса, ол – Бауыржан Иманғалиев. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан ...

Ұлы көштің ұйытқысы

1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Ел тарихы үшін елеулі күн болғандықтан, Тәуелсіз мемлекетіміздің буынын бекітіп, қанатын қатайтқан Елбасының ерен еңбегін екшеп айтуымыз...

Кім-кімге де ұзақ өмір сүру маңызды шығар, бірақ уақытты босқа өткізбейтін, ғұмырының бар кезеңі талпынысқа толы жандардың өсу, жетістікке жету жолындағы жанқиярлық еңбегі әрдайым жас ұрпаққа өнеге боларына талас жоқ.

Бүгінде 95 жасқа келіп отырған бел­гілі философ ғалым, Қазақстан Ұлт­тық Ғылым академиясының академигі Досмұхамбет Кішібековпен әңгіме­лес­кенімізде бір ғасырға жуық қазақтың басынан өткен небір қиын кезеңдердің тірі куәгерлерімен сұхбаттасудың әрі қызық, әрі ауыр болатынын сезесің. Себебі, біз кітаптан оқыған не елден ес­тіген ана бір замандағы қасіретті оқи­ғаларды көзімен көрген кісінің баян­дауы өзгеше.

ҚИЫН ДӘУІРДЕ ӨТКЕН БАЛАЛЫҚ ШАҚ

менің шынығып, ширақ болып өсуіме себеп болғандай…

– Туған жерім – Сыр бойы, нақ­ты­рақ айт­­қанда, Қызылорда облысы Шие­лі ауда­ны­ның орталығы. Шиелі с­тан­сасынан түстікке қарай төрт ша­қырым­дағы ауыл, кейін «1 май» де­ген колхоз болды. Ауылда 1861 жылы Ре­сей­­дегі «Басыбайлылық туралы заң» шық­қан­нан кейін сол жақтан көшіп келген шаруа­лар­дың ұрпақтары бар бо­латын. Оларға жер­дің шұрайлысы беріл­гені мәлім. Солардың бір тобы біз­дің Шиеліге қоныстанған. (Шиелі­дегі «Свобода», «Хохляцкая» екі үлкен кө­­шеге орналасқан болатын). Мен сол жер­дегі қазақ отбасында дүниеге келдім, бастауыш сыныпты орыс мектебінде оқыдым. Мек­тепке барғанша бір ауыз орысша біл­мейтін­мін. Ал орыстар қа­зақшаға судай еді, тіпті мақалдап сөй­лейтін. Кейін 1936 жылы қа­зақ мек­тебі ашылғанда, 5-сыныптан бас­тап қа­зақ сыныбына көштім. Себебі біз тұрған жер­ден сол жылы балалар үйі ашылып, онда жетім балаларды оқыту ісі қолға алынған.

Мен 1-сыныпқа барған жылы 32-жыл­дың аш­тығы басталып, біздің ауыл­да Жезқазған, Қар­сақбай жақтан келген аш адамдар қаптап кет­кен еді. Ба­сында оларға ауылдың адамдары жей­тін нәрселер беріп қарасқанымен, кейін  көбейіп кеткен аш-арықтарға жәрдем беру қиындап, қайыр сұрап кел­гендерді үйіне кіргізбей, есігін бе­кітіп отыратын да жағдай бол­ды. Кеше «бір тістем нан берші» деп сүй­ре­тіліп жүргендердің ертесіне өліп жатқанын, оны адамдардың арбаға салып, орға апа­рып тастағандарын көзіміз көрді.

Ауылымызға жақын жерде «Бидайкөл» ат­ты көл бар. Балығы көп. Сол көлге барып ба­лық аулауды білмеген қазақтар аштан қы­рыл­ған ғой. Тек бір-екі жылдан соң ғана ба­лық аулап, етін жеп, сорпасын ішуді үйрен­гесін аштықтан ісіп-кеуіп кеткендер аман қалды…

1934 жылдың ақпанында әкем қайтыс бол­ды. Мен үшін өмірдің қиындығымен алысу, адам болу үшін талпыныс жасау содан кейін басталды-ау деп ойлаймын.

Шиелінің қауыны тәтті. Мен қауынды жақ­сы көремін. Содан ба екен, әкем қайт­қан­да «енді маған қауынды кім береді?» деп шеше­ме жылағаным есімде. Сонда шешемнің «ен­ді саған біреу қауын егіп бермейді, өз кү­ніңді өзің көруге үйренесің» дегені қайрау бол­ды ма, не расымен қауынсыз қалудан қо­рықтым ба, қалайда бір әрекетке бел бай­лағанымды білемін. Сөйтіп, бұрын қауын ек­кен жердің шөптерін орып жатқанымда сау­сағымды орақтың кесіп кеткені бар. Оған ше­шем киіз күйдіріп басып, қанын тоқтатты. Бі­рақ сонда да тоқтамай, қолыма сабы өзім­нен ұзын күректі алып қауын егетін шанақты ойып, мықшыңдап топырағын қопсытып жатқанымды көріп аяған болар, көрші кі­сілер келіп маған қауын егіскен-ді. Сөйтіп, ал­ғаш жеті жасымда өз еңбегімнің нанын жеп көрдім. Кейін де қауын егуді тоқтатпай, піс­кен кезінде оны өзім секілді балалармен бірге арбаға тиеп, Шиелі стансасына апарып, 10-15 тиынға сататын болдым. Арбаға кө­шеде жүрген иесіз есектерді ұстап жегеміз. Сат­қан қауындарымның ақшасына үйге қант-шай, өзіме киім, кітап, оқуға қажетті нәр­селерді алатын едім.

Кейін анамыз қайта тұрмыс құрып, 1937 жы­лы інім дүниеге келді. Ол жылдардағы жағ­дайды бала болсақ та ептеп сеземіз. Елдің бәрі күні ертең ұстап кететіндей үрейлі күйде жүретін. Бірақ ауылдан ешкім репрессияның құ­рығына іліне қойған жоқ, кейбір ауыл­дас­тарымыздың оқып білім алып, Қызылорда, Алматы сияқты қалаларда жұмыс істеп жүр­ген балаларының қамалғанын ғана естідік. Тек бір адам ұсталды, ол да кейінірек, соғыс енді басталып жатқан кезде болды. Василий деген стансада шаштараз болып істейтін орыс жігіті бар еді, өзі ақкөңіл, қалжыңбастау көңілді жігіт болды. Сол бір кісінің шашын алып жатқанда, стансаға пойыз тоқтап, одан түскен 4-5 әскери адам шаштаразға кіріп, өсіп кеткен сақалын алдырмақ болады ғой. Оған Василий «Сақал қырып қайтесіңдер? Қайта осы  түрлерің жақсы ғой, немістердің үрейін ұшыруға!» деп қалжыңдаған ғой. Сол кез­де шашын алдыруға кезек күтіп отыр­ған­дардың бірі НКВД-ның тыңшысы көрінеді, ол дереу әлгі сөзді тиісті орынға жеткізіп, Ва­силий ұсталып, сол кеткеннен оралмады…

Мен мектепте өте жақсы оқыдым. Үлкен­дер­дің көбі хат танымайды. Жиналып, маған газет оқытады. Ал ол тұстағы газеттерден реп­рессияның ызғары соғып тұрады. Ұстал­ған, сотталған адамдар туралы ақпараттар, тер­геудің сөздері… Әлі есімде, сол шақта Қа­зақ КСР Орталық Атқару Комитеті төрағасы болып жүргенде «халық жауы болып» қамал­ған Ұзақбай Құлымбетов сотында тергеушінің «айыпкерге» қойған сұрақтары мен Құлым­бетовтің жауаптары газеттің үш бетін толық алып шыққаны бар…

Репрессия сәл саябырсып, халық демін еп­теп еркін ала бастаған шақта ІІ дүние­жүзі­лік соғыс басталды. Ол кезде мен 10-сыныпта оқып жүргем. Мұғалімдердің де көбі со­ғыс­қа алынып, мектепте бала оқытатын адам­дар азайып қалды. Озат оқушы болғасын әрі отбасылық жағдайымды есепке алған шы­ғар, мектеп директорының бұйрығымен 10-сыныпта оқи жүріп, бастауыш сыныптарды оқыттым. Сөйтіп, оқушы кезімде мұғалім болып табыс тауып, отбасыма көмектестім…

СОҒЫС ЖӘНЕ СОҒЫСТАН СОҢҒЫ ЖЫЛДАР

мені есейтіп, өмірден өз орнымды табуға әсер етті

– 1941 жылы өгей әкеміз әскерге алынып, Орел-Курск бағытындағы майданға түсіп, сол қанды қырғында хабарсыз кетті, ізінше 1942 жы­лы анамыз да дүние салды. Мені 1943 жыл­дың ақпанында армия қатарына шақы­рып, Шиелі әскери комиссариаты Ташкент жаяу әскер училищесіне аттандырды. Бірақ ол жердегілер жарты жылда менен взвод ко­ман­дирі шықпайды деп, Самарқан қала­сын­дағы запастағы 365-атқыштар полкіне әске­ри қызметін өтеуге жіберді. Онда да көп тұ­рақ­­тамай, 1943 жылдың шілдесінде Ашхабад қаласындағы VІІ атқыштар полкіне ауысты­рыл­дым, алайда полкіміз қазан айында Моз­док қаласына көшті. Одан Прохладный қа­ласына әскери қызметке ауыстырды. Ал 1944 жылдың наурызында Ростов облысы Зерноград қаласындағы ұшқыштар мектебіне қабыл­дандым. Сол жылы алғаш рет  «УТ-2» ұша­­ғымен көкке көтеріліп, 700 метр биіктіктен парашютпен түстім. Сырт көзге аса күр­делі іс секілді көріне бермегенмен оның қиын­­дығы өз алдына. Секірер алдында оң қо­­лыңмен парашютті ашатын тұтқасынан ұстап алуың керек, өйткені аспаннан жерге құл­дилағанда қолың кеудеңе жетпей қалады.

Адамның бәрі бірдей емес, ұшақтан парашютпен секіруге қорқып, оқудан қуылып кет­кендер де болды. Ал мен ұшақтан жерге құл­дилап, ерекше сезімді бастан кештім. Жо­ғарыдан жерге қараған керемет қой, ша­быттанған мен парашютпен қалықтап келе жатып анамның айтуымен құлағыма сіңген халық әні «Япурайды» бар дауысыммен шыр­қадым. Кейін жерге түскен соң командиріміз «аспанда не деп айқайладың?» деп сұрағанда «анамды еске алып, одан үйренген әнді айттым» дедім.

Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ орыс­ша­ны жақсы үйренгем, сабақты да жақсы оқығанмын. Сондықтан әскерде бірдеңені тү­сінбей, қинала қоймадым. Ұшқыштар мек­тебін 1945 жылы үздік бітіргесін, Кеңес Ода­­ғының батыры А.Серов атындағы Батийск әскери-ұшқыштар училищесіне жолдама берді. Онда Ла-5 әскери жойғыш ұша­­ғымен ұшып,  ұшқыштықтың қыр-сырын мең­гердім. Ла-5 – шассиі жиналатын, жабық ка­биналы кеңестік бір моторлы жойғыш ұшақ. Соғыс кезінде Ла-5 ұшағының маңы­зы зор болды, негізінен жау ұшақтарын жою­ға арналған бұл ұшақпен үш мәрте Кеңес Одағының батыры атанған Иван Кожедуб, аяғынан айырылса да протезімен авиацияға қай­та оралған Кеңес Одағының батыры Алек­сей Маресьев те әуеде фашист ұшақта­рын қиратқан.

Мен де атақты ұшақпен аспанға талай кө­теріліп, ұшу жаттығулары арқылы оны жақ­сы меңгердім. Бірақ біз майданға барамын дегенше соғыс бітіп қалды. Солай, 1946 жылдың 3 қаңтарында Мәскеудің Қазан вок­залы арқылы елге қайттым. Үстімде – жасыл шинель. Айтпақшы, бұл шинелдің өз тарихы бар. Соғыс біткен кезде Англия премьер-министрі У.Черчильдің әйелі осындай жеті жүз­дей жасыл шинель тіктіріп, оны кеңестік ұш­­­­қыштарға өз атынан сыйлаған екен. Оны атақты ұшқыштардан бөлек әр жердегі авиа­ция училищелеріне де таратқан. Біздің учи­лищеге жеткен бес-алты жасыл шинельдің бірі үздік курсант ретінде маған бұйырды. (Кейін сол шинельді Қызылордада оқып жүр­генде Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаровтай дос­тармен бірге базарға апарып, бір орыс жігітіне 700 рубльге сатып жібергенбіз).

Сонымен Қазан вокзалына келсем, іші-сыр­ты толған әскерилер. Бәрі еліне қайтқалы жүр. Ішке кіру мүмкін емес. Үстімде жасыл ши­нель, оған советтің погоны тағылған, вок­залдың алдында ары-бері жүргенімде қол­да­рында автоматы бар екі жігіт маған келіп «Қа­зақсың ба?» деді. «Иә» дедім. «Қайда бара­сың?» «Қызылордаға». «Билетің бар ма?» «Жоқ». «Онда бізбен бірге жүр, бізге билеттің кере­гі жоқ, кез келген пойызға отырамыз да кете бере­міз» деп мені қастарына ертіп алды. Ар­нау­лы тапсырмамен Пензаға кетіп бара жат­қан әскери қазақ жігіттері. Бір кезде пойыз келді. Жүрген кезде екеуі бір вагонның тепкішегіне мініп, мені орталарына алды. Пойыз кішкене жүргеннен кейін вагонның терезесін автоматының дүмімен ұрды. Оларды көрген жол­серік есікті ашып, біз тамбурға кірдік. Сөйтіп үшеуміз Пензаға дейін бірге келдік. Ол жерден түскесін маған билет әперуге кас­саға апарып еді, касса жабық болып шықты. Со­сын олар кассаның есігін ұрып, іштен шық­қан адамға маған билет керек екенін ай­тып, қолма-қол билет жасатып берді. Өз­дері сол арада қалды. Сол кезде жас болған­дықтан ба, бауырына тартып қамқорлық көрсеткен сол екі қазақтың аты-жөнін, қай жақтан екенін сұрамаппын.

Сонымен елге жеттім. Елде ешкімім жоқ, жал­ғыз інім көршілердің қолында екен. Ауыл­да жүре беруге болмайды, бір қалаға ба­рып жұмыс істеуге белгілі мамандығым жоқ. Ұшқыштығымның ешкімге керегі жоқ. Сосын әрі ойланып, бері ойланып, оқиын деп ше­шіп, Қызылордаға бардым. Ондағы инс­титутқа барып құжаттарымды көрсеттім. Инс­титут директорының орынбасары Абдулла Құсайынұлы Темірбеков деген өте сауатты, ақыл­ды кісі екен. Бұрынғы мықты адам­дар­дың тұқымынан болса керек. Ол мені қабыл­дағысы келіп, «бірінші курстың оқуының  жар­тысы өтіп кетті, үлгеріп кете аласың ба, алайын» деді. «Үлгеремін» дедім. Сөйтіп, тарих факультеті бірінші курсының екінші семестрінен бастап оқып кеттім. Бұрын өтіл­гендерді бірге оқыған жігіттер түсіндіріп жүр­ді. Сондай қамқорлықтың арқасында ары қарай оқып кеттім. Бірінші курсты бітірген соң Абдулла Темірбеков ағамыздың алдына барып лаборанттық жұмыс сұрап едім, ол кісі «сен оқып жүріп ол жұмысты атқара алмай­сың, оқуың жайына қалады. Сен 1-курсты жақ­сы бітірдің ғой, енді 2-курстың жеті саба­ғының төртеуін емтихан тапсыра алсаң, мен сені сынақтан жедел өтті деп, 3-курсқа қо­сайын. Ондай «аттап кету» тарихта бар, тіпті Лениннің өзі солай оқыған» деді.  Жаз бойы дайындалып, қыркүйектен бұрын 2-курсқа ем­тихан тапсырып, 3-курсқа қабылданып кеттім. Институтты бітірген соң сол жерге са­бақ беруге оқытушылыққа қалдырды. Бі­тіретін жылы үйлендім. Ауылда қалған інімді қолыма алдым. Бір жыл институтта төменгі курстарды философиядан оқыттым. Қиын болды, саяси ағарту үйінен Мәскеуде оқылған лекциялардың брошюраларын алып, содан керек тақырыптарды жинап, сабақ өтіп жүрдім.

ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНА ТҮСУ

мені азамат, адам ретінде дұрыс қалыптастырды

– 1949 жылы маусымда «Социалистік Қа­зақ­стан» газетін қарап отырып, Қазақ ССР Ғы­лым академиясының жиырма шақты ма­мандық бойынша аспирантураға талапкер қа­былдайтыны жайындағы хабарландыруына көзім түсті. Соның ішінде философияға бір орын бар екен. Астында академия прези­ден­ті Сәтбаевтың қолы тұр. Сосын «бақ сынап көрсем қайтеді?» деп әйеліммен ақылдас­тым. Ол қолдады. Сосын шілде айының ая­ғында Алматыға келдім. Аспирантураға тап­сырдым. Бір орынға үш кісі таластық. Оның біреуі қазақ – Талдықорғанның оқу бө­лімінің мең­герушісі, тағы бірі орыс жігіті – бір қа­ланың атқару комитетінің қызметкері және мен. Философиядан сабақ бергенімнің ар­қа­сында екеуінен де бір балым артық болды. Со­­лайша мен аспирантураға түсетін мүм­кіндікті қолдан шығармай, ғылымға бастар тұтқаға қолым ілікті. Мені академияның пре­зиденті Қаныш Сәтбаев ағамыз шақыртып алып сөйлесті. «Біз философияға аспирантурадан бір орын беріп едік, оны сен жеңіп алдың. Бірақ бұл жерде саған ол сала бойынша білім беретін адам жоқ. Бірақ мен бұл мә­селені Мәскеумен келісіп қойдым. Ол жақ­­қа барып оқитын жиырма шақты ба­ланың ішінде сен де барсың. Білімді Мәс­кеу­ден аласың, стипендияны біз төлейміз. Өзім ха­бар алып тұрам. Онда саған жағдай жасала­ды. Бұл жайында СССР ҒА президенті Вавилов біледі», – деді. Сонымен Мәскеуде оқыдық. Қаныш Имантайұлы жылына екі-үш рет Мәс­кеуге пойызбен баратын. Жеңгемізбен бірге келіп, Мәскеудің ең мықты қонақүйіне орналасып болғасын, қойын дәптеріне жазылған аты-жөндеріне қарап, аспиранттарды біртіндеп шақыра бастайтын «пәлен уақытта пәлен қо­нақүйдің мына нөміріне кел» деп. Бір күні мені де шақырды. «Москва» қонақүйіндегі айт­қан нөміріне бардым, неге шақырды екен деп толқыдым. Барсам барлық жағдайы жа­салған үлкен екі бөлмелік нөмірге орналасқан екен. Жұбайы ана ауыз бөлмеде шай дайындап жүр, өзі төрдегі үстелде отыр. Үстелде жақын қойылған екі орындықтың біреуінде өзі отыр, біреуіне мені отырғызды. Үстелдің үстінде таңғы асқа қажет тәттілер, колбаса, т.б. тағамдар қойылған. Менен «қандай шай іше­тін едің?» деп сұрады, «Қаныш Имантаевич, мен шай таңдамаймын» дедім. Қаныш аға бетіме қарап тұрып «Біз – қазақпыз, шы­ра­ғым. Қазақ шайды сүт қатпай ішпейді, біз­дің организміміз соған үйренген. Әңгіме шай ішкенде жүреді, шай ішіп отыр» деп өзі шайға сүт құйып ұсынып отыр. Не деген ғажап адам десейші! Өзі бір елдің акаде­мия­сының президенті, оқуға өзі түсірген аспирантымен тең сөйлесіп, сырласып отыр. Мені сөйлетіп, бар өмір-тарихымды біліп алды. Менің ғылыми жетекшім кім, мен оқитын институттың директоры кім, ол қалай қарап жатыр, жатқан жерім қалай, қасымда кімдер бар, стипендияны қалай алып жатырмын, бәрін қалдырмай сұрады. «Қандайда бір қиын­дық туса қысылмай айтып отыр, мен өзім сөйлесем. Вавиловпен келісіміміз бар, еш­теңеден қам жеме. Өзіңе жағдай жаса, жақ­сылап. Біз сені үш жылда оқуды бітіреді деп жібердік, сол үшін уақытты бекер жо­ғалтпа. Уақытың болса, театрға, музейге бар. Мер­зім аз, жақсы білім алуың керек», – деп ақы­лын айтты.

Мынадай бір қызық жағдай болды. Мәс­кеу қаласының Киев аудандық әскери комиссариаты қайта-қайта шақырта бергесін бір күні барсам,  тексеріп, комиссиядан өткізді. Сосын бір-екі күннен кейін тағы шақырды. Не үшін деп сұрасам, «Ертең сағат 9-да әскери комиссариатқа кел, сені қайта дайындауға жібереміз. Жаңа реактивті ұшақтарды бас­қаруға үйретеміз» дейді. «Ол қанша уақыт бо­ла­ды?» десем, «әзірше үш ай, қалғанын кейін көресің» дейді. Оның кемі алты ай не бір жылға созылатынын біліп тұрмын. «Оқу­ды қайтем?» десем, «кейін жалғастыра бе­ресің» дейді. Бұл мені аспирантурадан айыра­тынын білдім. Сосын «пәбескіні» алып, инс­титуттың директоры, академик Алек­сандров­қа бардым. Аптасына екі-ақ күн жұмысқа келетін директор сол күні жұмыста екен. Хат­шысынан рұқсат алып қабылдауына кіріп, мені әскерге дайындыққа шақырып жат­қанын айттым. Ол маған әскерге барсам, ас­пирантурадан қол үзетінімді айтты да, ЦК КПСС-тің әскери бөліміне телефон соғып, «мұн­да біздің аспирантымызды әскерге ша­қырып жатыр, біз оны қазір жібере алмаймыз. Аспирантураны бітірсін, сосын басы­бүтін алсаңдар да шаруамыз жоқ» деп телефонды жауып қойды. Шақыру қағазымды қо­лыма беріп «Енді мұны естелікке сақтап қой, саған әскери комиссариат тиіспейді, мәселеңді шештік» деді. Солайша, Қанекеңнің қамқорлығы арқасында КСРО Ғылым Академиясы Философия институты аспирантурасын ойдағыдай бітіріп, кандидаттық диссертация қорғап, елге оралдым. Мен келгенде Қазақ ССР ҒА президенті Д.Қонаев еді. Ал Қаныш Имантайұлының академиядан кетуіне сол тұстағы орталықтың «ғылымдағы ұлт­шылдықпен күресуі» себеп болған еді. Оны Алматыда қамамақ болғанда, Мәскеудегі достары шақырып, аман алып қалған.

Мен кеткенде елде философ ғалым жоқ еді, келсем екі кісі философиядан кандидат­тық диссертация қорғаған екен. Біріншісі, Мария Қожамұратова болса, екіншісі, «Жамбыл шығармашылығындағы патриотизм» деген тақырыпта диссертация қорғаған Қасым Бисембиев деген азамат екен. Ғылым академиясында 11 жыл қызмет істеген соң, 1964 жылы сол кездегі Қазақ политехникалық институтына, қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне ауысып, ол арада 40 жыл философия кафед­расының меңгерушісі қызметін атқардым. Сол жерде талай жетістікке жеттім.

Бізді ғылым жолында қолдаған Қаныш Имантайұлы, Димаш Ахметұлы секілді ұлы тұлғалар болғасын солардың атына сөз келтірмейік деп азаматтық намысымызды биік ұстауға тырыстық. 1986 жылғы 19 желтоқ­санда  біздің институтқа Соломенцев, Кольбин, Меңдібаев, Камалиденов тағы бір топ адам келді. Мен ол кезде кафедра меңгерушісі, партия мүшесімін. Жиналыс кешке болды, ректорат пен партия мүшелері қатысқан жиналыс. Біздің ректорымыз 15 минут баяндама жасап, институттың жағдайын айтты. Сосын бірінші болып мен шығып сөйледім. Содан бір күн бұрын қалалық партия комитетінде айтылған «Қазақ ұлтшылдығы» деген ұлтты айыптайтын жалалы сөз тарап, оны елдің бәрі есіткен еді. Өз сөзімде сол туралы сөз қозғап, халыққа олай кінә тағуға болмайтынын айттым. Сонда Соломенцев мені тоқтатып, алаң жақты қолымен нұсқап, «ана алаңда болған жағдайда ұлтшылдық жоғын қалай дәлелдейсің?» деді. Мен «оның себебін зерттеу керек. Қазақ ұлтшылдығы деу қателік» дедім. Кейін осындай сөзді академик Салық Зиманов, ақын Жұбан Молдағалиев те айтты. Сол сөзім үшін кейін Қазақстан Орта­лық комитеті жағынан қысым да жасалды. Шақырып алып, «баяғы сөзіңді қателесіп айт­тым деп мойында» деген де жағдайлар болды. Бірақ айтқан сөзімнен танып, өз пікі­рімді теріске шығарған жоқпын. Бір қызығы, З.Камалиденов маған деген көзқарасы дұрыс екенін білдіріп жүрді. Кейін көп уақыт өткеннен соң емханада кездесіп қалғаны­мызда менімен құшақтасып көрісті. Осы күнде ойлаймын, солар іштей болса да орта­лық­тың өктемдігіне қарсы болды-ау деп. Қанша дегенмен қазақ қой, өздері айта алмаған сөзді біздің айтқанымызға риза болған шығар. Басымыздан сондай қиын-қыстау жайлар өтсе де, азат елге айналға­ны­мызға тәуба деймін.

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ  ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ ДЕСЕК,

солардың қатарында Túrkistan саяси апталығының өз орны бар

– Ахмет Байтұрсыновтың айтқанындай, «га­зет халықтың көзі мен құлағы» ғой. Елі­міз­дің еркін елге айналып, тәуелсіз мемлекет атануына ұлттық баспасөздің әсері ерекше. Те­реңдей қарасақ, газет біздің ұлтты қа­лып­тастырған, өзге елдермен терезесін теңес­тіру­ге өлшеусіз зор үлес қосқан қазынамыз. Со­лардың қатарында Túrkistan  халықаралық саяси апталығының да лайықты орны бар. Túrkistan – тәуелсіздігіміздің жемісі, сондық­тан оның ширек ғасырлық жолы жаңа дәуір­дегі қазақ халқының жолы.

Түркістан деген сөздің мағынасы кең, ол тұтас Орталық Азияны білдіретін сөз. Сон­дықтан осынау қасиетті ұғымды өзіне ныспы қылған газеттің көтерер жүгі, атқарар міндеті аз болмаса керек.

Мен Túrkistan газетін алғашқы саны шық­қалы оқып келе жатқан оқырмандары­ның бірімін. Газет қазақтың рухани дүниесін байытуға мол үлес қосып келеді. Онда жария­ла­нып жататын тұлғалы ғалымдардың, жүй­рік саясаткерлердің, мықты әдебиетші­лер­дің, шебер журналистердің материалдары әр­дайым көпшілікке ой салып, өнеге береді.

Кейінгі жылдары  Túrkistan газеті  заманмен бірге түлеп, жаңа кеңістікке қол созып жат­қаны байқалады. Ол қуанышты жағдай жә­не оның бәрі ізденімпаз жастардың жеміс­ті еңбегінің көрінісі деп деп ойлаймын.

Елімізде болып жатқан оқиғаларға баға беру­де өз ұстанымы бар газеттің әрдайым шық­қан биігінен түспей, одан әрі көтеріле беруі­не тілек қосамын.

 

Әңгімені жазып алған

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

Алматы қаласы

Редакция таңдауы

Димаш Құдайберген сүйіктісі бар-жоғын айтты

Әлемге әйгілі әнші Димаштың жеке өмірі қызықты әрі құпия. Әншінің миллиондаған тыңдарманына «оның жүрегін жаулап алған кім ?» деген сұрақ қызықты, алайда әнші өз...

Генерал Б. Жанасаев: Елбасының сенімінен асқан жауапкершілік жоқ

Құқықтық тәртіп әскерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сенім артқан сардарлар аз емес. Олардың әр қайсысының өз орны бар. Десе де, өмірлік тәжірибесі бай, Елбасының сенімін...

Көреалмаушылықтың көрігін басу кімге керек?

Қай қоғамда болса да жиі айтылатын, жиі талқыға түсетін нәрсенің бірі − көреалмаушылық, яғни қызғаныш. Содан болар, өмірінде қызғаныштың құрбаны болғанын, көреалмаушылықтың кесірінен көп...

Ұлы көштің ұйытқысы

1 желтоқсан – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Ел тарихы үшін елеулі күн болғандықтан, Тәуелсіз мемлекетіміздің буынын бекітіп, қанатын қатайтқан Елбасының ерен еңбегін екшеп айтуымыз...
Жаңа туған сәбиін әжетханаға тастаған

Жаңа туған сәбиін әжетханаға тастаған қыз қамауға алынбайтын болды

Батыс Қазақстан облысында жаңа туған сәбидің өліміне кінәлі жас ана қамауға алынбайтын...

Динара Сәтжанның сәтсіз жарнамасы «қызыл аймақ» әкімдеріне ұпай әкелмеді

Белгілі журналист, блогер Динара Сәтжан жақында Өскемен қаласына барып, Instagram әлеуметтік желісіндегі...

«Үй алып берем» деп ақша алыпты

Мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйел ұсталды, деп...

Ұрланған 464 телефон табылды

Алматы қаласында полиция қызметкерлері жеке үйлерді тінту барысында ұрланған 464 мобилді құрылғыны...

Коронавируспен ауырған бір науқасты емдеуге неше теңге керек?

Коронавируспен ауырған бір науқасты  емдеу үшін 465 мың теңгеден 900 мың теңгеге...

Көп оқылды

Коронавирустың жаңа белгілері пайда болды

Коронавирус жұқтырған науқастардың бойындағы ауру белгілері денге қызбасының белгілеріне ұқсас болуы дұрыс диагноз қоюға кедергі келтіруде. Аталмыш белгілерді анықтаған Сингапур ғалымдары арнайы баяндама жасады....

Қазақ Тәуелсіздігіне – 25 жыл

2016 жылдың үлкен мерейтойы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Айтулы мерекеге республикамыздың түкпір-түкпірінде қызу дайындық жұмыстары жүргізілетіні бесенеден белгілі. Ал ақтөбеліктер егемендігіміздің ширек...

Ертеңнен бастап мас күйінде көлік жүргізгендер 10 жылға сотталады

Көлікті мас күйінде тізгіндеп, жол ережесін бұзғандар 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Президент осындай өзгеріс енгізілген заң жобасына бұған дейін қол қойған,...

Мемлекет басшысы коронавирустың екінші толқынына не себеп болғанын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев телевизиялық үндеуінде елде коронавирустың және пневмония дертінің өршуіне не себеп болғанын айтты.  «Коронавирус қаупіне байланысты пандемия басталғалы біз елдегі вирустың таралуына шектеу...