Аштықты да, соғысты да көрдім, тәуелсіздікке тәубә
Аштықты да, соғысты да көрдім, тәуелсіздікке тәубә
Кім-кімге де ұзақ өмір сүру маңызды шығар, бірақ уақытты босқа өткізбейтін, ғұмырының бар кезеңі талпынысқа толы жандардың өсу, жетістікке жету жолындағы жанқиярлық еңбегі әрдайым жас ұрпаққа өнеге боларына талас жоқ.
Бүгінде 95 жасқа келіп отырған белгілі философ ғалым, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі Досмұхамбет Кішібековпен әңгімелескенімізде бір ғасырға жуық қазақтың басынан өткен небір қиын кезеңдердің тірі куәгерлерімен сұхбаттасудың әрі қызық, әрі ауыр болатынын сезесің. Себебі, біз кітаптан оқыған не елден естіген ана бір замандағы қасіретті оқиғаларды көзімен көрген кісінің баяндауы өзгеше.
СОҒЫС ЖӘНЕ СОҒЫСТАН СОҢҒЫ ЖЫЛДАР
мені есейтіп, өмірден өз орнымды табуға әсер етті
– 1941 жылы өгей әкеміз әскерге алынып, Орел-Курск бағытындағы майданға түсіп, сол қанды қырғында хабарсыз кетті, ізінше 1942 жылы анамыз да дүние салды. Мені 1943 жылдың ақпанында армия қатарына шақырып, Шиелі әскери комиссариаты Ташкент жаяу әскер училищесіне аттандырды. Бірақ ол жердегілер жарты жылда менен взвод командирі шықпайды деп, Самарқан қаласындағы запастағы 365-атқыштар полкіне әскери қызметін өтеуге жіберді. Онда да көп тұрақтамай, 1943 жылдың шілдесінде Ашхабад қаласындағы VІІ атқыштар полкіне ауыстырылдым, алайда полкіміз қазан айында Моздок қаласына көшті. Одан Прохладный қаласына әскери қызметке ауыстырды. Ал 1944 жылдың наурызында Ростов облысы Зерноград қаласындағы ұшқыштар мектебіне қабылдандым. Сол жылы алғаш рет «УТ-2» ұшағымен көкке көтеріліп, 700 метр биіктіктен парашютпен түстім. Сырт көзге аса күрделі іс секілді көріне бермегенмен оның қиындығы өз алдына. Секірер алдында оң қолыңмен парашютті ашатын тұтқасынан ұстап алуың керек, өйткені аспаннан жерге құлдилағанда қолың кеудеңе жетпей қалады.
Адамның бәрі бірдей емес, ұшақтан парашютпен секіруге қорқып, оқудан қуылып кеткендер де болды. Ал мен ұшақтан жерге құлдилап, ерекше сезімді бастан кештім. Жоғарыдан жерге қараған керемет қой, шабыттанған мен парашютпен қалықтап келе жатып анамның айтуымен құлағыма сіңген халық әні «Япурайды» бар дауысыммен шырқадым. Кейін жерге түскен соң командиріміз «аспанда не деп айқайладың?» деп сұрағанда «анамды еске алып, одан үйренген әнді айттым» дедім.
Мектепте оқып жүрген кезімде-ақ орысшаны жақсы үйренгем, сабақты да жақсы оқығанмын. Сондықтан әскерде бірдеңені түсінбей, қинала қоймадым. Ұшқыштар мектебін 1945 жылы үздік бітіргесін, Кеңестер Одағының батыры А.К.Серов атындағы Батийск әскери-ұшқыштар училищесіне жолдама берді. Онда «Ла-5» әскери жойғыш ұшағымен ұшып, ұшқыштықтың қыр-сырын меңгердім. Ла-5 – шассиі жиналатын, жабық кабиналы кеңестік бір моторлы жойғыш ұшақ. Соғыс кезінде Ла – 5 ұшағының маңызы зор болды, негізінен жау ұшақтарын жоюға арналған бұл ұшақпен үш мәрте Кеңестер Одағының батыры атанған Иван Кожедуб, аяғынан айырылса да протезімен авиацияға қайта оралған Кеңес Одағының батыры Алексей Маресьев те әуеде фашист ұшақтарын қиратқан.
Мен де атақты ұшақпен аспанға талай көтеріліп, ұшу жаттығулары арқылы оны жақсы меңгердім. Бірақ біз майданға барамын дегенше соғыс бітіп қалды. Солай, 1946 жылдың 3 қаңтарында Мәскеудің Қазан вокзалы арқылы елге қайттым. Үстімде – жасыл шинель. Айтпақшы, бұл шинелдің өз тарихы бар. Соғыс біткен кезде Англия премьер-министрі У.Черчилдің әйелі осындай жеті жүздей жасыл шинель тіктіріп, оны кеңестік ұшқыштарға өз атынан сыйлаған екен. Оны атақты ұшқыштардан бөлек әр жердегі авиация училищелеріне де таратқан. Біздің училищеге жеткен бес-алты жасыл шинелдің бірі үздік курсант ретінде маған бұйырды. (Кейін сол шинелді Қызылордада оқып жүргенде Елеу Көшербаев, Дәуірхан Айдаровтай достармен бірге базарға апарып, бір орыс жігітіне 700 рубльге сатып жібергенбіз).
Сонымен Қазан вокзалына келсем, іші-сырты толған әскерилер. Бәрі еліне қайтқалы жүр. Ішке кіру мүмкін емес. Үстімде жасыл шинель, оған советтің погоны тағылған, вокзалдың алдында ары-бері жүргенімде қолдарында автоматы бар екі жігіт маған келіп «Қазақсың ба?» деді. «Иә» дедім. «Қайда барасың?» «Қызылордаға». Билетің бар ма?» «Жоқ». «Онда бізбен бірге жүр, бізге билеттің керегі жоқ, кез келген пойызға отырамыз да кете береміз» деп мені қастарына ертіп алды. Арнаулы тапсырмамен Пензаға кетіп бара жатқан әскери қазақ жігіттері. Бір кезде пойыз келді. Жүрген кезде екеуі бір вагонның тепкішегіне мініп, мені орталарына алды. Пойыз кішкене жүргеннен кейін вагонның терезесін автоматының дүмімен ұрды. Оларды көрген жолсерік есікті ашып, біз тамбурға кірдік. Сөйтіп үшеуміз Пензаға дейін бірге келдік. Ол жерден түскесін маған билет әперуге кассаға апарып еді, касса жабық болып шықты. Сосын олар кассаның есігін ұрып, іштен шыққан адамға маған билет керек екенін айтып, қолма-қол билет жасатып берді. Өздері сол арада қалды. Сол кезде жас болғандықтан ба, бауырына тартып қамқорлық көрсеткен сол екі қазақтың аты-жөнін, қай жақтан екенін сұрамаппын.
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ – ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ ДЕСЕК,
Солардың қатарында Túrkistan саяси апталығының өз орны бар
– Ахмет Байтұрсыновтың айтқанындай, «газет халықтың көзі мен құлағы» ғой. Еліміздің еркін елге айналып, тәуелсіз мемлекет атануына ұлттық баспасөздің әсері ерекше. Тереңдей қарасақ, газет біздің ұлтты қалыптастырған, өзге елдермен терезесін теңестіруге өлшеусіз зор үлес қосқан қазынамыз. Солардың қатарында Túrkistan халықаралық саяси апталығының да лайықты орны бар. Túrkistan – тәуелсіздігіміздің жемісі, сондықтан оның ширек ғасырлық жолы жаңа дәуірдегі қазақ халқының жолы.
Түркістан деген сөздің мағынасы кең, ол тұтас Орталық Азияны білдіретін сөз. Сондықтан осынау қасиетті ұғымды өзіне ныспы қылған газеттің көтерер жүгі, атқарар міндеті аз болмаса керек.
Мен Túrkistan газетін алғашқы саны шыққалы оқып келе жатқан оқырмандарының бірімін. Газет қазақтың рухани дүниесін байытуға мол үлес қосып келеді. Онда жарияланып жататын тұлғалы ғалымдардың, жүйрік саясаткерлердің, мықты әдебиетшілердің, шебер журналистердің материалдары әрдайым көпшілікке ой салып, өнеге береді.
Кейінгі жылдары Túrkistan газеті заманмен бірге түлеп, жаңа кеңістікке қол созып жатқаны байқалады. Ол қуанышты жағдай және оның бәрі ізденімпаз жастардың жемісті еңбегінің көрінісі деп деп ойлаймын.
Елімізде болып жатқан оқиғаларға баға беруде өз ұстанымы бар газеттің әрдайым шыққан биігінен түспей, одан әрі көтеріле беруіне тілек қосамын.
Әңгімені жазып алған
Ахмет ӨМІРЗАҚ,
Алматы қаласы